№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Дәрігер – қоғамның қамқоры

Дәрігер – қоғамның қамқоры


Бала жасынан дәрігер болуды қалап, арман асуын бағындырған балапан тілек орта мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе медициналық институтына оқуға түседі. Мақсаты – туған жерге оралып, дәрігер болу. Еңбек жолын аудан орталығындағы ауруханада ренимотолог-анестезиолог болып бастады. Тұңғыш реанимация бөлімінің ашылуына мұрындық болып, өзі сол бөлімді он бір жыл басқарды. Аурухана қабырғасында алпысыншы жылдары осы өңірде дәрігер болып «аңыз адам» атанған Молдахмет Бақбаев ағасына бұрыш ашып, есімін тарихқа қалдырды. Бұл кісінің жас дәрігердің өмірінде өзіндік орны бар. Әкесімен екеуі жақын жолдас болған. Анасы бұл перзентіне жүкті кезінде дәрігер Молдахмет іштегі баланы ұл деп жорып, есімін өзім қоямын деп ескерткен. Мамыр айының борандатқан дауылды күнінде дүние есігін ашып, Боранбай деген есімді еншілеп үлгірген шақалақты көруге үйге соққан дәрігер ағасы аузына түкіріп, мен сияқты дәрігер болсын деп Молдахмет деп ат қойыпты. Оның Молдахмет аталуының тарихы осындай.

Соңғы ширек ғасыр Жаңақорғандағы екі шипажайда қызмет атқарып, өз қолтаңбасын қалдырып отырған бас дәрігер Молдахмет Искаковпен тілдесіп, қоғамның көшбасында жүретін үлкен жүректі азаматтың алдағы жоспарлары жөнінде ой бөліскен едік. Алғашқы сауалымыз бал қылықты балалық шақ суреттеріне ойысты.
– Соғыс жылдарынан бастап емдік шипасы анықталып, алғашында әскерилердің госпиталі, кейін Одақ бойынша сүйек-буын ауруларын емдеу-сауықтыруға арналған кен орны ретінде танымал болған Жаңақорған шипажайы маңайында қаз-қатар қоныстанған үйлерден өріп шығатын бозөкпені өкімет арнайы автобуспен аудан орталығындағы №51 мектепке тасып оқытты. Басқа уақыттарда ойын алаңымыз осы курорттың айналасы еді. Сонда аппақ халаты мен қалпағы көз қызықтырып, сырттарынан қарап тұратын қаршадай баланы олар аңғара қоймайтын шығар. Ал мен сол кісілердей болсам деп армандап, аузымның суы құритын. Егенберді Әмитов, Нұрлақ Оспанов, Тайшыбек Мантаев сынды дәрігер ағаларымыздың шипажайға кірген-шыққанын қырағы күзетіп жүретінмін. Әкеміз осы санаторийде экспедитор болып істеді. Дәрігерлерді қатты сыйлайтын еді. «Қонаевқа барсам да Молдахметімді дәрігерлік оқуға түсірем». Бұл сол емдік кешенінде еден жуушы болып істейтің анамның алдына қойған талабы. Дінмұхаммед Ахметұлының елмен етене жақын екендігіне, қарапайым қазақ әйелінің қолқасын жерге тастай қоймайтын жүрегі жұмсақ жан екендігіне кәміл сенген ананың шын сөзі бұл. Ол кісінің үмітін ақтап, мектепті «Алтын медальға» бітіруге тырысқаныммен, бір сабақ – физикадан ұсталдым. Құжаттарымды жинап, Ақтөбе мединститутына аттандым. Өйткені Алматы мединститутына ол кезде кәдімгідей дағдыға айналған көрініс - ақшамен түсуге әкем ықырар бермес еді. Жоғарғы оқу орнына түскен соң жанымда жатақханада жайғасқан төрт жігіттің үшеуі осындай жолмен оқуға түскендерін жасырмай өздері айтып берді. Кейін сол азаматтар бірте-бірте дәрігерліктен қол үзіп кетті, - дейді ол.
Әкелері Ұлы Отан соғысының ардагері болғандықтан қан майданның сұрапыл кезеңдерін бастан кешкен, бейбіт өмірде қайғысыз қара су ішкен әр күннің қадірін жақсы білетіндіктен перзенттерін де тек жүрек тазалығына тәрбиелепті. Соларға адал ризық табу қамымен күмәнді нәрселерге көңіл қойған кезі болмапты. Санаторияны азық-түлікпен жабдықтауда Қызылорда ет комбинатына күнара қатынайды. Сондағы әріптестерінің комбинаттан жеке өзіне деп арнайы ұсынған шұжық-колбасасын тегін алудан бас тартып, салмағын өлшетіп, ақшасын төлеп қана құтханасына кіргізеді екен. Бұдан ұрпағын адал аспен ризықтандыруды қатты қадағалаған ақ ниетке куә боласыз. Адал маңдай термен асырап жетілдірген балаларының бөтен қылықтан ада, шынайы да мөлдір болмысының астарында осындай ұстаным жатыр.
– Дәрігер Молдахметтің реани­мация бөлмесін жабдықтап, өзі соған басшылық еткен жылдары кәсіби әлеуетіне, күн сайын ауыр науқаспен түскен жандардың өміріне араша болған еңбек жолына ел куә. Ол осы бөлімде он төрт жыл қызмет атқарып, 2004 жылдан бастап Жаңақорған шипажайына дәрігер болып ауысты. Тоқырау кезеңдері санатория басшысы Амангелді Абдуллаевтяң жанында жүріп көп нәрсені үйреніпті. «Таңертең аппах халатым кешкісін қап-қара боп шығатын. Неге десеңіздер, мен-сен деспей, ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кететінбіз. Қара балшық жағатын жігіттер жағы кочегардың жұмысын қадағалап, емделушілерге мінсіз қызмет көрсетуді басты назарға ұстадық. Еңбегіміз еш кетпей Қазақстанда алдыңғы қатарлы кеннің киесін сақтап қала алдық. Қазірде кенттің екінші жағынан ашылған шипажайда еңбек етіп келемін», – дейді ол.
Жаңақорғанда «Жаңарған Жаңа­қорған жастары» деп аталатын еріктілер бірлестігі бар. Осы ұйым жыл сайын елге жанашыр тірліктерімен танылып келеді. Тұрмыс-күйі төмен отбасыларға баспана кілтін сыйлауды дәстүрге айналдырған қоғам мүшелері бүгінге дейін алты баспананы иесіне табыс етсе, күні кешелері тағы екі үйді салып бітіріп, кембағал, мүгедек жандардың ағыл-тегіл қуанышына ортақтасты. Осы істердің басы-қасында Молдахмет, Қоғамбек сынды жігіт ағалары жүр. Бұларды жастармен тоғыстырған мешіттегі жамағаттың ауызбірлігі еді. Осы игі іске бәтуа сол мешіттегі басқосу кезінде ортаға салынып, ізгілікке құмбыл көңілдер іліп әкеткен. Біздің жасымыз ересек екен, жастардың арасында не бар деп жүрген жоқ, осы Молдекеңдер не шаруа болса да бірге атқарысып, қысқа тірлікте сауапты іске құлшына қадам жасауда.
Қай қоғамда болмасын дәрігерлер елдің саяси өміріне де өзгеше даралығымен дәрмен дарытып, дәтке қуат бола алатыны ғажап. Ақ халаты қандай кіршіксіз болса, жан-дүниесі де сондай таза, табиғатында аспайтын-саспайтын сабырлы болып келетін ақжелеңділер қауымы көпке үлгі. Олар адам жанының арашашысы ғана емес, қоғамның белтемірі, биік зиялылықтың үлгісі.
Біздің кейіпкеріміздің бүгінгі өмірі осы сөзімізге дәлел. Біз барғанда қағазға шұқшиып тізім жасап отырған үстінен түстік. Сөйтсек, елдегі кем-кетік, денсаулығы жоқ, мүмкіндігі шектеулі саналатын отбасылар жөнінде елеп-екшеп, сараптама жасап отыр екен. Кеше елге келіп -кеткен меценат бауырымыз Несібелі Жүсіпова бұл кісіге осындай отбасыларға көмек беруі үшін қаржы жіберген екен. Екі бірдей кемтар ағайындының үйіне үйден кіріп-шығатын туалет-әжетханасын қамдау қамын да осы бүгіндері іске асырмақ.
Кісі өмірінде мектепте білім берген ұстаздың орны бөлек. Бұл ретте біздің кейіпкеріміз бастауыш сыныпта дәріс берген Абыт Қайне­кеев ағайын мақтан тұтады. Болашақ дәрігерге химия-биология пәні мұға­лімдері Күләш Жайлаубаева және Бақыт Зайырованың біліктілік әлеуеті көп демеу болған тәрізді. 4-5-ші сыныпта жетекші болған Өмірбек Марсалиев ағайлары баянда сүйе­мелдеп, балаларды ән айтуға үйре­тіпті. Әлі есінде, сол жылдары Қара­қалпақстанның Қызылордадағы күн­­дері өтіп, Мәдениет үйі сахнасын­да бұ­лар Адырбек Сопыбековтың сөзіне жазылған ұстаздары Өмір­бек Марсалиевтің әнін хормен шырқаған. «Сарыарқаада жырласа Абай ақын, Бердақ ақын қайырған қайырмасын» деп аңыратқан ән жолдары сәби санадан өшкен емес. Жас өскінді патриоттық рухқа әнмен тәрбиелеудің бұл да бір үлгісі еді. Орыс тілінен сабақ берген Райхан Санақова ұстаздың қаталдығы кейін тіл мәселесінде қиналмауына жағдай тудырды. Дәрігер жігіт осы кісілердің барлығының еңбегін ілтипатпен еске алып, сол кездегі мұғалім статусының мығымдығына тәнті тұратынын да жасырмады.
Жас кезінен ата-анасы еңбек ететін санатория тіршілігіне жетіктіігі сондай, сонда ем алып жатқан мешел сәбилердің айналасынан айналсоқтап шықпайтын. Олар алты айлап ем қабылдайтын: ванна, массаж, свет алатын. Қазірде осы балалар бөлімі жабылып қалған, оған маманның жоқтығы себеп екен.
Өмірлік жар таңдау талабына келсек, «Көршінің қызы әдемі еді, әкесі де оның жақсы адамның» кері. Соғыста барлаушы болып, кейін бүкіл өмірін «Қазақ тұтқыны» романын жазуға арнаған идеал тұлға Сүлеймен Бекеновтың қызына қолын берді. Санаторийге жылда демалуға келетін Бүркіт Аяған бұл кісінің тарихи кітабына қатты зер салып, кино ісінің майталмандары – Талғат Теменов пен Серік Әзімов документальды фильм жасауға уәделескен. Сүлеймен аға өмірден озып, бұл іс тоқтап қалыпты.
«Денсаулық сақтау саласының үздігі», үндемей жүріп үлкен іс тындырған Молдахмет аға туралы бір үзік сыр осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 мамыр 2022 ж. 279 0