Жақсы апаның жаңалығы көп
Жаңақорған жерінде «Жақсы апа» атанып кеткен өнерсүйер қауымға бірдей таныс Жақсыгүл Бегманова биылғы жаңа жылды жарқын жеңіспен бастады. Тектілік адам бойына ананың сүтімен келетін ізгі қасиет десек, осы қасиетті Жақсыгүл апамыз өз анасы Ханшайым мен нағашы әжесі Дүйсенкүлден алған тәрізді. Өзі 1942 жыл сұрапыл соғыстың өршіген уақытында дүниеге келді. Сұм соғыс бұл отбасында айналып өтпеді. Әкесі соғысқа аттанды. Анасы тылда еңбекке жегілсе, шарананы әжесі Дүйсенкүл бауырына басты. Алланың құдыреті шексіз емес пе, бауыры шымырлаған әженің бойына сүт келіп, еміренген сәбиді ақ сүтімен әлпештеді. Ақ тымақтың ішіне салып ән мен күйді құлағына құйған нағашысы Қалмақан мен Дүйсенкүл әжеден бар өнерді бойына сіңірген Жақсыгүл 9 жасынан өнермен таныла бастады. Ақындық өнер нағашы жұртынан қонған көрінеді.
Сонымен қатар қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүріп, қыздар тобына жетекшілік етеді. 1954-1959 жылдары «Красный звезда» колхозын топан су алған уақытта ер азаматтармен бірдей жұмыс жасаған нәзік жанды аруды мектеп директоры Алексей Алексеевич «Алғыс хатпен» марапаттап қайсар қызды одан әрі жігерлендіреді. Орта мектептен соң Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищенің мектепке дейінгі факультетін аяқтап, еңбек жолын 1962 жылы өзі оқыған №52 қазақ-орыс орта мектебінде бастаған. Жұмыс істеп жүріп Қорқыт ата атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, жоғары білімді маман атанады. Отбасы жағдайымен Жаңақорғанға қоныс аударып 1963-1972 жылдары балалар бақшасында меңгеруші болып еңбек жолын жалғады. 1970 жылы Халық театрында лауреат атанды. Облыстық мәдениет басқармасының жолдамасымен Мәскеуге сапарлап сол кездегі мәдениет министрінің қабылдауында болып, көршілес елде жоғары дәрежеде құрметке бөленді. 1973-1976 жылдары Жаңақорған ауыл советінің төрағасы. 1976-1988 жылдары Сунақата ауыл советінің төрағасы болып қызмет етеді. 1967-1991 жылдары аралығында ауылдық, кенттік, аудандық кеңестерінің депутаттығын қатар алып жүрген. 1992 жылы кентте алғаш театр ашып, облыс театрларының ішінде алғы орындағы мәдениет ошағына айналдырды. Сондай-ақ 2000 жылы «Ақ әжелер» ансамблін құрды. Осы жобасы әлі күнге дейін өміршеңдігін көрсетіп келеді.
2012 жылы 70 жасында ауданның құрметті азаматы атағын алып, облыстық қоғамдық бірлестіктің аудандағы филиалының төрайымы қызметіне тағайындалады.
– Біріншіден адам еңбек етуден жалықпау керек, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Ал екінші армандай білу керек. Армансыз адам қанатсыз құспен тең. Өмір бойы осынау үкілі үміттің жалына жармасып, соның жалын – қуатына жылынып келемін. Көкейімде бір бітпейтін түйткіл, бүгінгі қыз-келіншектердің тәрбиесі. Отбасының ұйытқысы – әйел. Сондықтан қыз баланы сабырлық пен шыдамдылыққа тәрбиелеу керек. Ұят деген ұғым бойтұмарымызға айналғанда ұлттың басынан бағы ұшпайды деп сенемін.
Бізді соғыс жетім етті. Әке мен шеше тірі тұрып бала жетімдіктің дәмін татуға хақысы жоқ.
– Бұйыртса 78 жасты алқымдайсыз. Өмірде де, өнерде де көптеген жетістіктерге жеттіңіз. Осы уақыт аралығында әттеген-ай деген сәттеріңіз болды ма?
– 1985 жылы Берікболым 17 жасында қыршын кетті. Осы бір жағдай мен үшін өмірімнің ең қиын сәті болды.
Жүрегімді жарып шыққан алғашқы «Аққу арман» әні осы ұлыма арналды. Бұл ән менің сағынышымның көрінісі іспетті. Өзімді әнмен, күймен жұбатып, өз-өзіме дем бердім. Құдайға шүкір халқың қорған болғанда қайғыны да жеңеді екенсің.
– Бүгінгі жас сазгер, әншілердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Жастың жүрегінде от, сөзінде жалын болу керек. Бүгінгі жастар ізденімпаз, жан-жақты, өмірге құлшынысы жоғары. Осы тұсын артықшылық деп айтар едім. Ал кемшілігі, шет елге еліктеушілік көп. Ашық-шашық сахнаға шығуға құмар. Сахна киелі мекен, оның да өз ережесі бар. Әр қазақ қазақи рухты бойына сақтап, салт-дәстүрді ұстанса сонда ғана жетістікке жете алады. Көрсеқызарлық ешқайда алып бармайды. Батыс мәдениетінің жақсы тұсын қабылдап, бізге жат тұстарын ысырып тастау қажет. Ең бастысы, өнерді сүйіп, соны құрметтеу, осыны сезіне білген жан ешқашан өнерге сатқындық жасамайды, – дейді ол тебірене.
Өмір жолы тағылымға толы жан 2006-2008 жылдары алпысты алқымдағанда «Жақсыгүл Бегманова» атындағы би сыныбын ашып 6 би үйірмесінде 200-ден аса шәкірт тәрбиелепті.
Зейнетінің бейнетін көріп жүрген Жақсыгүл апа әжелер өнегесі – ұлт қазынасы, ұрпағына ұлттық тәрбиенің, ізгіліктің дәнін сепкен Зере мен Айғаным әжелер секілді қоғамда ерекше болмысымен дараланған әжелерді халыққа таныту, отбасындағы әжелер институтының беделін көтеру мақсатында ұйымдастырылған «Қызылорда» телеарнасының «Әй-әй әжелер» жобасында белсене қатысып, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосу жолындағы еңбегі үшін «Қайсар әже» номинациясын иемденді. 2019 жылы аудандық іскер әйелдер форумында «Қажырлы, қайратты ана» номинациясымен, Алматы қаласында «Өнерлі елдің өресі биік» ата-апалар өнер байқауында бас жүлде, сазгер, ұстаз Тайып Құрманұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Әнге айналған – Туған жер» облыстық сазгерлер байқауында алғы орыннан көрінді.
Өмірі өнермен өрілген өнер майталманын Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев пен ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Телқоңырға арналған төл әуендер» атты «Сөз бен саз» бағдарламасының республикалық XXVII концертіне арнайы шақырту алып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, алғыспен оралды. «Маңғыстау» телеарнасы Жақсыгүл Бегманованың өнері мен өмірін 1 сағаттық бағдарламаға арқау етті.
Сазгердің әндері халық арасында танымал. Күләш Ахметованың сөзіне жазылған «Ұлы Отаным», өзінің «Астана», «Алыстаған ағалар», «Ғани ұрпақтары» патриоттық әндері мектеп оқушыларының әнұранына айналған. 70-тен астам әні мен «Берікбол», «Толғау» күйлері, бірнеше кітаптары жарық көрген.
Қазақ радиосында жыл басында бастау алған республикалық «Балапансаз» бағдарламасының балалар әндерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған ән байқауы мәреге жетті. Қазақстанның әр өңірінен 400-ге жуық балалар әндері додаға түскен байқауда Жақсыгүл Бегманованың «Батыр бала» әні үздік деп танылып, қазақ радиосының марапатын иемденді.
Әділдік пен жанашырлық, қол ұшын беріп көмегін аямауды отбасындағы тәрбиеден көріп өскен ол, еңбек жолында осы ұстанымды ту етті. Бүгінде еңбектен қол үзбеген талантты өнерпаз қоғамдық жұмыстардан шет қалған емес.
Шығармашылығына демеу болып қасынан табылған жақсы жандар Бірлесбек Алияров, Абай Жанпейісов, Сара Есболғанова, Ғалия Тұрабаева, Хадиша Баязитова, Баян Божбанбаева, Ажар Мәжитқызы және Орынтай Қалекеев, Керімхан Егізбаев, тағы басқа тілекші тұлғаларға алғысын білдіруді де ұмыт қалдырмады. Иә, “жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” деген даналық сөз текке айтылмаған.
Өмірде де, өнерде де қасынан табылған жолдасы Сергей екеуі сахнада да бір елі ажырамаған екен. Мұның өзі ауыл өмірінде өзгеше қасиет екені анық.
Майра ҒАНИЕВА