№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сана тазармай, дала тазармайды

Сана тазармай, дала тазармайды


«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген тәмсілдің астарында қаншама мән-мағына бар десеңізші?! Әсіресе, індет белең алған шақта тазалық сақтаудың маңызын терең түсіне түстік. Бірақ ісіміз бен сөзіміз үйлеспей тұр. Жұма күні Қорасан ата көшесін бойлап келе жатып, шашылған қоқыстарды көзім шалды. Ұяласың! Сенбі күні қайта орталыққа бет алдым. Айнала мұнтаздай тап-таза, көз сүйсінеді. Сөйтсем, кентте кезекті сенбілік өтіпті. Аудан көлемінде жүргізілген қызу тазалық жұмысына барлық мекеме қызметкерлері жұмылдырылыпты. Күз бастала тазалық айлығы жарияланады. Бұл – керек-ақ! Бірақ тазалық кент тұрғындарына емес, мемлекеттік қызметкерге ғана керек сынды. Осы сенбілікте көкейге осындай ой қонды.


Апта сайын өткізілетін сенбілік шарасы тұрғындардың табиғатқа деген жанашыр қарым-қатынасын қалып­тастыруға және кенттің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталып-ақ келеді. Себебі қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалық табалдырықтан басталады десек, кенттің келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен жасыл-желекке жамылған гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығы. Шыны керек, көктем шықса, ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған кейіпке енетініміз рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине олардың бұл тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын туған өлкеге деген жанашырлық танытуы тиіс емес пе? Ортақ іске бөле-жара қарап, жауаптыларға жауапсыздық арқалатпай, түсінген адамға кент тазалығына ортақтасатын кезі келді. Еш болмаса үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді. Бұл сөзімізді кент әкімінің орынбасары Серік Сейдуалиев те қуаттай түсті:
– Кенттің тазалығын ұдайы қадағалап, тиісті жерлерге жауапты адамдарды белгілеп, тұрғындарды бір кісідей тазалықты сақтауға шақыру керек. Осындай нақты іске көшетін болсақ, ауданымыз көркейе береді. Ол үшін мекеме мамандары мен көше комитеттері бірлесе жұмыс істесе деген тілегіміз бар. Өздеріңіз де білесіздер, кент келбеті көркейіп, көшелер кеңейтіліп, орташа жөндеуден өтіп, жарықтануда. Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті. Солай бола тұра сауда нүктелері қаз-қатар орналасқан базар аумағы неше жылдан бері қоқыс қалдығынан көз ашпай келеді. Осы маңда тау болып үйіліп жатқан қоқыстар қадам сайын кезігеді, – дейді жауапты маман.
Кентте жыл сайын тазалық шарасына 64 мекемеден мыңға жуық адам қатысады. Олар кенттің кіреберісінен бастап, барлық аумақта тазалық ісін қолға алады. Сөйте тұра, кенттің тазалығы сын көтермейді.
Жыл басында Павлодар облысының Успен ауданынан шығармашылық бай­ланыс орнату мақсатымен арнайы делегация келген-ді. Олар біздің ауданның тазалығына үркей қарады. Аудандағы тарихи орындарға бірге барғанда, «Жаңақорғанның адамдары сондай жылы, өте қонақжай. Алайда қай жерге барсақ та қоқыс шашылып жатыр» дегені санамда әлі жаңғырып жүр. Бәлкім, біз осы өмір сүріп жатқан ортамызға үйреніп кеткен болармыз. Сонда қонақтарымыз: «Бізде ұшып жүрген целлофан қалталар мен босаған бөтелкелерді көрмейсіз. Көшеге орнатылған арнайы қоқыс жәшігіне тастауды әдетке айналдырған» деген еді.
Ал, бізде керісінше қоқыс жәшігі қойылса, ізбе-із сындырып немесе өз аулаларына қойып алатындар да кездеседі. Содан болар, тазаланған аймақ келесі сенбілікке дейін қоқысқа толып, еңбекті еш ететіні. Бұған халықтың мәдениетінің әлсіздігі басты себеп екені даусыз. Күнделікті өмірде көшеге қоқыс төгу, қап-қап тұрмыстық қалдықтарды жол бойына үйіп қою белең алды. Бәлкім, тазалыққа мән берілмеуінің бір себебі, көше комитеттерінің белсенділігі төмендігінде болар. Кентте 170-тен аса көше болғанымен, 132-сі ғана ресми тіркелген. Осы көшеде 80-ге жуық көше комитеттері нақтыланса, қалғанында енді сайланбақ екен.
Сана тазармай, кент те, дала да тазармайды. Бұл сөз ұдайы айтылып жүрсе де, тұрғындар арасында тазалыққа бетбұрыс бұру байқалмайды. Күл-қоқысты ретсіз тастап, қоршаған ортаны ластау фактілері де жиі тіркеледі. Осыдан қалай арыламыз? Бұл жөнінде «Нұр-Шах» тазалық мекемесінің басшысы Нұрлан Садуақасов:
– Тұрғындар арасында «тазалықты тек тазалық мекемесінің қызметшісі жүргізеді» деген пікір қалыптасқан. Күнделікті тазалық графигімізді жер-жерге іліп, әлеуметтік желіде жария­ласақ та көп тұрғын қоқысын көшеге беймезгіл уақытта шығарып, оны ит жыртып төгіп, жартысы желмен ұшып, келеңсіз жайтқа әкеліп соғуда. Сондықтан әрбір тұрғын өз көшесінде тазалық күнін біліп сол уақытта қоқысты шығарса, кенттің тазалығы қалыптасар еді, – дейді.
Кенттің келбеті – біздің бет-бейнеміз емес пе? Бұл жөнінде, газетіміздің әрбір нөмірінде жазылып, әлеуметтік желілерде талай мәрте қызу талқыланып жүр. Бірақ, тазалыққа мән беріп жатқанның қарасы аз.
Біз кент тұрғындарының тазалыққа байланысты пікірін білдік. Саяжай аумағының тұрғыны Әлия Ибраева:
– Рас, қай көшеге барсаң да үйіліп жатқан бөтелке, баклашка қалдықтары мен ақтарылып жатқан бала жөргектерін көремін. Жел тұрса ұшып, есігіміздің алдына келеді. Кейде таңертең аулаға шығып қалсаң, малдың басы, сирағы сынды заттар шашылып жатады. Қарапайым халыққа айтар едім, жауапты мекемелерден бөлек, әрбір үй тұрғыны өздерінің ауласын таза ұстаса, айналасын жиып-теріп отырса, мұндай олқылықтар болмас еді. Мысалы, өзім үйімнің айналасын күнде жинап отырамын. Есігімнің алды тап-таза болып тұрса, маған да жақсы ғой.
Ал, Қадыр Тағаев көшесінің тұрғыны Әбусейіт Ермекбаевтың сөзінше.
– Ауданымыздың тазалығын айтуға ұяласың. Жауапты мекемелер таң атысымен қоқыстарды жинап, үйіміздің алдынан алып кетіп жатыр. Соның өзінде қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті, өлген ит, мысықтардың иісінен аузы-мұрнымызды жауып әрең өтеміз. Орталық көшелерге қарасам көңілім жайланып, кәдімгідей қуанып қаламын. Айнала мұнтаздай тап-таза, жарықтар жарқырап, әдемі ғимараттар көбейіп келе жатыр. Тек, орталық көше ғана. Шеткі көшелердің барлығы адам шошырлықтай кейіпте. Менің өзімнің көршім бар. Балалары әлі кішкентай. Солардың бұтынан шешкен жөргектерін көшеге лақтырады. Оны ит тартқылап, алба-жұлбасын шығарып, желбіреп жатқаны. Еш болмаса, өз үйінен шыққан қоқысқа әркім өзі егелік жасауы керек қой.
Жөн-ақ, дегенмен тағы бір тұрғын Сәуле Нұрланқызының да өз айтары бар.
– Бізде сыйлы адамдар келетін кезде ғана көшелер тазаланып, су себіліп жатады ғой. Басқа кезде қай көше болмасын қоқыстан көз ашпайды. Жол бойындағы арықтардың ішіне қарасаң небір сұмдыққа көз түседі. Адамнан ұят кеткен заман болды. Тапа-тал түсте қолындағы қоқысын лақтырып, көшені ластап кете баратындар көп. Айналасынан ұялмайды. Бәлкім көшелерге қоқыс тастайтын жәшіктерді көбірек орнатса, қарапайым жұртшылық соған үйренетін шығар, – деді.
Айта кетейік, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, пластик өнімдер мен ағаш, темір заттары болып жік-жікке бөлінеді. Керек десеңіз, тамақ қалдықтарының өзінен биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Мәселен, Францияда қоқысты өртейтін кешенді зауыттар қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз аллюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазын өндіреді екен. Ал, көршілес Қытай елінде бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.
Әлемнің озық елдерінде қоқысты өртеуге қатаң тыйым салынған. Өйткені, тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп ауаны ластайды. «Таза табиғат – халық байлығы» деп жатады. Олай болса, қолда бар байлығымызды бағалап, әр адам өз ауласынан бастап тазалыққа жауапкершілікпен қараса нұр үстіне нұр.

Әсел РЗАЕВА

13 қазан 2021 ж. 678 0