№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жүрек қуаты – адалдықта

Жүрек қуаты – адалдықта


Қоғамды алға бастыруда, жас ұрпақты ізгілік пен мейірімділікке баулуда әйел-аналардың ролі өте жоғары. Осы орайда өмір көрген, тіршіліктің ащысы мен тұщысын бірдей татып, тағдырдың қандай тартуы болсын табандылықпен қарсы алып, ғажайып жетістіктерге қол жеткізе алған болмыс иелерін төрге шығарып, үлгі еткіміз келетіні рас.


Кез келген өрелі азамат өткенін ұлықтайды. Өзің шыр етіп дүниеге келген жергөгіңнің иісі мұрныңа келіп, іздерің қалған табан жолыңа қайрылып көз тастағанда санаға өшпестей орныққан қасиетті өмір өрнектері көз алдыңа келіп тұра қалса, яғни сенің өміріңнің текке өтпегені. Біз әңгімелегелі отырған Роза Ыдырысқызын осындай тұлғалар қатарына қосуға болады.
Ол Бірлік ауылындағы №55 орта мектебін үздік бітірген соң жүрек қалауымен Қызылорда қаласында­ғы Н.Гоголь атындағы пединститут­тың математика факультетіне оқуға түседі. 1986 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң Қандөз ауылындағы мек­тепке жолдамамен жіберіледі. Сөй­тіп Қанаева Жанар деген қыз екеуі ал­дымен мектептің басшысының кабинетіне кірді. Мектеп директоры Қарлығаш Бекмұхамедова деген кісі екен, бұларды қуана қарсы алды. Бұл екеуі ауылдағы Әсем деген апаның үйіне жатып жұмыс істейтін болды. Маманға тапшылық туып тұр екен, екеуі үйіп-төгіп жүктемесін алып, жұмысқа қызу кірісіп кеткен. Мамандығын сүйіп тұрғанмен жағдай кем, бірінші тоқсаннан соң аудан орталығына ауыссам ба екен деген ниет те жоқ емес, жас қыздарға көшелері қара лайға малшынған Қандөзді жерсініп кету де оңайға соқпады. Осы күндері тарихтан сабақ беретін Айсұлу Пазылова деген жас маман да осы қыздардың қатарына кеп қосылды. Қарашаның суық күнінің бірінде алты сабақтан кештетіп шығып, тас қараңғыда келе жатқан мұғалима қыз Розаны сыртынан ұнатып, бұған дейін көз тігіп жүрген Қандөздің жігіті Жұмабай қарашаңыраққа келін қып апарып түсіріп, жас арудың жоспарының барлығы басқаша бағыт түзді. Енесі Дәметкен деген кісі Нартайдың сүйегі екен. Домбырамен ән айтатын, қара сөзге келгенде суырып салма жорғалығы да жоқ емес, кең пішілген келбеті бар келісті кісі екен. Бұған дейін отбасында алған тәрбиесі өз алдына, енді осы жанның қабағына қарап, қолынан бейнетін алып, көңілінен шығуды басты мақсат етіп қойды.
Сөйтіп, Қандөз ауылындағы №240 мектебінде математика пәні мұғалімі, ал 2000 жылдардан бас­тап оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 2013 жылы көрші ауылдағы мектеп директоры лауазымына конкурсқа түсіп №229 «Абызтөбе» орта мектебіне директор болып тағайындалды. Екі жылдан соң Қандөз ауылына әкімдік қызметіне түсуге бұған таңдау түсіп тұрғындар қолдауымен ауылда әкім болып төрт жыл қызмет атқарды. 2021 жылдан бастап Роза Исаева аудан әкімінің әйелдер ісі, отбасы және гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі болып қызмет атқарып келеді.
Ол осы еңбек жолдарында екі рет Президенттің Алғыс хатымен, «Лидер образования» төсбелгісімен, облыстық білім басқармасының және аудандық білім бөлімі басшылығы­ның Мақтау грамоталарымен марапатталыпты.
Мектепте мұғалімдік қызметінен бастап «Нұр Отанның», қазірде «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі. Отбасында ері Исабеков Жұмабай екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. «Күміс алқа» иегері.
– Қазіргі қызметіңізде аудан көлемінде әйел-аналармен атқаратын жұмысыңыздың функциясы қандай? Қоғамнан көмек-қолдауды сезініп отырасыз ба? Қандай кедергі-қиындықтар бар?
– Менің жұмысым тікелей отбасы, әйел-аналармен қатысты болғандықтан алдыма жағдай айтып, көмек сұрап келетін нәзікжандылар аз емес. Оларға консультативті көмек беру арқылы да келешегіне жөн-жоба нұсқап, тірек болуға барымды салып келемін. Көмек-қолдау күткендерге демеуші тараптармен тікелей қа­рым-қатынас орнатып, жәрдем бе­руге тырысамын. Қолы қысқа жандарға киім-кешек, азық-түліктен қарасуға құзіретімді пайдаланып, елдің жанашыр, жайсаң жанды азаматтарына қолқа салып болсын қамқорлық көрсетуден еш талған емеспін.
Екінші, моральдық жағынан да кемдік көріп, кеудесі басылып жүрген әйел-азаматтар ішіндегі мұңын-сырын бөлісіп, көмектесуімді сұрап келіп жатады. Сені бел тұтып, басындағы ауыртпалығын бөлісіп келіп отырған жанға көмектесуді міндет деп түсінемін. Күні кешелері Жалағаш ауылына барып, отбасымен ренжісіп үш баласымен төркініне кетіп қалған келінімізді жанұясына алып келдік. Арағайындыққа түсіп, ата-анасының алдынан өткенде олардың бізге қойып отырған шарты бар. Жұмысқа тұрғызып беруім керек. Күйеуі де жұмыссыз, о баста кикілжіңнің шығу себебі де осы, отбасындағы жетіспеушіліктен.
Қоғамдық өмірде де қайырым­дылық шараларға көп қатысамын. «Мектепке жол» акциясына да шама-шарқымша атсалысамын. Қолы қысқа отбасылар, жалғызілікті жандарға жеке өз тарапымнан көмек беруге тырысып келемін, – дейді ол.
Роза Исаева ауылда әкім болып жүрген кезінде де отбасылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, қыз-келіншектерге аналық кеңесін беруден жалықпағанын айтады елдегілер. Бірде балабақшада тәрбиеші болып істейтін келіншек жұмысын тастап, екі бірдей ұлын алып төркініне кеткенде соңынан іздеушісі болып барып, жанұясына қайта қосыпты.
– Мен осындай келіншектерге ақыл-кеңес бергенде өз енемнің өсиеттері ойыма оралады», дейді. Роза апайымыз. «Күйеуден көрген қорлық ешнәрсе қылмайды, баладан қорлық көрген жаман», «Шыдаған жетер мұратқа, шыдамаған қалар ұятқа» деп отыратын енемнің ғибратын енді мен сол сіңлілеріме айтатын болдым. Өмірде шынында да солай. Мәселен, мен қарашаңыраққа келін болып түскенімде енем үш ұл, бес қызын, оған қоса қайынағасының жәудір көздерін қарауына алып, жалғыз өзі асырып-баққан ана екен. Сол кісінің жанының жалауы болып, жәрдеміне жарасам екен деген асыл тілекпен асау жылдардың қалай артта қалғанын да байқамаппын. Алты баламды да анамыз өзі бағып-қағып, менің ұстаздық міндетімді мүлтіксіз атқаруыма таудай тірек болды. Мен де жан-тәніммен қызметімді осы босағаға арнап, анамның ақ батасын алуға тырыстым. Міне, соның жемісін көріп отырмын, – дейді Роза апамыз.
Азамат ұл, адал келіндердің шуағына кенеліп, ғибратты ғұмыр кешкен бақытты отбасының егесі Роза Ыдырысқызы өз-өзін насихаттап, істеген жақсылықтарын көпке жария етуден әркез алыс тұратынын байқап жүрміз. Бірақ әркімнің еңбегін бағалар ел-жұрт аман болсын.

Баян Үсейінова
08 қараша 2023 ж. 270 0