№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК: БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК: БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ


Өңірде соңғы жылдары түрлі салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, пайдалануға берілген әлеуметтік нысан қатары арта бастады. Қос тарапқа да тиімді деп танылған әріптестік мемлекет пен бизнестің бірлесе әрекет жасауына жол ашты. Ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі инвестиция тартуға бағытталған жобаның мүмкіндігі мол. Хош! Сонымен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) дегеніміз не? Мақсат-міндеті қандай? Біз осыны зерттеп көрдік.
Мемлекет басшысының 2020 жылға дейінгі жаңа бюджеттік саясат концепциясы шеңберінде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң жобасы қабылданған болатын. Жаңа заң көрсетілетін қызметтер сапасын және қолжетімділік деңгейін арттырып, ресурстарды біріктіруге, яғни мемлекет пен жеке сектор арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде Қызылорда облысында бұл бағытта денсаулық сақтау, білім беру, көлік және автожолдар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және өзге де салада жүзеге асуда. Нақты мәліметке сүйенсек, Сыр өңірінде құны 25,5 млрд. теңге тұратын 66 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 10 жоба бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісім-шарты жасалған. Айрықша атап өтерлігі, аймақта кәсіпкерлер салған 400-ге жуық балабақша бар екен. Бұл, «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын 100 пайыз жүзеге асуға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде өңірдегі балабақшаның 71 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс жасауда. Бұл бағытта көршілес Шиелі ауданы облыста көш бастап тұр. Мәселен, Ақмая, Еңбекші, Алғабас ауылдық округінде спорт кешені салынса, Жөлек, Төңкеріс ауылында спорттық сауықтыру кешені бой көтеруде. Мұнда құрылыстың басым бөлігі кәсіпкерлердің жеке қаржысы есебінен жүруде. Жыл басында аудан әкімі Ғалым Әміреев «жақсыны көрмекке» деп, орынбасарлары мен сала басшыларын, ауылдық округ әкімдерін Шиелі шаһарына арнайы бастап барған болатын. Сапар барысында, МЖӘ аясында салынған әлеуметтік нысандарды аралап, тәжірибе алмасып қайтты.
Алдағы уақытта Жаңақорған ауданында да МЖӘ аясында қайта жаңғырту және жалға алу бағытында бірнеше спорт кешені есігін айқара ашады деп күтілуде. Бұл жөнінде толық мәліметті аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмұт Рахымжановтан білдік. Оның айтуынша, МЖӘ шеңберінде аудан да жеке кәсіпкерлермен төрт спорттық кешенін қайта жаңғырту және жалға алу шарты жасалуда. Біріншісі, белгілі меценат Асылхан Шайыхов кенттегі қос қабатты ғимаратқа қайта жаңғырту жұмыстарын жасауды бастап кеткен. Екіншісі, келінтөбелік Баймұрат Шәріпбеков ауылдағы екі қабатты әлеуметтік нысанды жалға алып, спорт кешенін ашу жөнінде жұмыс жүргізуде. Дәл осындай қайта жаңғырту және жалға алу бағытында Сүттіқұдық ауылы мен Жаңақорған кентінде спорттық сауықтыру кешенін ашу бағытында кәсіпкерлермен жұмыс жасалып жатқаны белгілі болды. Сәтін салса, осы әріптестік аясындағы қайта жаңғыртудан өткен спорттық кешендердің әрбірінде 15 адамнан 60 адам жұмыспен қамтылып, спорттың дзюдо, таэквондо, қазақ күресі, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ, самбо, белбеу күресі, қол добы сынды түрінен үйірмелер ашылатын болады. Бұл да болса, өскелең жас ұрпақтың салауатты өмір салтын серік етуіне үлкен қолдау.

ӘРІПТЕСТІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ҮШІН ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Жақында ғана, әкімдікте өткен облыстық семинар барысында кәсіпкерлердің көпшілігі жеке балабақша салу мәселесін көтерген. Алайда аудан әкімі Ғалым Әміреев ауданда балабақша жайы 100 пайыздан асыра орындалғандықтан, өзге де халық сұранысына сай денсаулық, спорт, мәдениет саласында әлеуметтік нысандар салуға шақырды. Десе де, жасыратыны жоқ МЖӘ аясындағы жобаға жеке сектор тарапынан белсенділік болмай тұр. Яғни, кәсіпкер ғимаратты қайта жаңғыртудан өткізгеннен кейін құжат рәсімдеу процедурасы ұзақ мерзімді алатыны тағы бар. Осы тұста, тақырыпқа қатысты жағымды жаңалықты айта кетейік.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын әзірлеу кезеңі 7 айдан 3 айға дейін қысқартылды. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, арнайы «Бағдарламалық МЖӘ» енгізілуде. Бұл дегеніміз жеке әріптес пен МЖӘ жобаларын таңдау барысында қосымша сараптамалар жасалмайды. Яғни, арнайы әр сала үшін мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда барлық рәсімдер жазылып тұрады деген сөз.
Мұнан өзге, МЖӘ жобаларын жоспарлау барысы да оңтайландырылуда екен. Бұрын бұл 5 кезеңнен тұрса, қазір 3 кезеңге дейін төмендетілген: инвестициялық ұсынысқа сараптама жасалады, байқау өткізіледі, МЖӘ келісім шарты жасалады. Ал бұған дейінгі жобаның тұжырымдамасы мен МЖӘ келісім шарты жобасының сараптамасын жасау деген талап алынып тасталған.
– Жалпы МЖӘ жобаларын әзірлеу кезеңі 7 айдан 3 айға дейін қысқартылды. Осыған орай, МЖӘ процедурасы қолжетімді бола түсті. Бұл жайт инвесторларға ұзақ мерзімді қаржы салуға мүмкіндік береді. Заңнамаға енгізілген өзгерістің нәтижесінде әлеуетті мемлекеттік әріптестердің ауқымы мемлекеттік кәсіпорындармен толықты. Сонымен бірге, мемлекеттік бюджет шығынын болдырмау мақсатында мемлекеттің жоба аясындағы қаржылық міндеттемесі бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаржыны жоспарлау барысында негізгі лимиттен аспауы ескерілетін болады. Мәселен, Бюджеттік Кодексте аудан әкімдігі (немесе облыстық маңыздағы қала) МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемесін мәслихатпен қабылданған құжат негізінде орындауды қамтамасыз ететін норма қарастырылған. МЖӘ келісім шарттарын бақылауда ұстау тетігі ретінде қазынашылық органдарымен келісім шартты тіркеу қарастырылған. Мысалы, мемлекеттік сатып алу саласындағы келісім шарттар қазынашылықта тіркеледі ғой. МЖӘ келісім шарттары да осындай мәртебеге ие болып отыр, – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Түйіндей айтқанда, дамыған елдер экономикасында мемлекет пен жеке бизнестің өзара қарым-қатынасының жаңа формасы – мемлекет пен жеке әріптестік кең қанат жайып келеді. Ол әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырудың және жеке кәсіпкерлік нысандарын тартудың тиімді механизмі болып табылады. Ендігі кезекте, ел экономикасы саясатындағы өзекті мәселенің бірі – осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жеделдете дамыту болып отыр.

Әбдісамат ӘБДІШ.
19 мамыр 2018 ж. 1 651 0