Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қауіпсіздік жайы қатаң сақтықты қажет етеді

Қауіпсіздік жайы қатаң сақтықты қажет етеді


 Жаңақорған кентінің көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етілуімен тұрғындардың басы артық бейнеттен қолы босап, мәдени тынығуына кең мүмкіндік туғанын айтуға тиіспіз. Бірақ, мұнымен қоса газ қондырғыларының техникалық ақауын болдырмауда айрықша жауапкершілік мәселесін ұмытуға болмайды. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталмаған жағдайда тіпті кісі өміріне қатер төнетінін көріп те жүрміз. Осындай жағдайлардың алдын алуда тұрғындардың техникалық талаптарды сақтау ережелерін жетік білуі маңызды. Осы бағытта тікелей жауапты мамандар “Жаңақорған тынысы” газеті редакциясында бас қосып, кең түрде пікір алмасылды. Сонымен, көңілімізге шуақ, үйімізге шырақ қондырған көгілдір отынның өзіне тән кірпияз қағидалары қандай? Тұрмыста газды пайдалануда ақаулықтарды аңғарған жағдайда кімге, қандай қызметке жүгінеміз. Осы тұрғыда тиісті тараптардың кеңесін кеңінен жариялауды жөн көрдік.

Есдәулет Сейілов,
Жаңақорған ауданының тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы:

– 2015 жылдан бастап кент аумағында 284,5 шақырымға жоспарланған газ құбыры тартылды. 2 ГРП қойылды. 27 шкафтық газ бөлуші қондырғы орнатылып, бүгінгі таңға дейін 4335 тұрғын үй газдың тұрақты тұтынушылары болып отыр. Жалпы жоспар бойынша 5410 үйге газ тартылады деп есептеліп, құбыр шүмектері қойылды. Жаңадан соғылып жатқан шағын аудандарда құрылысы бітпей тұрған мекен-жайлар есебінен бұл міндеттелеме 85 пайызға орындалды.
Алғашқы кезде газды тұтыну саналық тұрғыда кедергілерге кезігіп, игілікті мақсаттың аяқалысына сенімнің болмауы кешенді қарекетке қолбайлау болғаны да рас. Біраз уақыт үгіт, насихат жұмыстарын жүргізуге де тура келді. Дегенмен көпшілік мемлекеттік жобаның қуатты қарқынына толықтай көз жеткізіп, жаппай жылытудың жаңа үлгісіне қол жеткізіп үлгерді. Бірақ алдымыздан одан да өткен өткір, өзекті, өміршең мәселе туып отыр. Ол – қауіпсіздік мәселесі. Газды қолдану, оны өз қажетімізге жарату жағдайы қазірге дейін пайдаланып келген қатты отынмен салыстырғанда күрделі екенін ұмытпау керек. Жарылғыш қаупі жоғары, өте нәзік, терең көзқарасты қажет ететін құрал деп түсінген жөн.
Кентте көгілдір отынның келуімен керемет жағдай қалыптасты деуге болады. Күл шығарып, көмір жағып, отын дайындап әуреге түспейміз. Дегенмен де, жылу беру маусымы біткенде газ көздігін өшіріп, ал қыс түсе оны қайта қосып, әрі қарай пайдалана беруге мүлде рұқсат жоқ. Міндетті түрде газды жыл сайын арнайы мамандардың қадағалауынан өткізіп, рұқсат алынуы керек.
Бүгінде аудан әкімінің қолдауымен жоспардан қалып кеткен нүктелерге газ жеткізу жұмыстары жасалуда.

– Роза Сыпатаева,
“РЦКУ” ЖШС аудандық менеджері:

– Газ қауіпсіздігін сақтауда қызметкерлеріміз трубаларының ішін ашып, трубалардың жай-күйін тексеріп, ауыстыру жөнінде нұсқау береді. Газ плитасының көздіктері бітеліп қалған жағдайда жиі тазартып отыру керек. Үйге орнатылған газ қондырғысын жыл сайын қадағалаудан өткізу керек. Бұл мәселелер бойынша күн тізбесі жасалып, мамандарымыз тұрғын жайларды тексерістен өткізіп келеді.
Тағы бір мәселе, абоненттер ай көлемінде тұтынған газ көлемін өздері есептеп келмеуінен уақытқа қолбайлау болады. Кезек орын алады. Алдыңғы айда ақысы төленіп тұрған көрсеткіштен бүгінгі көрсеткіштіктің айырма көлемін 1 кубқа 21,18 теңгеден (мәселен 8590-8580=10, 10х21,18=211,8) көбейткенде белгілі сумма шығады. Осыны алдын-ала есептеп, әр айдың 25-не дейін уақтылы төлем жасап отырса дейміз.

Берікбай Омаров,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысы:

– Биыл 11 айда аудан бойынша өрт сөндіру бөліміне 49 хабарлама түсті. Оның 28-і аумақты шығынымен тұрғын үй секторларында орын алды. Газ жөнінде жағдай тіркелген жоқ. Біздің мекеменің жеке құрам қызметкерлері тұрғындармен өрт қауіпсіздік тақырыбында жеке түсінік жұмыстарында жүйелі жүргізіліп келеді. Департамент басшылығы арнайы қаулысымен 7 желтоқсан – 7 қаңтар аралығы өрт қауіпсіздік айлығы болып жарияланды.
Алдағы уақытта аязды маусымның басталуына байланысты газ отының қоюланып, сөніп қалу жағдайлары жиілеуі мүмкін. Сондай уақыттарда халық сабыр сақтап, газдың арнайы мамандары жағдайды орнықтырғанша 5-6 сағат үйдегі екінші пешті іске қосып, отын-көмірімен үйін жылытып отыруға дайын болуы тиіс. Газ сөнген жағдайда бұрандаларды бекітіп қоюды ұмытпауы тиіс. Өйткені газ қосылған кезде көздіктердің ашық күйде қалуы қауіпті жағдайға соқтыруы мүмкін.

– Самат Кенеев,
“ИнтерГаз Орталық Азия” АҚ Жаңақорған газ шаруашылығының бас инженері:

– Қазіргі таңда әр абонент газ мәселесі туындаған жағдайда 104 мекемесіне хабарласуы заңды. Таңертеңгі 9-дан 6:30-ға дейін. Одан соңғы уақытта бұл телефон жұмыс істемейді. Түнгі уақытта газ бармай қалған жағдайда мекеме қызметкерлеріне 87781641708, 87755339190, 87075159093, 87783173648 телефондары бойынша хабар беруге болады. Біздің онлайн тобымыз қоңырау хабарламасы бойынша өзара келісіп, жедел жәрдем беруге тырысамыз. “КазТрансГаз” ішінде ИнтерГаз қызметі үй ішіне кірмейді, сырттан ғана тексерістер жүргізіп, газдың бармау себебін анықтап, жағдайды орнына келтіреді. Ал үйдің ішінде иіс байқалған немесе газ дұрыс жанбай қалған жағдайда, тағы басқа мәселелерде “РЦКУ ЖШС” мекемесі мамандары қызмет көрсетуі тиіс.
Тәулік бойы жұмыс істейтін 104 апаттық қызмет штаты аудандарда әлі толық ашылған жоқ. Сондықтан оның қызметін мекеме қызметкерлеріне жұмыс уақытында қосымша жүктеуге тура келеді. Жұмыстан тыс уақытта жоғарыдағы телефондарға қоңырау шалуға болады. Ал мейрам күндері кезекшілік (104) ұйымдастырылады.
– Тұтынушылардың қызметке ақы төлеуде төлем қабілеті қандай?
– Толық реттілік деңгей қалыптаспай келеді. Қазірдің өзінде абоненттерден 10 млн-дай қарыз жинақталып отыр. Осының ішінде 70 отбасы 2015 жылдан бері қарай газ қондырғысын монтаждау құрылысының қаржысын төлемеген. Оларға ескерту жасалып, орындалмаған жағдайда газдан ажыратуға мәжбүр болып отырмыз.
Газ әрбір отбасыға тәулік бойы үзіліссіз босатылуы керек. Бұл заңдылық. Мекеме шартында солай. Бірақ халық көгілдір отынның ақысын мерзімінде төлеуді кешіктірмеуі тиіс. Тұрғын үйлерге газ жүйесін кіргізуде көп отбасылар жеке мердігерлерді таңдап жатады. Өйткені оның қызмет ақысы төмендеу болуы мүмкін. Құжат мәселесіне біз араласа алмаймыз. Күрмеулі түйін осы жерде туындайды. Келісім шартта көрсетілген еңбек ақысы, мерзімі сақталмағандықтан екіжақты сәйкессіздіктер, тіпті реніштер орын алып жатады. Әртарап өз міндетіне уақытылы және ұқыпты көзқарас таныта білсе мұндай жолсыздықтар болмас еді.
Жеке абоненттердің қарызын уақытылы төлемеуі жалпы жұмысқа: жалақының уақытылы болмауы, мекеменің табысына кедергі келтірері белгілі. Үйді қарапайым пешпен жылытудың таусылмайтын тауқыметінен құтқарып, әрі арзан қызметке мүмкіндік ашқан көгілдір газдың ырғақты тіршілігіне көптің де ықыласты көңіл бөлгенін қалар едік.
Тұтынушыларымыз әр айдың 25-не дейін бір ай жаққан газ ақысын төлеп отыруы тиіс. 25-күні есеп жабылады да, қарыз келесі айға қалып қояды. Мұндай жағдайда газдан ажыратуға тура келуі мүмкін. Халық осы мәселеге сергек көзқарас танытса екен дейміз.

Жолдас Ержанов,
“Алау Газ-Аймақ” ЖШС Жаңақорған филиалы өкілі:

– Газ қондырғыларының қалыпты қызметіне ақау тудыратын мұржаның, қазандықтың жану көздіктерінің бітеліп қалу жағдайлары кездеседі. Мұндайда “АлауГаз ТОО” мекемесі көмекке келеді. Арнаулы аппаратпен жану көздігін үрлеп тазартамыз. Пеш қойған кезде фильтр орналастырылуы керек. Мұны да ескертіп отырамыз. Газ монтажы бітіп, жаңадан қосылатын кезде біздің мамандар мұржаны тексеріп, қосуға рұқсат беруі тиіс. Мұны көпшілік өрт сөндіру қызметкерлерінің емес, арнайы мекеме міндеті екенін ажырата білсе дейміз. Одан кейінгі уақытта да газ берілу процесінде күмән туындаған жағдайда 87025258200телефонына хабарласып, арнайы көмекті шақыра аласыз.
Алғашқы тексеруде 850 теңгеге акт жасалып, техникалық шарттары түсіндіріледі. Демалыс уақыты болмайды. Мұржаның құрылысында ақаулықтар болуы немесе күн райының кейбір кездерінде жел, дауылдан оттың сөніп қалуын болдырмауда кент азаматы Ержан Шукенов аппарат ойлап тапқан болатын, осыны мұржаңызға орналастырып бере алады. Ол Қорасан Ата көшесінде ”Ақ Палас” ғимаратының арғы бетіндегі мекен-жайда тұратынын ескерткім келеді.
– Тұрғын үйлердегі шағын газ қазандығының жарамдылық мерзімі қанша жылға белгіленген?
– Ол техникалық құралдың сапасына тәуелді. Біреулері бір-екі жылға, біреулері он жылға дейін жұмыс жасауы мүмкін. Тек от жағу маусымы басталған тұста маман шақырып, міндетті түрде жан-жақты тексеруден өткізіп, рұқсат алуды ұмытпаңыз дегіміз келеді.

Шерхан Ашимов,
аудан әкімі аппаратының қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі басшысы:
– Тұрғындар арасында газ жөнінен күмәнді сауалдар туындағанда төтенше жағдай немесе өрт сөндіру бөлімдеріне хабарласу фактілері көп. Газ мекемесінде арнайы авариялық қызмет тобы жұмыс жасап, арнайы автокөлікпен қамтылмауы алаңдатарлық мәселе. Мұны тиісті ведомоство басшылығы жедел қолға алуы тиіс қой деп есептейміз. Бетін аулақ қылсын, газдан төтенше жағдай орын алса бізде арнаулы маман жоқ. Бұл мәселені шешу көп болып қолға алынуы тиіс.

Қайбулла Рүстемов,
кент тұрғыны:

– Теледидардан, басқа ақпарат құралдарынан газдан улану, тағы басқа төтенше оқиғаларды естіп, көріп жүрміз. Сондықтан көпшілік бұл тұрғыда кәсіби мамандардың ескертпесін бұлжытпай сақтауға тырыссақ деймін.
Кейбір мекен жайларда ортаңғы бөлмелерге газға жалғанған камен пештері қойылуы қауіптілігі ескертілсе де жиі кездеседі. Арзандығын көздеп мұндай тәуекелге бару дұрыс емес. Кей үйлерде газдың иісі шығып тұрса да мән бермеушілік басым. Газ техникасы мұндай бейжалықты көтермейді.

Редакциядан: Газ келіп, көп жұмыс жеңілдегені рас. Бірақ апаттық қызметтің болмауы алаңдатарлық. Аяқастынан ауыр қауіпті жағдай бола қалса халық кімге жүгінеді. Жауапты тұрғаны қайдан табамыз? "Сен саларда мен салардың" соңы не болмақ? Бұл ауданның басшылығы болып терең байыппен шешімін табуы тиіс мәселе деп есептейміз. Көптің де тілегі осы.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
25 желтоқсан 2018 ж. 816 0