№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Дәрігерлер династиясы

Дәрігерлер династиясы


Ел халқының саулығы мен саламаттығын қамтамасыз етуде күрделі мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп қана қоймай, сол жолда үнемі ізденісінен танбайтын қажырлы жандар үлгі-өнегесі атадан балаға жалғасатынын дәлелдейтін отбасылар мысалын алыстан іздемей-ақ айналамыздан табатынымыз шындық. Осы орайда Жаңақорған ауданы Бірлік ауылында тұрып жатқан Баубековтер отбасы алдымен ауызға ілігеді.


Бір атадан тараған ағайынды екі жігіттің үлкені Сауранбай Ұлы отан соғысына қатысып, елге аман-сау оралды. Соғыстан кейінгі жылдары елде мұғалім, одан әрі фермада бухгалтер, байланыс саласының бастығы болып қызмет атқарды. Ал Әлімхан ағамыз орта мектептен соң Түркістан медициналық училищесін бітіріп, еңбек жолын жүрек қалауымен «1 Май» колхозында медпункт меңгерушісі болып бастады. 1959 жылы Қыраш ауылындағы медпункте, 1960 жылы Кейден ауылында фельдшер болып жұмыс атқарды. 1961 жылы Ақтөбе дәрігерлік институтына түсіп, оны 1967 жылы бітірді. Бірлік кеңшары орталығындағы ауруханада дәрігер, бас дәрігер болып зейнетке шыққанша абыройлы еңбек етті. Онан соң да 2010 жылға дейін ауыл ауруханасында емдеуші дәрігер болып қызметін жалғастыра берді.
Бұл жылдары ауыл ауруханасы он бес төсектен жиырма бес, одан соң отыз бес төсекке дейін өсіп отырған. Ол қызмет еткен жылдары аудан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және об­лыстық кәсіподағының, және «Қызыл Крест – Жарты Ай» қоғамының Мақтау гра­мо­таларымен марапатталған. Осы ұй­ым­ның съезіне делегат болып қатысқан. 1995 жылы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Мақтау грамотасын алған.
Жетпісінші жылдары жоғары білімді дәрігер болып туған жерде қызметін жалғаған жігіт ауылға екеу болып оралған. Институтта бірге оқып жүргенде көңілдері жарасқан қос жастың ауылға қол ұстасып келіп, бір мекемеге жұмысқа орналасуы ауыл медицинасының кәдімгідей тұғырын бекітті. Батыс Қазақстан облысы, Жым­питы ауданының тумасы Вера апайымызға бастапқы кезде ауруханада маман жетіспеуінен терапевт қана емес, педиатр, акушер-гинеколог болып та жұмыс істеуіне тура келіпті. Денсаулық саласына сіңірген қажырлы қызметі бағаланып, суреті аудандағы Құрмет тақтасынан түспеген. Сонымен қатар саланың мақтау-марапаттарына ие болған екен. Бұл кісілер алғаш еңбекке араласқан жылдары ауыл халқына медициналық қызмет көрсету ахуалы өте ауыр болатын. Аудан орталығының өзінде жедел жәрдем машинасы жалғыз ғана, ауылдық жерлерде дәрігерлер жедел жәрдемге жаяулатып, ал алыстағы мал отарларына атпен баруларына тура кел­ген. Сонда да мойынға алған жауапкершілікті мін­сіз атқарып, міндеттеріне қылау түсір­меуге тырысқандығы жөнінде сол кез көнекөз қариялар аузынан жиі естиміз. Гиппократқа берген антына адалдықтарынан танбаған осы екі азаматты бүгінге дейін бел тұтатын ауыл адамдары әлі күнге дейін есіктеріне тыным бермей, ақыл-кеңестеріне жүгініп отыруды әдетке айналдырған.
Біз Баубеков Әлімхан ағамызға арнайы жолығып, өздерінің жолын жалғаған ізбасарлары жөнінде айтып беруін сұраған едік. Ол бізге былай деп жауап берді:
– Ағам Сауранбайдың қызы Баубекова Құрылысхан 1977 жылы Қызылорда медициналық училищесін бітірген соң Бірлік учаскелік ауруханасында, одан әрі аудандық балалар емханасында қырық жылдай еңбек етіп, зейнетке шыққан. «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалімен марапатталған. Қырық екі жыл еңбек стажы бар. Сауранбай ағамның екінші қызы Гүлсара да Қызылорда қаласындағы медициналық училищені бітіріп, қаладағы №3 емханада медбике болып жұмыс жасайды.»Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалінің иегері. Жоғары санатты медбике, 41 жыл еңбек өтілі бар. Сауранбайдың ұлы Шынтемір 1963 жылы туылған, Қызылорда қаласындағы медициналық училищесінің фельдшерлік бөлімшесіне түсіп, 1983 жылы бітіріп шықты. Екі жыл әскери борышын өтеу үшін Кеңес армиясы қатарына алынып, онда да госпитальда фельдшер мамандығы бойынша жұмыс атқарды. Елге оралған соң Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, 1990 жылы бітіріп шықты. Дәрігер-стоматолог Алматы қаласындағы «Дентомед» клиникасында жоғары са­натты дәрігер ретінде қызмет атқарып келеді. Еңбек өтілі 38 жыл. Өз ұлым-Баубеков Әмір, 1964 жылы туылған еді. Қызылорда медициналық училищесіне түсіп,оқып жүргенінде дарияға ағып бара жатқан адамды құтқарамын деп талап қылған ұлымның өзі суға кетіп, арманы орта жолда үзілді. Содан бері қырық жыл да өте шығыпты.
Шымыртемірдің жары Фаузия келініміз де мединституттың стомотология факуль­тетін бітірген. Жоғары санатты стоматолог дәрігер.
1970 жылы туылған Абай Сауранбай­ұлы Алматы қаласындағы Асфандияров атындағы медициналық институтқа түсіп, гигиена-санитария факультетін бітіріп, қазірде аудандық СЭС мекемесінде басшы қызметте. Еңбек өтілі 25 жыл. Баубекова Баян 1966 жылы туылған. Қызылорда медициналық училищесін бітііріп, Бірлік ауруханасында акушерка болып қызмет атқарып келеді. 35 жыл еңбек стажы бар. Баубекова Ардақ Әлімханқызы 1983 жылы туылған, Қызылорда қаласындағы медициналық училищесін, одан әрі Шымкент қаласындағы медициналық академиясын бітірген. Қазірде Шымкент қаласында дәрігер-психиатр болып жұ­мыс істейді. Бұлардан бөлек біздің немерелеріміз де медицина саласын таңдап, жоғарпы оқу орындарында оқып жатыр. Олардың қатарында Сауранбай Назым Шымыртемірқызы, Сауранбай Сағдит Бақтығұлұлы Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медициналық университетінің студенттері. Баубеков Әміржан Памирұлы Қызылорда мед­училищесінде фельдшерлік бөлімінің 1 курс студенті.
Соңымыздан ерген ұл-қыздарымыздың мамандық таңдаудағы жүрек қалауына қарап бала күнінен көздері қанық, көкіректері танып өскен кәсіпке деген бейімділік, сүйіспеншілік ақыры өз арнасына бұрып, өмірлік таңдауына айналады екен-ау деген ойға келдім. Қандай бір ата-ана баласына анадай бол, мынадай бол деп ақыл айтқаннан гөрі өзінің жан-тәнімен сүйіп атқарған қызметі, кәсібіне адалдығы арқылы да келешек бойына сол тазалықтың дәнін еге алады екен. Жолымызды қуған ұрпақтарымыздың осынау қасиетті ма­мандыққа кір жуытпай, ар-ұятын үс­тіне ілген ақ халатындай кіршіксіз сақтайтынына мен сенемін, – дейді ағынан жарыла.
Иә, бүгінде Сыр өңіріне танымал Баубековтер әулетінің ел денсаулығына сіңірген еңбектері халықтан лайықты бағасын алып, шынайы құрметке ие бола берулеріне газет бетінде біз де тілектестігімізді жеткізуді парыз деп санадық.

Баян ҮСЕЙІНОВА
07 желтоқсан 2021 ж. 434 0