№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Газ: үнем және қатер мен қауіпсіздік

Газ: үнем және қатер мен қауіпсіздік


Жаңақорған жеріне газ келгеніне 8 жыл болса да, тұрғындардың салғырттығынан апатты жағдайлар тыйылмай тұр. Ауыл тұрғындары да көгілдір отынның игілігін көріп, басы артық бейнеттен қолы босағанымен қауіпсіздік туралы пайым-түсініктері аз. Газ қондырғыларының техникалық ақауын болдырмауда айрықша жауапкершілік мәселесін ұмытуға болмайды. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталмаған жағдайда тіпті кісі өміріне қатер төндіретін жағдайлар орын алуда. Осындай келеңсіздіктің алдын алуда тұрғындардың техникалық талаптарды сақтау ережелерін жетік білуі маңызды. Осы бағытта тікелей жауапты мамандар редакция ұйымдастырған дөңгелек үстелде бас қосып, кең түрде пікір алмасты. Сонымен, көңілімізге шуақ, үйімізге шырақ жаққан көгілдір отынды пайдаланудың қағидалары қандай? Тұрмыста газды пайдалануда ақаулықтарды аңғарған жағдайда кімге, қандай қызметке жүгінеміз. Осы тұрғыда тиісті тараптардың кеңесін кеңінен жариялауды жөн көрдік.

ГАЗ ТҰТЫНУШЫ ҮНЕМШІЛ ӘРІ ТАЛАПШЫЛ БОЛУЫ КЕРЕК

Әбілғазы Төлегенов,
Жаңақорған қоғамдық даму бөлімінің басшысы:

– Газ қауіпсіздігіне әрбір тұрғын сергек қарауы міндетті. Газдың қысымын қадағалап, әр сәт сайын бақылап, дұрыс жанып тұрғанына назар аударып, ұзаққа кідіретін болса газ көздерін бекітіп, өрт болмаудың ереже заңдылығына мән берген дұрыс. Табиғи отынды үнемдеп, қажет кезінде ғана жағып, ысырапшылдыққа мән бермеу маңызды.
Ақпараттық топ құрылып, газға қосылған ауылдарда газ қауіпсіздігі шараларын насихаттап, тұрғындармен кездесу өткізіп жүрміз. Әр мекемеде жоспарлы ақпараттық іс-шаралар атқарылуда. Қоғамдық орындар мен мемлекеттік нысандарда арнайы үнпарақтар ілініп, көше тұрғындарымен блиц сауалнамалар жүргізілді. QR коды бар жадынамалар тұрғындарға таратылды. Осы жады­намада елге қажетті ақпараттар бар.

ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ ӨЗЕКТІ

Расул Қарақожаев,
Жаңақорған ауданының тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

– Өздеріңіз білетіндей, биыл бірнеше ауылдарға газ желісі жетті. Жылыту маусымында бес ауыл көгілдір отынмен қамтылуда. Біз таңның атысы мен кештің батысы ауылдардағы қызу тіршіліктің басы-қасында жүрміз. Ондағы мақсатымыз, газ қауіпсіздігін қадағалап, жүйелі жоспарды орындау. Жасыратыны жоқ, алғашқы кезде газды тұтыну саналық тұрғыда кедергілерге кезігіп, игілікті мақсаттың аяқалысына сенімнің болмауы кешенді қарекетке қолбайлау болғаны да рас. Біраз уақыт үгіт, насихат жұмыстарын жүргізуге де тура келді. Алдымыздан одан да өткен өткір, өзекті, өміршең мәселе туып отыр. Ол – қауіпсіздік мәселесі. Газды қолдану, оны өз қажетімізге жарату жағдайы қазірге дейін пайдаланып келген қатты отынмен салыстырғанда күрделі екенін ұмытпау керек. Жарылғыш қаупі жоғары, өте нәзік, терең көзқарасты қажет ететін құрал деп түсінген жөн.
Кентте көгілдір отынның келуімен керемет жағдай қалыптасты деуге болады. Бұрынғыдай, күл шығарып, көмір жағып, отын дайындап әуреге түспейміз. Дегенмен де, жылу беру маусымы біткенде газ көздігін өшіріп, ал қыс түссе оны қайта қосып, әрі қарай пайдалана беруге мүлде рұқсат жоқ. Міндетті түрде газды жыл сайын арнайы мамандардың қадағалауынан өткізіп, рұқсат алынуы керек. Алайда мұны ескеріп жатқандар аз. Есесіне, биылғы жылыту маусымы басталған тұста бір өрт апаты орын алды. Өртке зерделеу жұмысы жасалып, тұрғын иесінің газ қауіпсіздігін мүлдем сақтамағаны анықталды. Сегіз жыл бойы түсіндірме жұмысын жүргізіп жатсақ та, халықтың газ тұтынудағы талаптары мен қауіпсіздік ережелерін біле бермейтіні аңғарылады.

ГАЗ ПЕШТЕРІ ЕСКІРІП, МҰРЖА ШІРІП ТҰР

Роза Сыпатаева,
“РЦКУ” ЖШС аудандық менеджері:

– Газ қауіпсіздігін сақтауда қызметкерлеріміз трубаларының ішін ашып, трубалардың жай-күйін тексеріп, ауыстыру жөнінде нұсқау береді. Газ плитасының көздіктері бітеліп қалған жағдайда жиі тазартып отыру керек. Үйге орнатылған газ қондырғысын жыл сайын қадағалаудан өткізу керек. Бұл мәселелер бойынша күн тізбесі жасалып, мамандарымыз тұрғын жайларды тексерістен өткізіп келеді.
Ескертетін жағдай, жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын қауіпсіз пайдалануға және желдету арналары мен түтін мұржаларының жарамды жай-күйіне үй иелері жауапты! Бірақ, өкінішке орай, үй иелері мұржаларды үнемі тазалап, тексеріп тұруға салғырт қарайды. Мұржаның тұтастығын, оның бітелмеуін және түтіннің тартылуын үнемі тексеріп отыру қажет. Қыс мезгілінде далада тұрған мұржаға мұз қатуы мүмкін, сондықтан оның мұзбен бітелмеуін жіті тексеріп, мұржа қақпағын ашып, мұздан тазарту керек. Газ тұтыну жабдығын пайдалану кезінде улы газ тарағанда газ беруді өшіру автоматикасы бар дабылқаққыш сигнализаторларды орнатқаныңыз жөн. Газ – оны дұрыс пайдаланбаған кезде ғана қауіпті! Қарапайым ережелерді сақтау Сіздің және сіздің отбасыңыздың амандығының кепілі екенін түсінгеніңіз абзал.

ҚАУІП ТӨНГЕН ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕЙМІЗ?

Елжан Шегебаев,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры:

– Биыл 11 айда аудан бойынша өрт сөндіру бөліміне қырықтан астам хабарлама түсті. Оның 28-і аумақты шығынымен тұрғын үй секторларында орын алды. Газ жөнінде бір жағдай орын алды. Біздің мекеменің жеке құрам қызметкерлері тұрғындармен өрт қауіпсіздік тақырыбында түсінік жұмыстарын да жүйелі жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта аязды маусымның басталуына байланысты газ отының қоюланып, сөніп қалу жағдайлары жиілеуі мүмкін. Сондай уақыттарда халық сабыр сақтап, газдың арнайы мамандары жағдайды орнықтырғанша 5-6 сағат үйдегі екінші пешті іске қосып, отын-көмірімен үйін жылытып отыруға дайын болуы тиіс. Газ сөнген жағдайда бұрандаларды бекітіп қоюды ұмытпауы тиіс. Өйткені газ қосылған кезде көздіктердің ашық күйде қалуы қауіпті жағдайға соқтыруы мүмкін.
Жаңақорған кентіндегі 2014 жылы газға қо­сылған пештер мен мұржалар ескірді. Көбісі жа­рамсыз жағдайда. Халық өз қауіпсізігі үшін арнайы мамандар шақырып тексерместен газ тұтынып отыр. Сақтық шараларын сақтамаса осындай тозығы жеткен пештерден қауіп көп. Көп мекемелердің газ пештері ауысып, жаңа мұржалар қоюда. Ал, тұрғын үй иелерінің бұл мәселеге келгенде белсенділігі мен жауапкершілігі байқалмайды. Қауіптілікті байқаған жағдайда 104 немесе 112 номеріне хабарласқан жөн.

ГАЗ САЛҒЫРТТЫҚҚА ТӨЗБЕЙДІ

Бахытжан Музаффаров,
Жаңақорған кент әкімі аппаратының бас маманы:

– Табиғи газ – адамға берілген ұлы игілік. Бұл ыңғайлы әрі үнемді. Газ біздің үйлеріміздегі жылулық пен жайлылық көзі болып табылады. Алайда, табиғи газ ұқыпты және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Газ қайғылы салдарға әкеп соқтырмас үшін газ жабдықтарына ұқыпты қарап, күнделікті өмірде газды қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтау қажет. Тек жұмыс істейтін газ жабдықтарын пайдаланып, газ түсін бақылаңыз, егер ол қызғылт сары болса - бұл құрылғының ақауы бар екенін білдіреді, газ мамандарын шақыруыңыз керек. Жұмыс істеп тұрған газ плиталар мен су жылытқыштарды қараусыз қалдырмай, жалынға сұйықтықтар құйылуына немесе желдетуіне жол бермеңіз. Кішкентай балаларға, өздерінің іс-әрекеттерін бақылай алмайтын тұлғаларға газ жабдықтарын пайдалануға рұқсат бермеу маңызды. Иіс шығып тұрағанын сезсеңыз, терезе-есікті ашып, ауа тазартыңыз. Дәл осы кезде жанып тұрған жарықты өшірмеңіз, жарық болмаса қоспаңыз.

Мақпал МАРҚАБАЙ
06 қараша 2023 ж. 257 0