Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Таби,ат байлығы тасада қалмасын

Таби,ат байлығы тасада қалмасын


Орман – елдің байлығы. Оның әрбір талы мен топырағын, жотасы мен атырабын, аң-құсын қорғап, келешекке мұра етіп қалдыру адамзатқа аманат. Сондықтан табиғатты талан-таражға түсірмей, тал шыбықтан тамырына балта шаппай, көздің қарашығындай қорғау елге парыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр. Келесі жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды. Оның үстіне, бес жыл ішінде орман қорын еселеп молайту туралы тапсырмасы да бар. 2 млрд-тан аса ағаш көшетін отырғызу жүзеге асып, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз осы тақырыпта аудандағы ахуалды зерделеп, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша сөз өрбіттік. Өйткені, бұл тақырып қоғамда үлкен мәселеге айналды.
Алдымен Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Мұхамеджан Рүстемовке жолығып, биылғы жылды қорытындысы туралы айтып беруін өтіндік.
Қазір мекеменің орман қоры жері 791 579 гектарды құраса, ішіндегі орманмен қамтылған аумақ 542 579 гектарды құрайды. Олар 4 санатқа бөлінген, яғни, Жаңақорған, Ақтас, Түркістан және Төменарық аймағы болып аталады. Осы орманды күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарымен мекемеде 100 қызметкер айналысады.
– Бекітілген жоспарға сәйкес орман көлемін арттыру бағытында көктемде “Ордакент” уақытша тұқымбағының мектеп бөліміне 0,2 гектар жерге тал, жидек, терек ағаштары қаламшадан егіліп, осындай аумаққа үйеңкі, сәнағаш, қарағаш, айлант ағаштарының тұқымынан себілді. Шығымдылығы қанағаттанарлық. 2022 жылдың күзінде ұйым¬дастырылған сексеуіл тұқымбағындағы 20 гектар жерге себілген қара сексеуілдің шығымдығы 25 пайызды құрап, күзгі санақ қорытындысына сәйкес, 1 млн 500 мың дана сексеуіл көшеті бар. Жалпы орман тұқымбақ бөлімінде күзгі санақ нәтижесінде 1 млн 711 мың данадан аса ағаш көшеті бар.
2021-2025 жылдар аралығында 1 млрд 100 мың көшет отырғызу жоспары бекітілген. Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы құм көшу процесін тежеу мақсатында сексеуіл көшеттері жөнелтілді. 1 млн 300 мың сексеуіл көшеті мен 17 тонна қарабарақ тұқымы межелі аумаққа жіберілді.
– Бүгінгі таңда орман даласында өрт мәселесі ең өзекті тақырып болып тұр. Бұл бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Облыс аумағындағы орман және өрттің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәй¬кес, аудан көлеміндегі шаруашылықтар жерлерінде және мемлекеттік орманды алқаптарда дайын-дық жұмыстары жүргізілді. 26 дана ескерту хаты таратылып, 114 шақырымға жаңадан өрт жолақтарын жүргізу, 228 шақырымда ескі өрт жолақтарын қалпына келтіру, 110 дана аншлагтың бетін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Тауар өндірушілерге 520 дана ескертпе плакаттар таратылып, 50-ге тарта түсіндірме жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, Түркістан облысы мен Жаңақорған аудандық төтенше жағдайлар бө¬лімі бірлесе отырып 2 рет өрт тактикалық жаттығу пысықталды. Мекемеде 2 дана өрт сөндіру автокөлігі мен 8 тұрақты өрт сөндіруші қызмет атқарады. Бір қуантарлығы, жыл басынан бері орман өрті тіркелмеді.
41 рет рейдтік шара жүргізіліп, 24 заң бұзушылық орын алды. Әкімшілік айыппұл салынып, толғымен өндірілді. Оның ішінде, аң аулау талаптарын, орман заңдылығын бұзған деректер бар. Шыны керек, біздегі әрбір қызметкердің өзіне жүктелген міндеті бар, олар дала табиғатына төселген мамандар. Дегенмен соған қарамастан заңсыздық тыйылар емес.
– Материалдық-техникалық базаларың¬ыз¬дың әлеуеті қандай?
– Бүгінгі күні мекеменің материалдық-техникалық базасының қамтамасыз етілу көрсеткіші 90,9 пайызды құрайды. Биыл “Лотонг-1” қытай тракторы, 10 дана мотоцикл, 45 дана рация және облыстық бюджеттен жаңа қызметтік автокөлік алынды. Сонымен қатар, тағы да мекемеге қажетті құрал-жабдықтарға ұсыныс беріліп, жеткізілуін күтіп отырмыз. Жалпы мекеменің базасында өрт жағдайына қарсы, аң-құсты қадағалауға және ағаштарды заңсыз кесудің алдын алуға бағытталған техникалар бар. Біз үнемі бақылауда боламыз, маусымдық кезең демей, қысы-жазы дала табиғатын күзетумен келеміз. Міндетіміз күзетіп ғана қоймай, орман қорын молайтып, жан-жануарлардың басын өсіру. Барлығы қайта қалпына келуде, тек жұмысты жүйелі ұйымдастыруды жақ¬сы қолға алудамыз. Жануарлар дүниесі бойынша биотехникалық жұмыстар жиі жүргізіп тұрамыз.
– Өзекті деген тағы бір мәселе бар, ол көлдегі заң бұзушылықтар. Сол бойынша тоқтала кетсеңіз.
– Аудан бойынша барлығы 26 көл болса, соның 23-нің иесі бар, тек 3-еуі ғана иесіз. Олар – Шұқырой, Сауса және Надувной көлі. Бұл көлдерді де табиғат пайдаланушыларына беру үшін ауылшаруашылығы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Иә, заң бұзушылықтар орын алатыны белгілі. Әр көлдің иелері заң бұзғандарға шара қолданып келеді. Оның ішінде, құстарды рұқсатсыз ату, балықтарды мезгілсіз, әрі тоқпен ұру секілді заңсыздықтар бар. Оның барлығы орман және құқық қорғау қызметкерлері және көл иелерінің қатаң бақылауында тұрған мәселелер. Сондай-ақ, биыл күріш маусымы аяқталғаннан кейін шабақ құтқару дәстүрі жалғасып келеді. Биыл 826 мың дана балық шабақтары құтқарылды. Міне, көлдерге байланысты жұмыстар осылай жүйеленуде.
– Соңғы сауал болсын, алдағы міндеттерге тоқталсаңыз.
– Ең алдымен орман қоры жерін қорғау, сақтау жұмыстарын ұйымдастыру. Қарабарақ бұтасының, сексеуіл тұқымын жинап, Аралдың құрғаған ұлтанына жөнелту жұмысы жоспарда. Резервте тұрған аңшылық алқаптар және балық шаруашылығы маңызы бар су айдындарын қорғауды ұйымдастыру және үнемі бақылауға алу. Мекемеге ақылы қызметтерден түсетін қаражат көзін қарастыру. Жалпы айтқанда, табиғат байлығы қорын молайтып, әрбір тіршілік иесіне қатаң бақылау жасауды жалғастыра беруіміз керек. Табиғат байлығы тасада қалып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі керек, – дейді ол.
Түйіндей айтқанда, экологиялық мәселелер, оның ішінде орман, дала заңдарына бағытталған бағдар айқындалып, оны қорғап-қадағалауды аса қажет етеді. Бұл тек бір мекеме қызметкерлерінің міндеті деп қабылдамауымыз керек. Бұл елдің ортақ мүддесі, ертеңгі ұрпаққа қалдырылатын мирас. Сондықтан, әрбір дала байлығы баршамыздың қарауымызда, һәм қорғауымызда болуы шарт.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
07 қаңтар 2024 ж. 304 0