Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кәсіпкерлік: Мобильді ақша аударымынан неге бас тартты

Кәсіпкерлік: Мобильді ақша аударымынан неге бас тартты



Президент пәрменімен кәсіпкерлік саласында үш жыл бойы мораторий жарияланып, бизнес өкілдері салықтан босатылған еді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, енді 2024 жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий алынып тасталды. Міне, осы хабардан соң, ірі сауда орындары мен шағын кәсіпкерлердің көбі онлайн ақша аударым қызметінен бас тартып, қағаз ақшамен қызмет етуге көшті. Аяқ асты құбылған қызметтің астарында қандай мән бар? Онлайн ақша аударымға үйреніп қалған халықтың құқығын кім қорғайды? Көпшілікті толғандырған мәселенің тереңіне үңіліп көрген едік.
                                                        ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, КӘСІПКЕР?
Қаңтар айы басталғалы дүкендерде «Каспий голд жоқ» деген жазу ілініп, мобильді ақша айналымынан бас тартып шыға келді. Көптен бері цифрлы қоғамның қызығын көріп қалған халық банкомат алдында сағаттап кезек күтіп, ақша шешіп алып жүр. Қолыңда қағаз ақша болмаса күнделікті тұтынатын азық-түлік алу мұңға айналды. Осындай көріністер елімізде жаппай орын алып, әлеуметтік желіде көпшілік мұның келеңсіздігін сөз ете бастады. «Мобильді ақша аударымнан салық ұсталады» деген қауесет те қарқынды жүруде. Біз осы мәселені басты назарға алып, жауапты мамандармен пікірлесіп, еліміздегі экономикалық жаңалықтарды талдап көрген едік.
Жасыратыны жоқ, Сыр өңірінде Жаңақорған ауданы әлеуметтікэкономикалық даму динамикасы бойынша көшбасшы ауданның бірі. Ауданның әрбір жылдық көрсеткішін салыстырмалы түрде талдай отырып, оның пайыздық дәрежесі тым жоғары екені де байқалады. Десек те, дәйек пен деректердің астарында кәсіпкерлік нысандардың табысында күмән мен күдік көп, салықтан жалтарудың түрлі тәсіліне көшіп, салық мөлшерін арттырмай тұрғаны ақиқат. Неге дейсіз бе, ауданға мол инвестиция мен кәсіпкерлік бағытта мемлекеттік гранттар берілсе де баяғы жартас сол жартас. Кәсіп иелері орташа табысын нақты көрсетпей, цифрларды жасыруынан ортақ қазандығымыз молаймай тұр. Алдымен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевқа сауал жолдаған едік.

– 2024 жылдың 1 қаңтарында тіркелген кәсіпкерлік субъектісі – 6525, 1194 шаруақожалық, оның 725-і заңды тұлға, 514-і жеке кәсіпкер. Ондағы белсенді субъекті саны – 5181. Кәсіпкерлік субъектілерінде 7741 адам жұмыспен қамтылып отыр, – дейді ол. Кәсіпкерлердің жеке-жеке мақсат-межесіне мән беріп, табыс мөлшерін нақтылап жатқан адам жоқтай. Халықты жұмыспен қамтып, айлық табысын нақты көрсетіп жатқан – әк өндіру, тас ұнтақтау және күкірт қышқыл зауыты сынды мекемелерді үлгі етуге болар. Ал көпшілік жағдайда кәсіпкерлік саласындағы толып жатқан мәселелерге жанашырлықпен қарау, кәсіпкерлерді сүйемелдеп, әдістемелік бағыт-бағдар көрсету жағы кемшін екенін ұқтық. Қарамағындағы жұмысшылардың санын көрсетпей, оларға қолма-қол айлық төлеп жүрген кәсіп иелерін нақты айту да қиын. Көлеңкелі экономиканың бір көрінісі – чек аппаратының болмауы көп түйіткілге себеп болып тұр.

Бұл туралы Мансап орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков не дейді?

Орталық директорының мәліметінше, аудан бойынша өткен жылы барлық қаржы көздерінен 230 жобаға 1 млрд 599 млн теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілген. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 100,6 млн теңгені құрайтын 73 жоба грант жеңіп алса, 131 жобаға 1 млрд 200 млн теңгенің несиесі берілді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алуға 3 млрд.400 млн теңгені құрайтын 505 жоба іріктелді. Ал бөлшек сауда көлемі 3 млрд 405 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 111,9 пайызды құрады, – дейді орталық директоры.
Осыншама жұмыс атқарылса да, әлі күнге дейін салық төлеушілердің мәртебесі мен міндеттемелері үлкен сұрақ күйінше қалып отырғандай.                                            САЛЫҚ КОМИТЕТІ САҚТЫҚПЕН ӘРЕКЕТ ЕТЕ БАСТАЙДЫ
Мемлекеттік кірістер басқармасының аудандық филиалының бөлім меңгерушісі Талғат Мұстафаевтың бүгінгі күннің өзекті мәселесі төңірегінде пікірі кәсіпкерлік субъектілері бойынша аудан бюджетіне түсімді талдағанда көрінді. Мемлекеттік кірістер басқармасы 2023 жылы жеке азаматтардың онлайн ақша айналымына зерделеу жұмысын жасап, жауапты комитетке банктерден банктік шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы мәліметтер түсе бастағанын мәлімдеді. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілерін айқындау өлшемшарты жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын әр түрлі тұлғалардан жеке банктік шотқа 100-ден астам аударым алуы күдік ұялататын жәйт. Демек, кәсіпкерлер онлайн сауда айналымын жыл басынан жасырғанынан ештеңе ұтпайды. Өткен жылдағы онлайн ақша айналымы қауыт жүргізген азаматтарға жергілікті комитет өкілдері сұрау салатын болады. Ақша айналымның көлеміне сай, он пайыз салық мөлшерлемесін төлеуге міндеттеледі. Егерде жауапты тұлға бас тартса, сот арқылы өндірілетінін түсіндірді.
Бұдан былай, ақпарат банктерден кезең-кезеңмен беріледі.
Біріншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша деректер топтастырылып, сараптамадан өтеді.
Екіншіден, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша деректер бақылауда болады.
Үшіншіден, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша ақша айналымы анықталады.
Төртіншіден, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша деректер басты назарда болады.

– Бүгінгі дейін ақпарат тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша алынды. Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталғанына назар аударамыз. Ашығын айту керек, жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады (туыстарына, достарына аударымдар, атааналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша). Қарапайым халықтың онлайн ақша аударымына кәсіпкерлердің тыйым салуы құқық бұзушылық деуге болады, – деді бөлім меңгерушісі.

                                         КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСПЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ

Ал, премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақстандықтардың қандай ұялы аударымдарына салық салынатынын түсіндірді. Оның сөзінше, қазір банктермен апробация, пилоттық жоба жүріп жатыр. «Үкімет үш ай ішінде бір карта бойынша 100 аударым критерийін қойған. Бұл критерийлер шартты түрде емес, аударымдар цифры бұл көрсеткіштен аз немесе көп болуы мүмкін. Десе де жаңа түзетулер кәсіпкерлік қызмет сипатына ие мобильді аударымдарға салық салуға бағытталғанын ескерген жөн» деген пікірін білдірді.
Басты мақсат – жиі жүргізілетін аударымдарды фискализациялау ісі басталды. «Бұл үшін арнайы картаны, арнайы шотты ашыңыз және қалағаныңызша аударымдар жасай аласыз. Кәсіпкерлік қызметтің белгілі бір түріне тіркеліп, салық төлеңіз. Көлеңкеде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды осыған әкеліп жатырмыз», – деді Ерұлан Жамаубаев журналистерге берген брифингінде.
ТҮЙІН. Ашығын айту керек, біздің кәсіпкерлер көлеңкелі бизнестің дәмін татып, қыруар пайдадан қағылмауды дағдыға айналдырғалы қашан?! «Бай болсам, байи түссем, қалтам қаржыға тола түссе» деген ниеттен танбай, халықтың қақын жеуге арланбайды. Қойдан жуас қазақ табиғатын терең ұққан әккілер онлайн ақша аудару құқын таптап тұр емес пе?! Енді осындай арампиғылды азаматтарға тәртіп күшейтіліп, көлеңкелі кәсіпкерліктің жолын кесіп, халықтың несібесін арттырып, ортақ қаржы қазандығымыз молаймақ. Бір сөзбен шегелесек, салық түсімі артпай, ел өркендемейді. Ал, салықтан жалтарып жатқандарды ел болып біріккенде ғана жеңетініміз ақиқат.

                                                                                                                                        Мақпал МАРҚАБАЙ

31 қаңтар 2024 ж. 306 0