№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тазалық төрден басталады

Тазалық төрден басталады



– Бәріңізге белгілі, орталық базардың артқы жағы адам көргісіз болып жатады. Ары-бері өтіп жүрген жандар көріп жүр, ішінде ет сататын саудагерлер малдың ішек-қарнын, сүйек-саяғын әкеліп лақтыра салады. Қыс ауасында қатты білінбесе де, күн ысығанда иісі қолқаны қауып, тынысымызды тарылтады. Қаншама рет, әкімдікке өтініш те жаздық. Бірақ, ешқандай оңды нәтиже көрмедік, – дейді. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Кенттің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен жасыл-желек жамылған гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығы. Шыны керек, ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған кейіпке енетініміз рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине олардың бұл тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын айнала тазалығына жанашырлық танытуы тиіс емес пе? Еш болмаса үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді. Бұл сөзімізді кент әкімінің орынбасары Жасұлан Бейсенбеков те қуаттай түсті: – Кенттің тазалығын ұдайы қадағалап, тиісті жерлерге жауапты адамдарды белгілеп, бір кісідей тазалықты сақтауға жұмыс жасап келеміз. Қазір кентің барлық жерінде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Әр тұрғын өзінің үй, аула маңайын тұрмыстық қалдық заттардан таза ұстай білсе өзгеге де үлгі. Экологиялық жағдай негізгі мәселеге айналып барады. Осы мәселенің оңтайлы бір шешімі болса, ол – контейнер. Әзірге 70 контейнерге қаржы сұраймыз. Биылдан бастап «Комкоз Жаңақорған» ЖШС-мен меморондумға отырдық. Олар жыл басынан бастап полигон аумағын тазарту жұмыстарын жүргізуде. Тазалыққа байланысты облыс әкімінің қаулысы шықты. «Үлгілі ауыл, үлгілі аудан» деген номинациялар бойынша 1-наурыз бен 1-маусым арасында арнайы байқау өтеді. Осыған кент әкімдігінің қызметкерлері, қоғамдық негізде жүрген азаматтар және жеке кәсіпкерлер ат салысуда. Кент келбеті көркейіп, көшелер кеңейтіліп, орташа жөндеуден өтіп, жарықтануда. Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті. Солай бола тұра сауда нүктелері қаз-қатар орналасқан базар аумағы неше жылдан бері қоқыс қалдығынан көз ашпай келеді. Осы маңда тау болып үйіліп жатқан қоқыстар қадам сайын кезігеді, – дейді жауапты маман. Кентте жыл сайын тазалық шарасына 64 мекемеден мыңға жуық адам қатысады. Олар кенттің кіре берісінен бастап, барлық аумақта тазалық ісін қолға алады. Сөйте тұра, кенттің тазалығы сын көтермейді. Топырағы мен қара батпағы емге дәрі киелі мекенге жер-жерден шипа іздеп келушілер көп. Солардың бірі: «Сіздер тазалыққа аса мән бермейді екенсіздер. Ұшып жүрген целлофан қалталар мен босаған бөтелкелерді арнайы қоқыс жәшігіне тастауды әдетке айналдыра алмапсыздар» деген еді. Қоқыс жәшігі қойылса, ізбе-із сындырып немесе өз аулаларына кіргізіп алатындар аз емес. Содан болар, тазаланған аймақ келесі сенбілікке дейін қоқысқа толып, еңбекті еш етеді. Бұған халықтың мәдениетінің төмендігі себеп. Күнделікті өмірде көшеге қоқыс төгу, қап-қап тұрмыстық қалдықтарды жол бойына үйіп қою белең алды. Бәлкім, тазалыққа мән берілмеуіне көше комитеттерінің ықылассыз жұмысы да себеп. Кентте 170-тен аса көше болғанымен, 138-сі ғана ресми тіркеліпті.
Сана тазармай, кент те, дала да тазармайды. Бұл сөз ұдайы айтылып жүрсе де, тұрғындар арасында тазалыққа бетбұрыс байқалмай тұр. Күлқоқысты ретсіз тастап, қоршаған ортаны ластау фактілері де жиі тіркеледі. Осыдан қалай арыламыз? Бұл жөнінде «Нұр-Шах» тазалық мекемесінің басшысы Нұрлан Садуақасов былай дейді: – Тұрғындар арасында «тазалықты тек тазалық мекемесінің қызметшісі жүргізеді» деген пікір қалыптасқан. Күнделікті кестемізді жер-жерге іліп, әлеуметтік желіде жарияласақ та көп тұрғын қоқысын көшеге беймезгіл уақытта шығарып, оны ит-құс шашып, жартысы желмен ұшып, келеңсіз жайтқа әкеліп соғуда. Сондықтан әрбір тұрғын қоқысты кестеге қарап шығарса, тұрақты тәртіп қалыптасар еді. Қазір кент әкімдігінің тапсырмасы бойынша тазалыққа катты мән берудеміз. Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 5 жыл болды. Кент 5 секторға бөлінген. Біздің жігіттер сектор-секторға бөлініп, кент көшелерін қоқыстан тазартуда. Жалпы, кентте 138 көше тіркелген. Тұрғындармен келісім жасап, аптасына бір рет қоқыстарын өзіміз алып кетеміз. Айына небәрі 1000 теңге төлейді. Кәсіпкелерлік нысандармен келісім-шартқа отырып, айналасын тазалап отырамыз. Сіз айтып отырған жайды орталық базардың басшысына айтып, ескерткенбіз. Арнайы контейнер алу керек. Егер арнайы қоқыс жинайтын контейнер алмаса біз олардың қоқыстарын алып кете алмаймыз. Көбіне тұрғындар қорадан шыққан малдың қиы мен қайта өңдеуге жарамды заттарды араластырып тастайды. Соған іштей ренжисің. Келешекте заң талабы қабылданып, тариф бекітілетін болады. Біз сол маңда болып, қайта өңдеуге болатын заттарды сұрыптайтын боламыз. Заң Кодексінің 351 бабында полигонда қандай затты қабылдау керектігі көрсетілген. Сұйықтық заттар, баклашка, тамақтың қалдықтарын тастатпау үшін қатаң бақылау керек. Әзірге полигонның ішісыртын тазалап жатырмыз, График бойынша таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс кестесін түзіп, тәртіпке бағынбағандарға шара көріледі. Осы ретте айта кетейін, жылдың басынан бастап кент әкімдігімен меморондумға отырып, қоқыс тастау алаңын жандандырып жатырмыз. Келешекте қоқысты қабылдап, сұрыптайтын базамызды полигон маңына көшіруді жоспарлап отырмыз. Қайта өңдеуге келетін тұрмыстық қалдықтарды сол жаққа апарып өткізетін болса, кез келген тауарды сатып алуға дайынбыз. Қадыр Тағаев көшесінің тұрғыны Әбусейіт Ермекбаев: – Жауапты мекемелер таң атысымен қоқыстарды жинап, үйіміздің алдынан алып кетіп жатыр. Соның өзінде қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті, өлексе ит-мысықтың иісінен аузы-мұрнымызды жауып әрең өтеміз. Орталық көшелер тазалығына, кәдімгідей қуанып қаламын. Айнала мұнтаздай тап-таза, көше шамы жарқырап, әдемі ғимараттар көбейіп келе жатыр. Шеткі көшелердің көбінде бұл талап сақталмайды, – десе, кент тұрғыны Сәуле Нұрланқызы: Жол бойындағы арықтардың ішіне күлқоқыс тастайтындар бар. Адамнан ұят кеткен заман болды. Тапа-тал түсте қолындағыны лақтырып, көшені ластап кете баратындар көп. Айналасынан ұялмайды. Бәлкім көшелерге қоқыс тастайтын жәшіктерді көбірек орнатса, қарапайым жұртшылық соған үйренетін шығар, – дейді. Айта кетейік, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, пластик өнімдер мен ағаш, темір заттары болып жікжікке бөлінеді. Керек десеңіз, тамақ қалдықтарының өзінен биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Мәселен, Францияда қоқысты өртейтін кешенді зауыттар қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз аллюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазын өндіреді екен. Ал, көршілес Қытай елінде бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Әлемнің озық елдерінде қоқысты өртеуге қатаң тыйым салынған. Өйткені, тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп ауаны ластайды. «Таза табиғат – халық байлығы» деп жатады. Олай болса, қолда бар байлығымызды бағалап, әр адам өз ауласынан бастап тазалыққа жауапкершілікпен қараса нұр үстіне нұр.

                                                                                                                                                    Әсел РЗАЕВА
21 ақпан 2023 ж. 237 0