№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СҰРАНЫСҚА САЙ ӨТІМДІ ӨНІМ ШЫҒАРУДА

СҰРАНЫСҚА САЙ ӨТІМДІ ӨНІМ ШЫҒАРУДА


Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударуда. Жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл дегеніміз – өңір экономикасының өркендеуіне мол септігін тигізеді. Аудан бойынша жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған жан жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып бизнесін бастауда.
Оған қоса, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға көптеген қолдау көрсетілуде. Оның айқын дәлелі, биыл Сыр өңірінде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» ретінде жарияланды.
Осы тұста, мемлекет қолдауына ие болып, кәсібін дөңгелетіп отырған іскер азаматтың бірі – Тұрғанбек Рыспанбетов. Ол – 2015 жылы мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген демеу қаржы алып, құрылыс материалдарын шығаруды қолға алды. Жаңақорғанда құрылыс материалдарына қажетті түрлі фракциялы қиыршақ тас, құмды тас қоспасы, жуылған құмға қолжетімділікті ескере отырып, қабырғалық блок өнімін (шлакаблок) құюды бастайды. Өйткені, бүгінде тұрғындар үй құрылысы мен ауланы қоршауға кесектен гөрі, осы шлакоблок өнімін көп қолдануда. Осылайша жеңілдетілген қаржыға шлакоблок құятын аппарат, еуроқұрылғы, қоспаны араластырғыш (миксер) секілді заманауи жабдықтарды алады. Қазіргі таңда күніне 500-600 дана қабырғалық блок құютын Тұрғанбек Рыспанбетовтың шаруасы ширақ. Тірлігі тиянақты.
– Бүгінгі қоғамда бұл өнімге сұраныс жоғары. Оған қоса, ауданда құрылыс саласы жақсы дамып келеді. Сала қарқынды дамыған аймақта жалпы экономиканың барлық саласындағы кәсіпкерліктің де өркен жайып отырғанын аңғаруға болады. Әсіресе, көктем мезгілі басталғалы тұрғын үй соғу науқаны қарқын алды. Тұрғындар тарапынан шлакоблок өніміне сұраныс жоғары. Сұранысқа сай сапалы құрылыс материалын шығару – біздің басты ұстаным. Күндігіне 500-600 дана шлакоблок құйып, 85 теңгеден сатудамыз. Алдағы уақытта тағы да мемлекет қолдауы аясында кәсіпті кеңейту жоспарда бар, – деген кәсіпкер сөз арасында жұмысшыға зәру екенін жасырмады.
Кәсіп иесінің айтуынша, қасына серік болатын жұмысшы тапшы. Жастар жағы жұмыстың ауыртпалығын желеу етіп, 10-15 күн ғана еңбек етіп, ақшасын алғаннан кейін қайта оралмайды екен. Ал, аға буын өкілі «денсаулығым жарамайды» деп, жақындамайтын көрінеді.
Мойындау керек масылдықтың масқара нышандары біздің қоғамда да кездесіп қалады. Әсіресе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тамырланып, «өркен» жайып, бертінге ілесіп жетті. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда ауыл мен қаланы қосарлай қамтыған жаппай жұмыссыздық белең алған тұста тепсе темір үзетін жастар қол қусырып отырып қалды. Әке-шешесінің мардымсыз зейнетақысын таласып-тырмысып талғажау еткендердің қатары біразға дейін сейілмей қойды. Өкініштісі, сол үлкен «әскердің» бір бөлігі бүгінгі күнге жетті. Абайдың тілімен айтқанда: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» демекші, мемлекет неге маған жұмыс тауып бермейді дейтіндер бар қоғамда.
– Негізі жұмыс жоқ деген бекер әңгіме. Жастар бар, бірақ олар бұл жұмысқа жақындағысы келмейді. Жайлы орынға жайғасып, кабинетте отырғысы келеді. Қасыма көмекші ретінде қаншама адамды жұмысқа алдым. Алайда тұрақты, еңбекқор адам кездеспей жатыр. Яғни, бейнет етпей, зейнетін көргісі келетіндер көп. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс көп, жұмысшы жоқ, – дейді Тұрғанбек Рыспанбетов.
Сондай-ақ, құрылыс материалынан бөлек, кәсіпкердің ұлы Самат үй ауласындағы шағын шеберханасында пластиктен есік-терезе жасап, отбасылық кәсіпті өркендетіп отыр. Әрі тұрақты тұтынушылары да қалыптасқан. Алып-сатарлықтан гөрі, өнім өндіруге ден қойған Рыспанбетовтер отбасы «қимылдағанның қыр асатынын» өмірлік ұстаным етеді. Иә, Елбасы Жолдауында: «Шағын бизнес – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» делінген. Ендігі кезекте әкесі мен ұлы отбасылық кәсіпті дамыта отырып, келешекте шығарып жатқан өнім көлемін кеңейтпек ниетте. Бұл үшін тағы да мемлекет қолдауына жүгінетінін тілге тиек етті.

Әбдісамат ӘБДІШ.
17 сәуір 2018 ж. 1 489 0