№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шетел өнімінен өзіміздікі артық

Шетел өнімінен өзіміздікі артық


«Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық» демекші, өзіміздікін өзекке теуіп,өзгені зор көретін әдетіміз. Жаңақорғанда жылы жай кешені мен тұқымбақ өсіруді жүйелеп қолға алған бағбан Амантай Сарбасовты жұртшылық жақсы біледі. Ағамыздың осы кәсібіне көмек қолын созамыз деген шенділердің көбі кейіннен сөздерін ұмытатын көрінеді.


Ағаш отырғызу, жылыжай салуға бұл аймақтың жері жарамсыз деп танылғанына қарамастан, тақыр жерден жайқалған жасыл желек жасауға болатынын дәлелдеген бұл кісі 2015 жылдан бастап осы кәсібін өрістетуге бар күшін сарқып келеді. Ағаш өсіріп, жерімізді көркейтуге өз үлесін қосып отырған осындай кәсіп иелеріне неге жеткілікті дәрежеде қолдау берілмейді?
Ағамыздың бағында алманың 20 сорты, өрік, шие, шабдалы, жүзім сынды жеміс-жидектермен қоса павлония, грек жаңғағы, миндаль, бамбукты сырттан әкеліп, біздің топыраққа жерсіндіргені таң қалдырды. Өз қалтасынан қаражат шығарып, аудан бойынша алдыңғы орында тұрған тұқымбақтың қазіргі жағдайымен таныстық.
– Күзде еккен тұқымды баладай әлпештеп, жаз шыққанша жақсы өнім бергенін тілейсің. Тамыз айында будандастыру жүргізіледі. Қазір алма, өрік сынды жемістердің дәнегін егіп, алмаларды қырқып жатырмыз. Бірақ қазір күн суытуына байланысты жұмыс тоқтап тұр. Себебі – 10 градустан асса қырқуға болмайды. Бұтақтың қай жерінен кесу және қай мерзімде кесу керек деген сияқты өзіндік құпиялары бар. Тамызда көшетті будандастырамыз, қай жеміс азайып бара жатса, соны будандастыру арқылы, сапасы артады. Мәселен, алма мен алмұртты будандастырамыз. Сонда алмұрттың қасиетін бойына сіңірген алма тыңая түседі. Өмір сүру жасын да ұзартатын болады. Тіпті салып тұрған өрікке алманы будандастырсақ бір жеміс талында екі жеміс тұқым салатын жағдай да кездеседі. Әрине, оған жұмыс қолы мен арнайы күтім керек, – дейді бағбан.
Сондай-ақ кәсіпкер өзінің бағында өскен жемістерден шырын жасайтын цех ашу ниеті барын да көптен айтып жүр екен. Дегенмен осындай табиғи өнімдерді шығаруды демеп жіберер көмектің болмай тұрғаны да қынжылтады.
Тұқымбақтың жайы осылай. Ал салынуына қыруар қаржы кеткен жылыжайдың жағдайы қалай?
Бағбан жылыжай құрылысынан бөлек, суару жүйесі, еңбеккерлер ақысы, тыңайтқыштар бағасы қалтаға ауыр болса да, кәсібінің көкжиегін кеңейтуге барынша тырысып келеді екен. Жылыжайда фильтрленбеген таза суды пайдаланып, 26 келілік қауын шығарып, 400-500 грамдық алма алып отырған бағбан судың жеткіліксіздігін тілге тиек етті. Көктемге дейін құдық қазу керектігін де алға тартты.
– Жылыжайды баптау үшін тәжірибе керек. Осы саланы толық меңгеріп, білім мен білік ұштасқанда ғана нәтижелі жемісін көреміз. Жылыжайдан өнім алу кез келгеннің қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Асқан сабыр, көп күтім керек. Ең бастысы, білікті маманның болуы. Біздің ауданда дайын мамандар жоқтың қасы. 2009 жылдан бері алғашында өзге өңірден маман алдырып, тәжірибесімен бөліссек, кейіннен өзіміз кәсіби бағбандар дайындай бастадық. Сол еңбектің нәтижесінде қазір жылыжайда жақсы өнім алып отырмыз деп айта аламын. Жылына екі рет өнім алып, сұранысқа қарай жан-жаққа жіберіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Қиярдан 42-45 күнде, қызанақтан 100-120 күнде өнім алып отырған ағамыз әлі де жылыжайдағы өнімді арттыру ойында бар екенін айтты. Дегенмен қазіргі уақытта жылыжайдың жабдықталуында кемшін тұстары бар екенін жасырмады. Мана біз келгенде сол кем-кетіктің қамымен кетіп бара жатқанын айтқан болатын.
Кәсібіне адал кәсіпкер жылыжай өсіруде, жалпы үй жағдайында өнім алам деушілерден де ақыл-кеңесін аямайтын көрінеді. Импорт өнімдерге тәуелді болғаннан гөрі, өз жерімізден, өз топырағымыздан шыққан таза, табиғи өнімді тұтынғанға не жетсін. Осы бағытта кәсіп иелеріне барынша мемлекет тарапынан, инвесторлар тарапынан қолдау болса, кәсіп көкжиегі мұнан да артар еді.

Рауза ӘЗІЛХАН
12 желтоқсан 2023 ж. 190 0