№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Дәрігердің жары


Кафканың ауыл дәрігерін еске түсіріп көрелікші: «Егер мен қыстың бір түнінде азынаған боранда қоярда-қоймай соғылған қоңырау әуенінің шақыруымен науқас көруге аттансам...» Тіршілік үшін күресте өмір періштесіне болысып, ажалға араша тұрар ақ халаттылардың айнымас анты бұл.
Жедел жәрдем көлігі дегеніңіз атымен жоқ кешегі қиын-қыстау шақтарда шалғайдағы қыстақтарда дәрігерді күтіп жатқан ауыр науқастарға тез арада ем-дом көрсетілуі керек. Оған қалайда амал қылып жедел жетуің керек. Сол кездегі ауыл дәрігерлеріне артылар ортақ міндет осындай еді.
Жаңақорған халқы 18 жыл денсаулық күзетінде қырағы қызмет еткен Молдахмет Бақбаевтың еңбегін ұмыта қойған жоқ. Аңыз адамның атының ұмытылмауының тағы бір сыры бар. Оның шапағатын көргендер дәрігердің құрметіне нәрестелеріне Молдахмет, Молдақыз деген есімдерді еншілетіпті.
Бар болғаны 44 жыл ғұмыр кешкен асыл аға егер тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Бүгінде ол кісінің көзін көргендердің қатары да сиреп қалды.
Ол 1956 жылы Жаңақорғанға бас дәрігер болып келгеннен кейін Одақтың тиісті басшыларына хат жазып жүріп аудан орталығындағы екі қабатты аурухана үйін салдырды. Бұл ғимаратқа Молдахмет Бақбаев атындағы ескерткіш тақта сол үшін қойылған. Ал 2014 жылы жеке музейі ретінде аудандық ауруханада «Молдахмет Бақбаев» атындағы кабинет ашылды.
Жақында аудан орталығындағы №163 мектепті бітіргендеріне 30 жыл толған түлектер көзі тірі ұстаздарының басын қосты. Солардың қатарында Шымкент қаласынан келген Үрбала апамыздың келуі жоғалтқан асылымызды қайта тірілткендей болды. Ол – дәрігер Молдахмет Бақбаевтың жары еді.
Алтынның сынығындай теберік тұлғамен орайын тауып, оңаша сырласудың сәті түсті. Сонымен аңыз да емес, ертегі де емес, өткен күндердің шынайы шежіресіне ден қойдық.
– Біз Молдахмет екеуміз түйдей жастымыз. 1928 жылдың төлдеріміз, – дейді апа ағынан ақтарыла. Ол орта мектептен соң Қызылорда медучилищесінде оқып, фельдшерлік мамандық алды. Мен Түркістан педучилищесін тәмамдадым. 1947 жылы қарашада екеуміз бас қостық. Мен Қосүйеңкідегі бастауыш мектепте мұғалім болдым. 1 мен 3-ті, 2 мен 4 класты қосып оқытатынмын. Ерім бір жылдан соң Алматы медицина институтына оқуға түсті. Мен жеті жыл ауылда ата-анамызды бақтым. Мұғалім екенмін демеймін, кетпен шаптым, отын арқаладым. Совхоз жұмысына жегілдік.
Молдахмет 1956 жылы оқуын бітіріп аудандық ауруханаға бас дәрігер болып келді. Жаңа аурухана салдырды. Тұрмыстың қиын уағы. Жедел-жәрдем жоқ, дәрігерлік құрал-жабдық жетімсіз. Жаяу-жалпылап, ілінген көлікке ілесіп, ал арғы бетке қайықпен қатынайтын еді. Менің қолымнан келетіні жағдайын жасап, тапсырмасын құнттай қылып орындау. Облыстағы бастығы Софья Мақашеваның мені мақтағаны бар: өзгелердей күйеуім ондай еді, мұндай еді деп шағымданып бас қатырған емес деп. Мен неге күйеуімді сөгуім керек. Мінезді адамға мін жұққыш келеді, мәпелеуден танбадым. Содан кем болған жерім жоқ, тағдырдың кеңшілігіне қауыштым. Үсейін мағзұм үйге бір келгенінде «Қыздаркүл мен сені маңдайға берген. Өсіңдер, өніңдер» деп разылығын беріп еді. Қыздаркүл де (мағзұмның өз келін), мен де 90-ды көрдік. Сол жасқа келгенше қолымыздан сөмкеміз түспей, туысты туысқа жалғауға жарадық. Батаның қабыл болғаны емес пе бұл?
– Атаның аузы дуалы, емі шипалы кісі болған дейді. Куә болған жағдайлардан әңгімелеп бере аласыз ба?
– Әрине. Бәрі күні кешегідей есімде. Бір күні түнімен жұмыста болып, таңғы жеті жарымда келген еді, тоғызда жұмысқа қайта кетті. Түскі асқа келгенде айтты: «Түнде асқазанға операция жасаппын. Жақсы шықты деді. «Қиналып келіп ем, жаным кіріп қалды» деп жатыр. Ал енді соны жасағаным менің есімде жоқ».
Тылсым дүниемен тілдесіп отырғандай, ем тағайындағанда түйсігінің дегеніне көбірек ден қоятын. Гиппократтың жазбасын түгел жатқа білетін.
Молдекең науқастарға өзі де дәрі жасап беретін. Оның бұл жердегі жәрдемшісі менмін. Бір күні Мырзахмет деген кісі қатты ауырып келді. Ауру тарихын айтып еді бір аптадан соң кел деп қайтарды. Маған осы мерзімге дәрі жасауды тапсырды. Бәрін айтқанындай орындадым. Жетіжылдық алоэ, бал, сосын шөптің басында болатын қара түйіршек дәріні беріп, жасалуын түсіндірді. Құтыға құйып, бір аптадан соң әзір болды. Осыдан соң әлгі кісі құлан-таза жазылып кетті.
Он бес жасар қыз эпилепсиямен ауырады екен. Оған миына суық тиген деп диагноз қойып, кәдімгі қаратікен тұзбен емдегені есімде. Ол қыз да сауығып, тұрмысқа шықты. Ал енді Ақылбек деген басқарма Қызылордаға барса құрт сүйекке түскен депті, «Молдахметті менсінбеп едім, түсіме енді» деген соң көрпеге орап үйге алып келіпті. Содан темір кереуетті босатып, үстіне төрт қабат текемет төсетті. Қой жүнінің қасиеті бар болса керек, астына тегеш тола әк қайнаттырды. Қымтап төсекке орап су боп терлеген кезде аузына сұйық дәрі тамызды. Қозының еті мен жас сорпасын ішкізді. Тәуірленген соң көз қып туббольницаға аялдатты. Өледі деп қайтарған кісіміз кешеге дейін өмір сүрді. Тағы бірде қолын сексеуіл қиып, қансыраған әйелге өз қанын бергені есімде. 10-15 жыл көтермей жүрген әлгі әйел қыз көтеріп есімін Молдақыз қойып еді, – деген апа тағы көп жайттарды еске алды. Әңгімесі бірінен бірі қызық. Ем-домдарды асығыс жазып алып жатырмыз.
Осылай отырғанымызда Жаңақорған санаториясының бас дәрігері Искаков Молдахмет келіп кірді. Апаның ауылға келген хабарын естіп, сәлемдесуге бұрылыпты. Бұл кісінің де есімінің тарихы бар. 1964 жылдың мамырында күн кенеттен суытып, борандатып анасы Хадиша үйде босанып қалады. Боранбай атана салуы оп-оңай еді, әкесінің жолдасы Молдахмет дәрігер келіп қап, баланы қолына алады, аузына түкіреді. Ол жай бала болмады, жолын қуып дәрігер болды. Дәрігер ғана емес, туған жердің медицинасын алға оздырған білікті тұлға, көшбасшы бола білді. Аудандық ауруханада тұңғыш реанимация бөлімін ашуға қол жеткізіп, өзі он жыл соны басқарды. Тарихқа тағзым ретінде 1997 жылы орталық ауруханада Молдахмет Бақбаевқа ескерткіш тақта орнаттырды. Мұның барлығын ол перзенттік парызым деп есептейді.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Молдахмет Бақбаевтың үлкен қызы Күләш әке жолын қуған дәрігер. Жамбыл қалалық ауруханасында терапевт болса, ұлы Бауыржан да Ақтөбе медициналық институтының түлегі, Шымкент қаласында тұрады. Үшінші перзенттері Сұлушаш ұстаздық етіп келеді. Келіні Айсұлу апаны анасынан артық мәпелеп отыр.
Дәрігердің жары, біздің негізгі кейіпкеріміз – Үрбала Дүйсенбекқызының өмірдерегіне тоқталсақ, ол 1956 жылдан 79-жылға дейін аудан орталығындағы №163 Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепте дәріс берді. 1963-69 жылдар аралығында Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы пединститутты сырттай оқып бітіреді. 1979 жылдан бастап Кентау қаласындағы Пушкин атындағы мектепте ұстаздық етіп, құрметті демалысқа шықты.
Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі Есенбаева Үрбала Дүйсенбекқызы қазірде Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер Кеңесінің мүшесі, қоғамдық шаралардан қол үзбей, ерекше атсалысып келеді екен.

Түйін: 40 жылдан астам уақыт ұрпақ тәрбиесіне тер төккен ұстаз-ана әлі күнге дейін болашақ тағдыры тізгінін бос жіберген жоқ. Екі облыстың арасын жол қылып, елдік шаралардың басы-қасынан табылып жүр. Жасы тоқсанға келсе де жанарының оты қашпаған, мерзімді басылымдарды құр жібермейді екен. Ең сүйіп оқитын газетім “Жаңақорған тынысы” дейді. Туған жердің тыныс-тіршілігін аңдап, игілігіне сүйініп отыратын жақсының көзі, теберіктің өзі ауданның “Құрметті атағына” әбден-ақ лайық деп санаймыз. Осы құрметімізді көзі тірісінде көріп кетсе нұр үстіне нұр болар еді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
11 маусым 2018 ж. 988 0