№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кенттің 65 пайыз тұрғыны келісімшартқа қол қойды

Кенттің 65 пайыз тұрғыны келісімшартқа қол қойды


«Тазалық – табалдырықтан басталады». Бұл қанатты сөз жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Себебі, ауданға жаңа әкім келгелі, тазалық мәселесі – күн тәртібіне қайта шықты. Бұған дейін, аймақ басшысы бекіткен екі айлық тазалық науқанында қызу жұмыс жүрсе, енді жыл он екі ай күн тәртібінен түспейді. Шындап келгенде, мемлекеттік қызметкер өзгенің ауласын, өзгенің көшесін жинауға міндетті емес. Әрбір ауданның тұрғыны өз үйінің ауласына, өз көшесінің тазалығына жанашырлықпен қарауы тиіс. Сонда ғана тәртіп те, тазалық та орнайды. Осы бағытта кент орталығында атқарылып жатқан жұмысты білмекке кент әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жарас Мырзалиевке жолықтық.


Оның айтуынша, бүгінгі таңға дейін, аудан әкімінің тапсырмасына сай тұр­мыстық қатты қалдықтарға қатысты көше тұрғындарымен келісімшартқа отыру жұмысы қарқын алған. Қолда бар мәліметке сүйенсек, кент тұрғындарының 65 проценті жан басына шаққанда айына 65 теңгеден төлеп, тұрмыстық қатты қалдығынан құтылуға келісім берген.
– Өздеріңізге белгілі, кенттің санитар­лық тазалығы – басты назарда. Қазіргі таңда кентте 134 көше бар. Барлық көшеге бір ғана тазалық мекемесі үлгермейтіндіктен екінші кәсіпкер қатарға қосылды. Енді 2-желтоқсаннан бекітілген шекара кестесіне сай қос мекеме үй-үйді аралап, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға кірісіп кетті. Бірі «Жаңақорған-Тазалық» серіктестігі, екіншісі «Нұр-Шах» дара кәсіпкерлігі. Бұған дейін тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізіп, ақылы мақсатта тазалауға келісімшартқа отырған. Дәл бүгінге кенттегі 5000 отбасының 65 проценті келісімшартқа қол қойды. Алдағы уақытта қалған халық та түсіністік танытып, кент тазалығына жанашырлық танытады деген ойдамыз, – дейді Жарас Мырзалиев.
Аймақ басшысының бекіткен 2 айлық тазалық науқаны өз мәресіне жетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ендігі кезекте тұрғындар тазалық мәселесін дұрысынан қабылдап, көше мен аула тазалығына салғырттық танытпаса екен. Әкіммен тілдесу барысында Жарас Мырзалиев қоғамдық ақылы негізде жұмыс жасап, кент тазалығына қомақты үлесін қосып жүрген бір топ анаға алғысын білдірді. Олардың қатарында Рахия, Дүйсенкүл, Күнсұлу, Гүлмира сынды аналарымыз бар. Аталмыш нәзікжандылар ертелі-кеш Жаңақорғанның сыртқы шыға-берісі мен кенттің бас көшелерін тұрақты тазалап тұрады. Әрине, жаз ауасы аптап ыстықта, қыс мезгілінде қытымыр аязда көше бойынан жаяу қоқыс жинау оңай шаруа емес.
Сондай-ақ кент әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жарас Мырзалиев өз сөзінде келесі жылдың бюджетіне қос тазалық мекемесіне 200 дана қоқыс салатын контейнер мен кенттің сыртқы шыға беріс аумақтарына бейнебақылау камерасын қоюға қаржы жоспарланып жатқанын жеткізді. Себебі, кенттің шеткі аумағына жеке көлігімен барып, үй қоқысын төгіп кететіндер қатары азаяр емес. Оған қоса, 25 разъезд маңынан кенттің жаңа полигонын салуға құжаттары рәсімделіп жатқаны белгілі болды. Қысқасы, келер жылдың еншісінде тазалыққа қатысты қыруар жұмыс күтіп тұр. Әзірге қолда бар дүниені ұқсатып, сана мәдениетін қалыптастыруға жұмыс істеуде.
Иә, не десек те, тазалық тақырыбы өзектілігін жоймайтын қағида. Сондықтан сана мәдениетін жаңғыртып, тазалыққа деген оң көзқарасты қалыптастыру ләзім. Ол үшін... «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген нақыл сөзді күн­делікті қолданысқа енгізу қажет.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
04 желтоқсан 2019 ж. 979 0