«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Меруерт – Республикаға танымал математик

Меруерт – Республикаға танымал математик



Меруерт бала жастан математиканы сүйіп өсті. Сандарды қосып, алуды ойда қорытып, сартылдатып айтып тұратын сүйікті қызын өзі де ұстаз болған әкесі қатты мақтаныш тұтатын. Мектеп партасында отырған кезінде де Меруерт дәптерін есепке толтырып, тақтаға шыға қалса жазған теңдеулері тақтаға симай, шабытын ірке алмай тұратын тұлымшағы желбіреген қыздан мұғалімдері көп үміт күтті.


Өзі туып-өскен Бірлік ауылындағы №55 орта мектебін “өте жақсыға” тәмамдаған үміткер әрі қарай жоғары оқу орнына ниет қылса топ етіп түсіп кететін жөні келіп-ақ тұр. Бірақ, қаршадай қыздың жқртты таң қалдырғаны, студент атанудан бұрын қолына шопанның ақ таяғын ұстап, алдына шаруашылықтан бір отар қой алып, қойшы болуға белді бекем буған талабы еді. Ал турасына келгенде бұған таңданатын түк те жоқ. Бұл сол кез саясаты тұрғысынан қарағанда нағыз саналы қадам. Комсомол жастардың ұранын көтеріп, өмір жолын өндірісте бастаған жан партия қатарына кідіріссіз қабылданып, кейін қызметтік карьерасына тың сүрлеуді осылай салып бастаса керек. Бұл – бір, екіншіден, тауқыметті жұмысты қаймықпай еңсеруге көндіккен жан келешекте не қиындыққа төтеп берер төзімділікке шыңдалады екен. Осыны ескерген ата-ана өжет қыздың бетінен қақпай, қайта мақсатына дем берді. Туған жерде “Пазылбек бауы” деп атап кеткен әкесінің бағы бар. Кең далаға еркелеп өскен қыз табиғатпен осылайша тіл табысты.
Екі жыл өткен соң совхоздың қойын өзінен үлкен аға-жеңгесіне табыстап, Қызылорда қаласындағы пединституттың математика факультетіне құжат тапсырды. Жас коммунист онда да қатарының алды болды. Студесоветті басқарды. Қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен көзге түсті.
Еңбек жолын аудан орталығындағы №125 орта мектебінде бастап, математика пәні мұғалімі болды. Мұғалім болуда жоғары оқу орнында алған білім жеткіліксіз екен. Ол жақта мектеп оқулығы бағдарламасындағы есептерді шығарып үйретпеген. Институтта жоғары математикадан дәріс алды. Ал мына есептер... Не істеу керек? Әр тақырып сайын сол кездегі Жаңарық ауылының бас гидротехнигі, “Задарьяның Архимеді” атанып кеткен ағасы Жеңісбектің егжей-тегжейлі түсіндіріп беріп отыруы жас маманға арқасын тауға тірегендей көмек болды. Кәдімгі қарапайыи тілмен, кескіндемемен сызып, геометрияны түсіндіргенде ойша елестетіп нақты шешім табудың қыр-сырына баулып, арифметика әлемінің тереңіне тарта берді, тарта берді. Бауырын жұртшылықтың неге “Архимед” атандырғанына енді көзі жеткен Меруерт оның өмірлік берген тәлім-тәрбиесін көкірегіне түйіп, тәжірибесін толықтыра берді.
Бірте-бірте өзі де математика әлеміне тереңдеп еніп, сәт сайын алдынан бұлжымас есепке негізделген жаратылыс қағидаларына көзі жетіп, өмірде жаңылмас үшін алдымен есепке жүйрік болудың шын сырына жетік қанықты. Өз бойындағы толыққанды білімін бала бойына қалай егуге болады? Ендігі жатса-тұрса арманы осы еді. Шын ықыласты шәкірт те сезінеді екен. Сыныпта көпшілік қиын көріп, қолды бір сілтеп басын ауыртқысы келмейтін күрделі пәнге қызығушылар саны күрт өсті. Тіпті қызыққаны сонша, мұғалімнен көзін алмай, сабаққа ынты-шынтысымен бет бұрған талай шәкірт апайының жүзіне тапжылмай қарап: “қайтсем де мен осы кісі сияқты есепті шемішкедей шағатын боламын” деген арманға құлаш ұрды.
Бүгінге дейін 31 жыл тапжылмай бір мектепте ұстаздық етіп келе жатқан Меруерт Оспанованың жетістікке жету сыры осында жатыр.
1988 жылдан 2019 оқу жылына дейін 9-10-11 сыныптарға математика пәнінен сабақ беріп келе жатқан Меруерттің шәкірттері жыл сайын жоғары көрсеткіш танытып келеді. Әсіресе 2017 оқу жылында мектеп бітірушілер ҰБТ-да математикадан 23 балл орта көрсеткішпен танылып, аудан бойынша ең жоғары табысты иеленді. Осы жылы ол аудан әкімінің “Алғыс хатына” ие болып, қымбат теледидарды сыйлыққа алды. Облыстың білім басқармасының “Құрмет” грамотасына ұсынылды. Кешегі өткен тамыз мәслихатында Білім және Ғылым Министрлігінің “Алғыс” хатын иеленді. Республика мектептеріне таратылған “Алгебрадан жаңартылған бағдарлама аясында құрастырылған жұмыс дәптері” авторлық еңбегі тағы бар. Осының барлығында өз ісіне шын берілген мұғалімнің жылдар бойы төккен маңдай тері жатыр.
Ұстаз адамға отбасынан да жанашыр қолдау, қамқорлық қажет. Сонда ғана оның жұмысы алға басып, көңілі тоқ, қуаты сарқылмайды. Бұл орайда ата-ене топырағы да жас маманға тың күш-жігер сыйлап, қолтығынан демеп, мақсатына қанат бітіргендей болды. Өзі сынды ұстаз, жолдасы Сұлтанның қолдау-құрметі, Қазақстанға белгілі ғалымдар – Ержановтар әулетінен шыққан анасы Гүлшарының тәрбиесінің жас тәлімгердің осындай биікті бағындыруына үлкен жәрдемі болды деп санайды ол.
“Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” деген бар емес пе, Сұлтан мен Меруерттен тараған төрт ұл-қыз да ғылым жолын таңдады. Мектепті үздік бітіріп, мамандық алып, үлкен қызметтерде жүр.
Біз тәлімгер – ұстаздан бүгінгі үлгілі шәкірттері туралы сұрауды да ұмытпадық.
– Жыл сайын мектеп бітірушілер арасынан үздік шәкірттерімді қимай-қимай шығарып салатыным рас, – дейді ұстаз бізбен әңгімесінде.
Солардың қатарында Алтын белгі иегерлері Ерқанат Еркінбектің, Қанайбекова Патшайымның мен үшін орны бөлек.
Сол сияқты шәкірттерім Қымбат Абдуллаева, Айдана Ильясова, Гүлдерайым Әбіласан математика пәнін таңдап, мектепте ұстаздық етіп жүр, – дейді ол мақтанышпен.
Математика – үздік ұстаз Мреуерт үшін өмірдің өзі. Өкінішке орай, математика не үшін қажет? деген қасаң түсінікпен қиын пәнге басты қатырғысы келмей жеңіл жолды қолайлап тұратындар жарық өмірде де көп нәрседен ұтыларын сезінбейтіні қиын. Қалай дейсіз ғой. Мына бір жағдайды жүректен өткізіп көріңіз:
Шетел мектебінің бірінде мұғалім тақтаға шеңбердің сызбасын салып, оған қатысты формуланы жазды. Балалардан сұрады: Осы жерде П (пи) неге тең?
Сабақты зауықсыз тыңдап шаршап отырған бай-манаптың баласының бірі: Бұл не үшін қажет? Оны білгеннің бізге қандай пайдасы бар? – деп қарсы сауал тастады.
Сәл дағдарып қалған ұстаз: Жарайды, онда мынаны көрсетейін, – деді тақтаға жақындап, П-дөңгелектің ұзындығының оның диаметріне қатынасы, бұл басы ғана, ал ақыры шексіздікке жалғаса береді. Яғни, өзің соның ішіндесің, ал қалған сандар туған күнің, сейфіңнің коды, сақтандыру нөмерің – барлығы соның ішінде бір жерінде тұр. Егер сен осы сандарды әріпке айналдырсаң өмірде барлық мүмкіндікке жетудің ғажайып жолын қарапайым дөңгелек ішінен құрастырып ала аласың. Сондықтан бұл ақпаратты іздеуіміз қажет? Ал бұл өздеріңізге байланысты” деп жауап берді.
Міне, математика не үшін қажет? Сандар сыры арқылы тіршілік құпиясын танып, өмірде жолы болған Меруерт сынды тұлғалар шәкіртінің де, елінің де құты деп сеніммен айта аламыз.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
17 қыркүйек 2019 ж. 743 0