» » Жер тағдыры - ел тағдыры

Жер тағдыры - ел тағдыры


«Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы норманы Конституцияға біржола бекіту керек деді. Сондай-ақ бұл мәселе алдағы уақытта мүлде талқыланбауы керек. Сол себепті негізгі заңның 6 бабына жедел өзгеріс енгізуді тапсырды. Ел арасында жердің иесі – халық. Оның қойнауынан алынып жатқан байлық та халыққа тиесілі деген сенім жоқ емес. Президент осыны заңмен бекіту керек дегенді айтты.


Хош дейік, жер бетінде қара жердің қадірін қарапайым шаруадан артық бағалайтын жан жоқ, сірә. Өйткені қасиетті Жер-ана маңдай терін төккенге төсін иіп, алақанымен аялағанға асып-тасқан ризығын тарту етеді.
Осы орайда осы еңбегі үшін Нобель сыйлығына ие болған Америка жазушысы Перл Бактың «Жер» деген романы еске түседі. Романдағы басты кейіпкер Ван Лун үшін өмірдегі ең басты құндылық – Жер. Өзі тұрған өңірді ашаршылық жайлап алған кезеңде ол да отбасымен бірге қиын күндерді басынан өткереді. «Бүгін-ертең үзілетін шығармыз» деп отырғанында қаладан екі адам келіп, жерін сатуын сұрайды. Сонда ашуға булыққан Ван Лун: «Жерімді ешқашан сатпаймын. Балаларымды жерімнің топырағын шетінен кертіп беріп отырып асырайтын боламын. Сосын олар өлгенде денелерін осы жерге көмемін. Өзім де, әйелім де, әкем де осы жерде өлеміз» деп айғай салады. Сөйтіп таң атқаннан кеш батқанға дейін ұлтарақтай жерінде тер төкті. Абайша айтсақ, өз қайратына сүйеніп еңбек қылды. Қара жер де оны құр қалдырмады. Адал еңбегімен ақыры осы маңдағы ең бай, ең дәулетті адамның біріне айналды. Жерді кие тұтып, тіршілік көзі деп, тіпті адамның қаны мен жаны деп санайтын қастерлі мінез басқаның бойынан табылмаса да өз бейнетіне сыйынып, тағдырын қара жермен байланыстырған қарапайым еңбек адамының бойынан табылатындығының нақты дәлелі бұл.
Соңғы кездері туған жерімізде жер дауының ауыл асып Үкіметке дейін жетуіне қам қылып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген шаруа қауымын жазғырудан бұрын осындай табиғи мінезін жоғалтпаған жанкештілігіне сүйініп, сүйеу болу жарасар.
Бұл мәселелер туралы әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылуда. Бірақ жүректен өткізе білгенге кімнің қандай пікір айтқаны емес, көз алдындағы ауыл-ел тынысының айнадай ақиқаты ауыр тиіп тұр. Бұлай деуіміздің себебі бар. Кезінде тіршілігі дүрілдеген «миллионер» шаруашылықтың миссиясынан жаңылып, «Бөлінгенді бөрі жейді» деп ымыра қып, іргесін ажыратпай, ортақ табыстың тетігіне тірек бола білген көптің үмітін үкілей алмауы арға сын болды. Бұған дәлел-дәйек ұсынып жатпай-ақ бүгінгі елдің келбет-тұрқы әділ бағасын беріп тұр. Жекешелендірудің алғашқы кезінде-ақ өз алдына шаруасын бөліп, маңдай терін төгіп, «ортақ өгізден оңаша бұзауын артық көріп» өлермен еңбегін сауған көрші ауылдың тұрмысын көр де, бүгінге дейін арқа еті арша, борбай еті борша болып, бар үмітін үкілеп бала-шағасымен қоса бейнеттенсе де бір рахатына қауыша алмай әбіржулі күй кешкен, енді төзімі бітіп, төбесіне көтеріп келген ат төбеліндей топпен есеп айырысуға талаптанған түгіскендіктердің жағдайын көр.
Аққорғандықтардан бөлек 5 елді мекен еңбеккерлерінің атынан жер мәселесі жөнінде ізденіп жүрген тұрғындардың басты базынасы да осы мазмұнда өрілді. Олардың аудан әкіміне және аудан прокурорына жеткізбек болған ашық хатының мән-мазмұны төмендегідей: Еліміз егемендігін алған­нан кейінгі жекешелендіру саясаты бағытында 1996 жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен егіншілік және мал өсіру бағытындағы шаруашылықтар жаппай жекешеленіп, ауыл-аймақтардағы суар­малы және егістік жерлер, жайы­лым­дармен қоса тұрғындардың пай үлесіне бөліске түсті. Міне, осы науқанның кезінде әр ауылдан 20 пайыз резервтегі жер осы елді мекендердің 96-97 жылы өмірге келген жеткіншектерінің келешек пай үлесінің қоры ретінде аудан әкімдігінің кепілдігіне берілу керек екен деген желеумен халықтың келісімін алады. Кейін келе, бұл резервтегі 20 пайыз жер қолында күш-дәулеті бар жеке адамдардың қарауына рәсімделіп кеткені белгілі болады. Мәселен, Әбдіғаппар ауылында резервтегі үлескерлердің мыңдаған гектар жері жекенің қолына өткен. Өзгент, Машбек, Қожакент, Келінтөбе, Жаманбай батыр ауылының резервтегі жерін лауазымды тұлғалар және ақшалы кәсіпкерлер араға 6-7 салып, 10-15 жылға өтеусіз жалға алып, кейін өтеулі түрде заңдастырып алып отыр. Тұрғындар талабы жер туралы заң Кодексінің 103 бабы 2-бөлігінде нақты көрсетілген тәртіппен бұл аумақтағы жер сол ауылдың тұрғындарының үлесіне берілуі керек.
Осы тақырып аясында жергілікті ғалым, ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер Керімхан Егізбаев бұл бағытта нақ бүгін басшылық жіті назар аударуы қажет деп санайды. Сондай-ақ аудан прокурорының да заңдылықты сақтаудың басты кепілі ретінде қоғам мүлкін талан-тараж етуге тосқауыл қоя алған нақты іс-қимылы көптің құрметін оятып, сенімді бекемдеген сыңайлы. Көпті көрген қоғам қайраткерінің пікірінше, кезінде жекешелендіру саясатын желеу етіп, тұтас қоғамды қамтыған заңсыздықтардың зардабы кейінгі буынның жолын кесекөлденеңдеп отырған жағдайы бар. Бұл ағамыздың пікірі. Ол кездергі жолсыздықтар үшін бүгіннің жағасына жармасып, түрлі жорамал жасап, теріс пікір қоздатудың қажеті жоқ. Жерді иеленіп, өз атына рәсімдеп алған тұлғалардың қолында мемлекеттік актісі, конкурс талабы тастай құжатталып тұрғанымен түбі шикі, оны қопарып, айқай-шу тудырып, ауданның атын шығару да орынсыз дегенге саяды. Бұл орайда арға төрелікті беріп, көптің дегеніне көніп, меншігін қайтару – мәрттің ісі, мәселені мамыражай шешудің жалғыз жолы да осы. Жер – ауылдағы ағайынның алғы күнге үмітін артатын, ұрпағына да ұлықтап ұсынатын қасиетті аманаты. Онсыз келешегін де елестете алмайтын ел халқының уайым-дертін түсінуге болады. «Жер – анамыз. Ол жалаң ұран емес, нақты іспен көркейеді. Жерді иелігіне алған әрбір тұлға оған барын салып жұмыс жасайды. Ауылда алғаш рет жер бөлінгенде дүниеге келген 2 мың бала бүгінде 25 жастағы азаматтар, әрбір жанұяға 7 гектардан жер телімін бергенде 142 майда шаруашылық қаншама жасты жұмыспен қамтиды. Өндіріс ошақтары жоқ, күнкөрісін жерден ажыратып отырған ауыл халқының тілегі ескерілуі үшін жер телімдері түгел есепке алынып, мемлекетке қайтару талаптары бойынша заңды егелерін табуы тиіс».
Өзгенттіктердің мүддесін қорғап, мінберге шығып жүрген тағы бір ел ағасы осылай дейді.

Ауданда жер жөніндегі мәселелерді үйлестіретін комиссия бар, ол мәслихат шешімімен бекітілген. Жылдар бойы қордаланған мәселелердің өзіндік характеристикасын зерттеп-зерделеп, қалай болғанда мәдениетті өркендеуімізге бағыттау бүгінгі күннің басты талабы. Бұл орайда сол жерлерді бүгінге дейін пайдаланып, кәсіп өрісімен көпке қызметін арттырған кәсіпкерлердің де құқы бар. Бастысы, түбі бір ағайын елдік тұрғыда шешілетін мәселеде ортақ тұжырымға келіп, елдің жағдайын жақсартуда, жұмыссыздықты болдырмауда бір мәмілеге келгені маңызды. Мұндайда қазекемнің «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген мәтелі еске түседі. Ал, көптің көкейінде ұсақ-түйек нәрсе емес, аудан тарихында қалар тағдырлы тақырып түйіні тезірек шешілсе екен деген тілек тұр.

Баян ҮСЕЙІНОВА
26 сәуір 2022 ж. 1 192 0