Жақсыгүл!

Ешкімге ұқсамайтын өзіндік өмір жолы, өнерге деген көңіл-түйсігі бар, қатарларынан шоқтығы биік, ерекше жаралған жанның бірі Жақаң – Жақсыгүл Бегманова еді.
Өткен ғасырдың 50-60 жылдарының жастарының бәрінің бойында Отанын, елін-туған жерін сүю, ата-анасын, мектебін, мұғалімдерін, үлкендерді, соғыс ардагерін, еңбек адамдарын сыйлау, құрметтеу секілді патриоттық рух-сезімі басым болатын. Оның бәрі үлкендердің бастан кешірген нәубеттің (ашаршылық, репреция, соғыс) әсері де шығар. Тіпті аналарымыздың өзі колхоз жұмысында жүргенде халық әндерін, мұңлы соғыс жайлы әндерді ыңылдап айтып жүретінін еститінбіз Ол кездің балалары ата-аналарымен бірге масақ, мақта теруге, қырманға жұмысқа тартылатын...
Мектепте жүргенде-ақ Жақсыгүл патриоттық рухта өсіп, тәрбиеленді. Белсенді, білімді оқушы болды. Өнерді сүйді. «Биші қыз» атанып, сахнада өнерімен танылып, аудандық газетке суреті шықты. Өнерлі, белсенді оқушы есебінде Артекке де барды.
Нағашы атасы – Қыпшақбай ақсақалдың қолында өсті. Жақаң ол кісінің өзіне жасаған қамқорлығын үнемі айтумен өсті. Жақсыгүлді негізі сол кісіге тартқан деуге болады. Ол кісінің еті тірі, сауатты кәрия болды. Көргені көп, басшылық қызметтер де атқарған, сөзі уәжді-тура сөйлейтін, көзі қарақты, жөн-жолды білетін ауданға белгілі кісі екен (кейін ауданға қызметке келген соң, ол кісіні біз де көрдік).
Жақсыгүл – негізінде педагог болатын, педагогикалық училищені бітірген, балабақша меңгерушісі болып жүргені де содан ғой!
Өзі қызмет істеу үшін сол кезде міндетті түрде коммунист және жоғары білімді болуың керек болатын. Жақаң сол жолмен сырттай педегогикалық институтты да бітірді.
Айтпақшы, біз Жақсыгүл екеуміз сол 1973 жылы райкомда парткомиссиядан бірге өтіп, партбилетті қатар алғанымыз бар. Ол уақыттың саясатында интелегенттерді партия қатарына қабылдау қиын сирек болатын (көбіне тек еңбек адамдары ғана қабылданатын).
Кеңестік саясат Лениндік тең праволылық жайлы декреттің ізімен әйелдерді, қыздарды қызметке көтеру саясатын күн тәртібінен түсірген жоқ. Мұны сол кездің азаматтары ұмытқан жоқ. Жоғары жақты айтпағанның өзінде, аудан, ауылдарда білімді, белсенді қыз-келіншектер партия атқару комитеттеріне келе бастады. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары райкомға хатшы болып әуелі Р.Кұлжанова апамыз, кейіннен Г.Сәткеева (бөлім меңгерушілігіне М.Құлымбетова, Ж.Бадирова), ал атқару комитетіне Ф.Тілеубаева, М.Бегалиева апайлар, одан Г.Тұрғанбаева орынбасарлар болып қызмет атқарды. Болса да білім, мәдениет, денсаулық саласында оқу бітіріп келген қыз-келіншектер (мұғалімдер, дәрігерлер) көптеп келе бастады. Елде мықты, сауатты әйелдер аудандық мекемелерді, кенттік, ауылдық кеңестерді басқаруға тағайындалып, сайланып жатты. Мысалы Ж.Омарова апамыз ең үлкен аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесін 20 жыл, Г.Бакирова апамыз Бесарық ауылдық кеңесін 20 жылдай басқарып, абыройға бөленгенін көріп өстік. Бұл кезеңде әсіресе еңбек адамдарын, оның ішінде, әйелдерді көтермелеу, оларды депутаттыққа, марапаттарға ұсыну өте кең өріс алды. Мысалы, күрішші Қамар Үсенбаева, механизатор Халипа Түлкібаева, Әзия Қыстаубаева, Айша Наубаева үлкен жетістікке жетіп, еңбек даңқына бөленді.
Ал енді еті тірі, қолынан іс келетін белсенді қыз-келіншектерді ауылдық кеңестердің, мекемелердің, мектептердің басшылығына жіберу де сол кездің саяси науқанды жұмысының бірі болды. Міне, осындай кезде қабілетімен көзге түскен Жақаң жаңадан ашылған «Сунақата» кеңшарына ауылдық кеңес төрайымы болып сайланып, үлгілі жұмыс атқарғанынан хабардар болғанбыз.
Сол кезде кентке З.Шерімбетова төрайым болып істесе, бір-екі қыз ауыл кеңесті басқарғаны есімізге түседі. Одан отбасы жағдайымен Жақаң аудан орталығына ауысып, аудандық киноландыру жүйесін басқарды. Әрине, сала кең, ауылдарда киноқондырғылар бар, кент орталығында жазғы-қысқы бар-екі-үш кинотеатр жұмыс істеді. Жұмыс жеңіл емес еді. Әсіресе әйел адамға. «Көп энергиям кетті, шаршасам да намысты қолдан бермедім» – дейтін.
Тіпті кейін жекешелендіру заманында орталық алаңдағы жазғы клуб үйін әркімнің иеленіп кете жаздағанын, өзінің зорға қол жеткізгенін де бірауық сыр қып айтып есіне алып қоятын. Қазіргі аудандық ардагерлер кеңесі отырған «Ордакент» кинотеатр үйі «Менің кезімде салынып еді, көзіме оттай ыстық көрінеді» деп жүретін Жақаң. Соңғы 2012-2018жж аралығында біздер Жақаңмен бірге аудандық ардагерлер кеңесінде қоғамдық қызмет атқардық. Ол маған орынбасар есебінде алқа мүшесі болды.
Жалпы, кім жұмыс істемей жатыр. Заманына лайық неше бір ағалар мен апалар өз дәуірінің талай қызметтерін атқарып (арттарында ізі қалғандары бар, қалмағандары да көп) дүниеден өтіп кетті ғой. Бәрі де еске түседі, (жандары жәннатта болғай!). Жақында ғана дүниеден өткен-Жақаң Жақсыгүл Шәмшенқызы да сол жарықтықтардың қасына барып қосылды ғой. Бірақ Жақсыгүлдің артында ұмытылмайтындай ісі, ізі, өнер жолы қалған жан болғанын еске алып, ой-толғау жазуды тірлікте қатар жүрген азамат, құрбы ретінде өзіме міндет санадым. Яғни жан дүниесі ешкімге ұқсамайтын, тіршілікте құдай берген талантын, қабілетін, мәдениетке, өнерге, өлеңге құмарлығын өзіне өмір бойы серік еткен, (сол үшін өмір сүрген деуге де болады), жаны жайсаң, асыл ана, Жаңақорғанның Жақсыгүлі жайлы ой қозғағым келді. Біздер, тұздас-дәмдес болған қатарлары, оның өзін де, өнерін де сыйлайтын тілекшілері, «өнерді құрметтейтін әріптестері іздемесе, кім іздейді?» - дейсің ғой. (Әрине, отбасы, ағайын-туыс, балалары, немерелері, олармен өткізген тіршілік жолы бір бөлек әңгіме).
Иә, ауданымыздың өте белсенді, өмірге де өнерге де құштар, мәдениет саласының майталманы, дүниеден өткенше тынымсыз қоғамдық жұмыстар атқарып, артында қаншама өлең - жырлар, сазды әуендер қалдырып кеткен Жақаң еді ғой, деп еске аламыз. Бойында өнерге құштарлығы, адами қайсарлығы, туа бітті өжеттігі бар жанға сол өзі пір тұтқан жолға ештеңе де (тіпті денсаулық та, тіршілік қиындығы да) қарсы бола алмайды екен.
Сол 1967 жылы Жаңақорған ауданы өнерпаздары Алматыға телефильмге түсуге (атақты «Сыр сұлуы» ансамблімен бірге) аудандық мәдениет бөлімінің бастығы М.Бегалиева бастап Мәкең-Манап, Есіркеп, Мәриям Райымова, Жәдігер Тұрсынов, Орынбасар, Зада, Есендер және Зөреш, Бексұлтан бастаған «Сыр сұлуы» ансамблінің Жаңақорғандық мүшелері бар т.б өнерпаздар бар, Алматыға жол жүреді. Ал Жақсыгүл роддомда жас босанып жатқан екен. Соған қарамай, қайран Жақаң қолында алты күндік баласымен жоғарыдағы топпен Алматыға барып фильмге түскен. Сол жолғы Жақаңның ерлігі кезінде аңыз болып айтылып жүрді. (Менде сол 1967 жылы Алматыға барған өнерпаз топтың суреті бар, ішінде Зөрештер, Жақсыгүлдің қолында құндақтаулы сол ұлы).
Өзі қызмет істеп жүрсе де құмарлық қой, мәдениет үйінде өтетін концерттерге қатысады. Тіпті рижесер М.Райышеваның дайындаған қойылымдарына отағасы Сергейді қоймай ертіп барып жүріп екеуі де рөлдерде ойнап, кейін тәп-тәуір әртістер болып шықты. (Мұндай жағдай кезінде Қызылордалық халық әртісі Жібек Бағысова мен күйеуі Бурхан да болған екен).
Тағы да бір ер адамдардың қолынан келе бермейтін сондай істі Жақаңның орындағанынан көпшіліктің хабары болуы керек деп ойлаймын. Қай жылы ҰОС-да хабарсыз кеткен атасы Әбдірейім мен өз әкесі Шәмшенді әскери комиссарият арқылы іздеу салып және олар жерленген Ресей жеріндегі екі қаладағы бауырластар зиратына күйеуі Сергей екеуі арнайы барып, елден өздерімен бірге ала барған туған жердің топырағын бейіттің жанына салғанын, арнайы құран бағыштап өздерінің перзенттік парыздарын өтеп қайтқандарын айтып, риза болып жүретін. Әсіресе, тарихи Ржев қаласын қорғауға қатысқан қазақ жауынгерлердің өте көп қырылғанын (тізімнен көрген ғой) айтып, жаны ашып, көзіне жас алып, жағасын ұстайтын.
Сонда барғанда ғой, ауған соғысының батыры Б.Ертаевпен кездесіп (сапарлас болып) оның отансүйгіштік, патриоттық әңгімелерін тыңдап жігерленгенін айтып «Ән шығарамын» деп жүрді.
Жалпы Жақаң - елге ақындығымен қоса, сазгерлігімен де танымал болған өнерпаз. Ол әндерінің көбісін өзінің әріптес ағасы Адырбек пен ақын Ф.Сахиевтың өлеңдеріне және өзінің өлеңдеріне де жазатын (шығаратын). Жақаңның соңында өлеңдерін, әндерін қамтыған екі бірдей кітабы қалды. (Осы кітаптары ақын-сазгердің көзіндей болып қалған жәдігер десе де болады).
Жақаңның қазақтың арқалы ақын қызы, батыр қызы Фариза Оңғарсыновамен таныстығы, сыйластығы бір бөлек әңгіме. Ол Фариза апасының үйінде де болған, апалы-сіңлідей сыйласқан. Фариза Жаңақорғанға келгенде, бірнеше күн қасында бірге жүріп, сыр шертіскен. Сол келгенде шығарған Фаризаның «Сунақтың сұлу қыздары-ай» өлеңіне Жақаң ән шығарып, ол арнайы сахнада орындалып, елге таралып кетті. Ақын апасының шақыруымен Орал қаласында өткен ұлы жазушы М.Шолоховты еске алу жиынына арнайы барып қатысып, кеудесіне М.Шолохов медалін жарқыратып поездан түскенін көргенбіз.Ол жолғы сапарда көргендерін де айтып тауыса алмайтын. Тағы да жай қатысып қана қоймай, ең белсенділердің бірі болады ғой Жақаң.
Ешкім жарытып демеушілік те жасай қоймайтын, зейнетақыма құдай қуат берсін деп жүре беретін. Сондай бір жол сапар тіпті шетелге де түскенінің куәсі болғанбыз. Немере қызы Әзизаны (жап-жақсы даусы бар) алыстағы Германияға халықаралық конкурсқа өзі алып барып келгенін айтсаңшы. Қанша күн, қанша жол, қанша қаржы, әйтеуір есебін тауып (кімнің демеуші болғаны есімде жоқ) барып қайтты. «Әй өнерге құмар әженің көңілі-ай»- деп жүрдік. Сол Әзиза қазір әжесінің сенімін, еңбегін ақтап, тәп-тәуір әнші болды, жоғарғы оқу орнында оқып жүрді.
Соңғы жылдары өзі зейнетте жүрсе де, облыста ұйымдастырылған «Ұрпақтан-ұрпаққа» атты қоғамдық ұйымның (А.Божанова) Жаңақорған аудандық бөлімшесін ашып, өзі оның төрайымы болып тағы да қоғамдық жұмыс атқарғанын және оның жұмысын жандандырғанын білеміз. Ұйымның жиналысы, кездесулері, шығармашылық кештер т.б шаралары толып жатыр. Жақаң шаршамайды әрі ерінбейді, үйіне қарай каналдың үстінен салынған көпірдің үстінен (қолында қол сөмкесі) өтіп келе жатады. Жаяу қайтып бара жатады.
Жақаң, бір күні теледидар көріп отырсақ, Ақтөбеде үлкен бір әйелдер форумында отыр. Сол «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық ұйымының атынан облыс делегациясы құрамында барған ғой. Келген соң, Алмагүл сенім білдіріп, «Апай, сіз қатысатын беделді жиын» деген соң, қайтейін, барып қайттым, көріп қайттым»- деп қуанып тұр. Кеше сол Жақаң дүниеден қайтқанда Қызылорданың сол қайраткер қызы Алекең-Алмагүл Божанова қарындасымыз арнайы келіп елге, отбасына, балаларына көңіл айтып қайтты. Көз көрген, адами сыйластық, жаны таза ананы, оның еңбегін, өнерін сыйлау дегенің осы да. Өзі ықыласты жан уақыт табады. Жасы ұлғайса да аудандық Әлшекей атындағы өнер мектебінен басшыларымен келісіп, би үйірмесін (класын) ашып, оны тұрақты жүргізіп тұрды. Сондай-ақ біздің Ордакенттегі ардагерлер кеңесінің жұмысына да көмек берді. Менің ардагер-әжелер ісі жөніндегі орынбасарым болып жүрді, уақыт табады. Сол Ордакентте ұйым жанынан құрамы өзі бастаған   9 әжеден тұратын (Сырға, Кенжегүл, Айзада, Дариха, Гүлжауһар, Сәуле, Тынышкүл, Зөреш те бар) «Ақ әжелер» ансамблін ұйымдастырды. Оларға демеуші тауып, әдемі көйлек тіктіріп, қамзолдарын да ұйымдастырып, сүйемелдеушіге мәдениет бөлімімен байланысып Ә.Байкенжеевті пайдаланды. Ансамблден бөлек әнші жігіттерді (ардагерлерді): Әлібек, Бекболат, ізәтілла және күйші Әнәпия, ақын Файзулланы да өнерпаздар құрамына тартып, арнайы бағдарлама дайындады. (Не деген қайрат дейміз ғой, бір ай бойы демалған жоқ).
Сөйтіп, ҰОС-ғы Жеңістің 70 жылдық мерекесі құрметіне өткен (2015ж) Қызылордадағы «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты ардагерлер фестиваліне қатысып, «жүлдегер ұжым» атандық. Өзі осыдан 70 жыл бұрын «Оқушы кезінде» билеген «Балбырауын» биін билеп, С.Шаухаманов бастаған ардагерлерді, көрермендерді тәнті етті. Елге келген соң 2-3 ауылға концерт қойдық. Осының бәрінің ұйытқысы шаршамайтын Жақсыгүл болатын. Жақсы ұсыныстары- идеялары көп еді. Кейде менің мүмкіндігім болмай жатса, менің орныма сонау Арал, Қазалы аудандарында өткізіп жатқан ардагерлердің кезекті семинарларына бірде өзі, бірде Сырғаны серік етіп - екеуі барып, қатысып қайта беретін. Ақын жанды, шабытқа әуенге беріліп, үнемі көңілді жүретін. Шаршамайтынына таңқалып, «саған құдірет бойыңа қуатты ураннан, жүрегіңе күшті шалқыған шабыттан салып берген-ау»- десем, мәз болатын жарықтық.
Өзінің әріптестері театр режиссері М.Райышеваны, ақын ағасы Адырбекті, поэзия қадишасы Фаризаны, әнші-сазгер Бексұлтанды, арқалы ақын Нұрбергенді аузынан тастамайтын, қатты қадірлейтін. Кейінгі жылдары қазақтың қайраткер қызы Алмагүлді, қайраткер сіңлісі-Әзияны, жеңгесі- Зиякүлді жақсы көріп, іздеп жүретін. Ал Мұқағали жырға қосқан Фариза апасын құдырет көретін! Сондай-ақ, ақын- тележүргізуші Есімсейітова Қаршығамен апалы-сіңлідей сыйласып, Жақаңның 75 жылдық шығармашылық кешін Қаршыға арнайы таспаға түсіріп, телефильм жасағанына өте риза болып өтті.
Онша маңызды болмаса да айта кетейін, соңғы бір күндерде Жақаң маған қолқа салып: «Бір ән туып тұр, соған сөз керек, конкурсқа қатыссам деп едім, сіздің  оңтайыңызға келеді» деп жүрді. Мен ауырып қалып, қайрыла алмадым. Жақаң менің бұрын оның 75 жылдығына арнап жазған «Жақсыгүл құрбыма!» деген өлеңіме (2017ж) риза болғаны бартұғын. («Жаңақорған тынысы» газетінде жарияланған). Сосын менің 8 наурыз мерекесінде, туған күндеріне жазған арнау-әзілдерімді біледі ғой. Жақаң сол конкурсқа қатыса алды ма, қатыса алмады ма, нәтижесі не болды, соны біле де алғанымыз жоқ.
Иә, бұл өмірден осылай бір күн де тынбай жүріп, барлық өзінің ерекше қабілетімен, ақыл-парасатымен, өмірге деген құштарлығы толастамай, жақсы өлең, жақсы әнге ғашық болып шауып жүріп өткен Жақаң –Жақсыгүл еріксіз көз алдыңа келеді. «Апырай, көз тиді ме екен, көңіліндегі өлеңді, сазды әуенді іздеп, ойланып- толғанып жүріп миына, жүрегіне күш түсті ме екен» – деп ойлайсың ғой баяғы, Жақаңның ойланбай-толғанбай жүрмейтінін, үнемі шабыт үстінде жүретінін білетін біздер.
Көзі жылтырап, сөйлей де, ымдай да алмай жатқан сәттері де көз алдыңнан кетпейді. Өлең, ән түгілі «бір ауыз сөзге мүмкіндік бермей қойған құдайдың құдіреті-ай» - демеске, амалың жоқ.
Қазақта «өлдің-өштің» деген бір ауыр сөз бар. Бірақ ұлы Абай: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артыңа сөз қалдырған!» деген емес пе?! Осы сөзге Жақаңның да өмір жолы келетіндей, еліне, туған жеріне 60-70 жыл бойы тынбай қызмет жасап, еңбегінің ізі, ісі көп адамда бола бермейтін өнері, ақындығы, сазгерлігіне т.б қалған,Жаңақорғанның жарамды, жайсаң қыздарының бірі де бірегейі болғаны ел-жұрттың көз алдында шығар деп ойлаймын. Артында екі бірдей өлеңдер, әндер кітабының өзі оның ізі, сөзі, көзі емес пе? Облыстық «Сыр бойы», аудандық «Жаңақорған тынысы» газеттері беттерінде ол туралы әр кезде шыққан көлемді материалдар, өмірі-өнері жайлы ой-толғаулардың өзі де бір тарих деуге болады. Иә, Жақаң шындығында да тегін жан емес еді...
Сондығынан да, ардагерлер атынан ел-халық, әріптестерінің, билік өкілдерінің есіне сала отырып, кеше ғана ортамызда жүрген қайраткер қыз «көптің бірі»  болып ұмытылуға тиіс емес-ау деп есептеймін. Ол осы Жаңақорғанда өткен Манап, Есіркеп, Әмір, Бексұлтан, Нұрберген, кешегі өткен Адырбек, Айдархандардай ағалар мен Қадиша апаларымыздың көзіндей еді десек, артық айтқандық болмас. Ол мәдениет қайраткері, ауданның «Құрметті азаматы» атағының иегері болатын.
Жақында қырық күндігі өтті, енді жылдық асы да келер. Сондықтан «өлдің-өштің» болмай, оны есте қалдыру шараларын ойластыру жағы қарастырылса ананы, өнерді, тіршілігіндегі елдің алдында жүрген беделін, белсенділігін сыйлаудың үлгісі болар еді.
Шүкір, Жаңақорған кентінің аумағы тіптен кеңейіп жатырғой, оның төрт жағынан да түсіп жатқан үйлердің, көшелердің есебі жоқ. Жақсыгүлдің есімі солардың біріне қысқалау болса да берілсе дейміз ғой. Болмаса Жақаңның өзі қаншама жылдар бойы ары-бері жүріп жүрген «Тағзым» алаңы мен спорт кешені жанынан  өтетін жолдан бастап, өзі тұратын Жеңіс көшесінің бас жағындағы үйлерді, көшені қосып әрі қарай (каналды бойлап) №169 жаңа мектепке шығатын көшені рәсімдесе де болар ма еді. Осыны кент әкімі С.Садықов ойластырса. Ал аудандық ардагерлер кеңесі (Ө.Тақырбасов) оған қоса Жақаңның өз құрған «Ақ әжелер» ансамблін Жақаңның есімімен атауға қаулы шығарып берсе, ол Өмекең үшін қиын шаруа емес, (ансамбль мүшелері қол қойып, ұсыныс береді). Сондай-ақ аудандық өнер мектебіндегі би үйірмесі-класы Жақсыгүлдің есімімен сақталып, мұражайдан Жақаң жайлы арнайы бұрыш ашылса дейміз. Бұл өткенге (өнерге) құрмет, кейінге жас буынға тәрбие, өнеге болған болар еді.
Зейдабдин ШЕРМҰХАММЕДҰЛЫ
ауданның «Құрметті азаматы»
01 желтоқсан 2022 ж. 282 0