№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаратау арқары, қайдасың?

Қаратау арқары, қайдасың?



Табиғат түрленіп, «Құралай салқынының» да самалын сезіндік. Бұл табиғи құбылыс киік пен арқардың төлдейтін науқанынан хабар береді. Біз осы тұста, Қарт Қаратаудың баурайындағы арқарлардың жайкүйін білмекке тауды бетке алдық. Қорықшылар мен жергілікті халықпенсұхбаттасып, биологтардың зерттеу жұмысымен таныстық. Қатпарлы Қаратаудың бір қырын ашып, сырына терең үңіліп, ой түйіп қайтқан едік.
АРҚАРДЫҢ ҚАСИЕТІН БІЛЕМІЗ БЕ?
«Арқар өрген жер ырыс дарытар киелі мекенге саналып, оны кездестірген адамның жолы болады» деп басталатын әпсананың түбінде қазақтың ұғымындағы тау киесінің қасиеті жатыр. Бекет Атаның аңыз әңгімелеріне құлақ түрсек, жамбасы тиген жерді белгілерде арқарлар үйіріліп, табан ізімен бейіттің бейнесін түзіпті. Міне, сол бабаның бейітіне дұға етіп, шын ниет етіп барған жанға бабаның рухы арқар бейнесінде көрінеді. Көңілін кір басқанға бейіт маңынан жыландар қаптап, ысылдап жолын кескестейді. Тау рухына балаған арқарлардың киесі жайлы аңыздың халық ұмытылып бара жатқаны жанымызға батады. Қазақ ықылым заманнан арқарлардың қасиетін білген. Дала заңдылыған сай көшіпқонарда жер таңдарда арқарлардың ізіне мән берген. Арқар тұяғы тиген маңайда шатыр құрып, берекелі күн кешкен. Сақ мәдениетіне мән берсек, жауынгерлердің киімінде арқар бейнесі кездеседі. Қаратаудағы 200-ден астам таңбалы тастағы петроглифте арқар бейнесі қашалуы да байырғы халықтың арқар киесін ұққанын аңғартады. Жергілікті альпинист Жандарбек Ақыбидің мұнартау басында алып арқарлардың бас сүйегімен түскен суреті әлемнің назарын аударған еді. Оның пайымдауынша, әлемде 4 түрлі арқар бар. Оның ең ірісі –Қаратау арқары. Құлжасының салмағы орташа есепте 80 келі келеді. Андров дәуірінде де арқарды шаруаға пайдалана бастағаны білінеді. Ғалымдар мұның қазақы қоймен етене жақын екенін меңзейді. Патшалар мен пайтшайымдардың киімінде негізгі ою-өрнек ретінде қолдануында үлкен мән бар. Арқар –тазалықтың, сұлулықтың және киенің үлгісі деп таныған. Баланы батырлыққа баулыған шақта ептілігін сынап арқар аулатқан екен. Аңға шыққан ұлы арқар аулап оралса оны ерекше ықыласпен қабылдап, содан кейін ғана соғыс өнеріне баулыған немесе үйлендірген деседі.
ҚОРЫҚТАҒЫ ҚАМҚОРЛЫҚ
Жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтап отырған «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» Кентау қаласының маңындағы Хантағы деп аталатын биік таудың етегінде 34 мың гектарды алып жатыр. Осы аумақта, өсімдіктің 700-ден аса түрі, аң-құстың 118-ден аса түрі қамқорлыққа алыныпты. Біз осы сұлу табиғат аясындағы сапарымызда арқарлар ландшабының мәселесіне мән беруге тырыстық. Сапарымызды ең бірінші Кентау қаласының маңында орналасқан қорықты мекендеген жануарлар мен өсімдіктер дүниесін зертейтін арнайы ғылыми-танымдық кешеннен бастадық. Мұнда табиғаттағы әрбір тіршілік иесін зерттеуге, тәжірибе жасауға әрі еліміздегі мықты ғалымдардың еңбегімен танысуға, ғалымдардың басқосуына мүмкіндіктер қарастырылған. Онда табиғат сақшылары еліміздегі зоология, ботаника институты және жас ғалымдармен бірлесіп жұмыс атқарады. Саяхатшыларға арнайы танымдық туристік бағыт та қарастырылған. Қысқасы, бұл кешенде қорық қамқорлығындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жайлы кең ақпарат алып қана қоймай, қорықшылардың күнделікті қызметі жайында бейнеақпараттарды тамашалауға болады.

– Біздің жұмысымыздың қауіпқатерін көпшілік біле бермейді. Браконьерлермен бетпе-бет келіп, өмір мен өлім арасында арпалыс та болады. Мұндайда қосымша топтарды қалай іске асырамыз? Сондықтан орталық оператормен әр қадамымызды баяндап отырамыз. Әрбір сәтті бейнеге жазып, оны осы орталықта арнайы сақтаймыз, – дейді қорықшы Айдос Әлішеров.

«Қызыл кітапқа» енген Қаратау арқарының жойылуға шақ қалғанда бір отарын «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» қамқорлыққа алып, көбейту жұмысын бастапты. Олар мекендейтін тау жоталарында әлемде өте сирек кездесетін дәрілік қасиеті мол өсімдіктер де өседі. «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында бас қосқан еліміздің орманшылары мен ғылыми қызметкерлері эндемдік өсімдіктер мен жануарлар әлемін молайтуды жолға қойыпты. Тарихта Хан тағы атауымен белгілі жотаға жол бастап шыққан қорықшы Айдос Әлішеров үшін Қаратаудың әрбір тасы қымбат. Өйткені оның балалық шағы осы жерлермен астасып жатыр.
Соңғы жылдары қорық аумағында аң-құстың саны артқан. Бұл жетістікке сұғанақтыққа тосқауыл қою арқылы қол жеткізгендігін айтады.
– Күзгі санақта арқар 1336 басқа жеткен. Әлі алдымызда төл күтіп отырмыз, құдай қаласа, нақты саны күзгі санақта белгілі болады. Қалың қыста бұларға биотехнологиялық іс-шара бойынша тұз себіледі, жем-шөп шашылады. Қосымша күзеттің арқасында таудың арқары қазір көзге көрінеді, –дейді.
Соңғы бес жылда Қаратау арқары қатаң күзетіліп, ерекше күтімге алынудың арқасында көбейе бастады. Халықтың көзқарасын табиғатты аялауға, аңқұстарға деген қамқорлықты қалыптастыруға бұруға жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қорықтың нұсқаушысы Үсен Жапаров:

– Ғылымдық таным кешенінен Хан тағы тауына дейін жаяу және атты серуен жолға қойылған. Ашылғалы бері қаншама сала жұмыс істеп, талды көбейтіп, табиғатты сүюге, экологияны жаңартуға атсалысып келеміз. Мақсатымыз, туған өлкенің табиғатына халықтың жанашырлық қасиетін оятып, әрбір тас пен өсімдікті жүрегімен сезінсе деген арманымыз бар, – деді.


Жаяу және аттылы азаматтарға табиғат аясында экскурсия жасауға арналған жолда жол белгілерімен бірге әр таудың аталу тарихы, осы өңірге ғана тән жануарлар мен өсімдіктердің қасиеті жайында ақпараттар арнайы тақтайшаларда жазылып тұр. Қорықшылар туристерді қызықтыру үшін арнайы QR код қоюды жоспарлауда. Қаратау тәжіне баланған Кентау қаласында бас қосқан еліміздің орман қорықшылары табиғат байлығын молайтып, оны болашаққа жеткізу жайын жиі талқылайды. Қаратау бөктерінде құстың 118-ден астам түрі болса, оның 12-сі Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген. Бұл аумақта өсімдіктің 700-дей түрі болса, оның 40-қа жуығы дәрілік шөптер. «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Жасар Әділбаев: – Эндем – белгілі бір жерде өсетін өсімдіктердің түрі. «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында ғана өсетін шөптер бар. Алғашқыда осындай өсімдіктің 86 түрі бар болса, қазір оны 88-ге жеткіздік. Бұл – біздің 20 жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріміздің бірі, – дейді өз сөзінде.
АРҚАР КӘСІБІН ДАМЫТҚАН ЕЛДЕР
Экономикасы озық елдердің тіршілігіне зер салсақ, арқардың етінен консервіленген өнім, мүйізінен дәрі-дәрмек, сүйегінен асыл бұйым жасап жатқан елдер көп. Соның бірі – Жапония. Мұнда арқар сүйегін өртеп, арнайы әдіс-тәсіл арқылы қызыл бриллянт өндіріп отырған шағын шеберханалар көп. Ал Тайландта арқар тұяғынан әлемде ең аз кездесетін жасушаларды бөліп алып, оны халық еміне кәдеге жаратып отыр. Ал, біздің елімізде өткен ғасырдың 30-50 жылдары Қазақстанда құлжаларды жерсіндіріп, қазақы қойлармен будандастырып, суыққа төзімді, етті әрі жүнді қой түрін дамытқан еді.
Ауылшаруашылығы ғалымдарының селекциялық жұмысы жемісті болып, ел экономикасына серпін берген елеулі жоба болды. Қазіргі таңда осы бағытқа көңіл бөлінбей тұрғанын шаруалар да сөз етеді. Біз осы бағытты қолға алған жергілікті фермер Асқар Мамырханның шаруа қожалығында болып, «Мамыр» қойынның ерекшелігін көзбен көруді жөн санадық. Шағын фермада 50 шақты қой бар. Бұл қой түрінің қалай пайда болғанын сұрағанымызда:

– Таулы аймақ болған соң, арқардың ізін, жүрер жолын жақсы білемін. Өзіміздің Арқар бұлақтың маңында қойларымды жиі жайып, өзім ұзақтан көз тастап, бақылап жүрдім. Отарыма құлжалар кіргенін жиі көретінмін. Алғашқы қозылардан-ақ ерекшелік байқалды. Қар үстінде туылған қозылар әп-сәтте аяққа тұрып, тез жетіледі. Еттілігі жағынан тиімді, марқасынан 40 келіден көп ет алып отырмын, – деді.


Шағын фермердің қойына халық арасында сұраныс артқан. Қошқарын сұрап, хабарласатындар қатары артқан. Осы бағытта арнайы ғалымдармен кеңесіп, шаруасын кеңетпек ниеті де бар.

ТҮЙІН. Қарт Қаратаудың баурайын бойлай киелі мекендердің үстімен өтіп, тау киесі жайында ойға шомып кетіппін. Зообақтарда темір торға қамалған арқардың жанарындағы мұңын ұққандаймын. Кең дала төсінде тұяғын тарпи жортқысы келіп, табаны тау-тасты сағынған секілді. Ортекедей ойнақтап, асыр салуды армандайтыны айқын. Мөлдір көзіндегі мұңға мән берсек, ай мүйізі күн сәулесімен нұрланып, тік жартасқа оқталып, тау киесі екенін көрсеткісі келетіндей. Құтты, халықтың өр рухындай!

Мақпал МАРҚАБАЙ


12 қараша 2023 ж. 459 0