№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жер тағдыры – ел тағдыры

Жер тағдыры – ел тағдыры


Жер шетелдіктерге сатылмайды. Жалға да берілмейді. 2016 жылдан бері көтеріліп келе жатқан жалпыхалықтың жүрек түкпіріндегі түйткілді мәселе қазақтың жерінің тағдырына анық бір араша – айнымас тұжырымды көздейтін ұлттың ұлы миссиясы толық қауқарына қауышты. Бұл қазақтың жерінің қауіпсіздігіне кепілдік береді.


Тарқатып айтар болсақ, халық талабына орай Президент Жарлы­ғымен ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұл­ға­ларға, шетелдік үлесі бар қазақ­стандық компанияларға, бұдан басқа қазақстандық азаматтармен заңды тұл­ғаларына жеке меншікке беруге қатысты мораторий осы жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Президент Ұлттық Сенім қоғамдық кеңесі отырысында осы мәселеге нүкте қоюды тапсырған болатын. Өткен айда Мәжіліске берілген Заң жобасында осы тапсырма мәресіне жетті, жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға да берілмейді, сондай-ақ шетелде жасайтын қандастарға беруге толық тыйым салынды. Ал бұдан бес жыл бұрын мораторий жарияланғанға дейін ауылшаруашылық жерлерінің белгілі көлемін 2022-2025 жылға дейін жалға алып қойған кәсіпорындар осы мерзімге дейін ғана жұмыс істеп, содан соң қайтарылып алынатын болады.
Қазақстанда жалпы шаруашылыққа жарамды 272 млн га жер бар. Оның 218 млн гектары ауылшаруашылық жер. 22 млн-ға жуығы ормандар, 4 млн га аумақта көлдер жүйесі құрайды. Мемлекет қарауындағы бұл жерлер Орман және Су Кодексі негізінде ешкімге сатылмайды және жалға да берілмеуі тиіс. Бұдан бөлек 15-20 млн га қала маңы және ауылға қарасты жерлер бар. Ендігі мәселе, осыжерлерді қалай игереміз?
Арнайы құрылған жұмысшы комис­сиясы осы бағытта жан-жақ­ты жұмысқа кірісті. Комиссия құрамында халық қалаулылары, қоғам қайраткерлері және әр саланың білікті мамандары қамтылған.
Жұмысшы топ мойнына жүктелген міндет өте жауапты, тұтас ұлт мүддесін көздейтін тағдыршешті мәселе бол­ғандықтан оған қоғам болып құлақ түріп, әрбір тынысын қалт жібермей бағып отыр десек те болады. Оған мүмкіндік те көп, комиссияның әр жиыны ашық,жариялы түрде қоғам талқылауына ұсынылып отыр.
«Жер – анамыз, ол жалаң ұран емес, нақты іспен көркейеді. Жерді иелігіне алған әрбір тұлға оған барын салып жұмыс жасайды. Оны келешек ұрпағына мұра етіп қалдыра алады. Бұл үшін жер жеке меншікке берілуі керек. Меншігінде жер бомағандықтан жұмыссыз қалып, көпшілігі қалаға сабылып, қаңырап бос қалған ауыл көп. Сол азаматтарды қайта ауылға қайтару үшін оларға жер беру керек». Жерді жекеменшікке сатуды жақтайтын Қазақстан малшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың пікірі осындай. Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев жерді меншігіне алғандар қолында бар мыңдаған гектар жер телімдерін банктерге кепілдікке қойып қыруар қаржымен шетел асып кетіп жатқан фактілердің де барын еске салып, халықтың ортақ меншігінің тағдырын бұлай тәлкек етуге болмайтынын ескертсе, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның пікірінше, жер жекеменшіктің емес, мемлекеттің құзырында болғаны маңызды.
Шаруалар үшін жерді жалға алу да жеткілікті. Ал егер жекеменшікке берсек ауыл қазағы жерге ешуақытта қол жеткізе алмайды. Сатуға түскен жерді шекті лимит қойдық дегеннің өзінде ақшалылар түрлі жолмен бөтен адамдардың атынан рәсімдеп болсын сатып ала алады. Мұндай заң қолданыста бар елдер қатарында Аргентина, Чилиді мысалға келтіріп, онда жастар жерге қол жеткізе алмай жұмыссыздықтан елдің кедей топтары қатарын қалыңдатып отырған мәселені алдыға тартты. Ал талай жылдардан бері жер кезегінде тұрған қарапайым халыққа 10 соттық, 20 соттық жер беру мәселесінде мемлекетке инфрақұрылымды тездетіп шешу маңызды. Сол сияқты мемлекеттік жерлерді 49 жылға жалға алған тұлғалардың кім екендігі ашық болуы керектігін ескертті. Бүгінде бұл тарапта жариялылық жоқ.
Оны беруді де, қадағалауды да міндетіне алған әкімдіктердің жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа барып, жасырып-жабуы жалғаса берері бек мүмкін. Соның салдарынан ауыл айналасындағы жерлердің түгелге жуығы жекенің қолына көшіп, тұрғындардың мал жаятын жер таппай тығырыққа тіреліп жүргені қазірдің өзінде ащы шындық. Жерді жекеге алуды біржолата заңдастырып беретін болсақ жағдай онан әрі ушыға түспек. Жерді сатып алған адам оның мәңгі иесі болсам дейді. Тоқсаныншы жылдардағы жаппай жекешелендіруге қатысты асығыс шешімдердің зардабын халық әлі тартып келеді. Сондықтан бұл мәселеде қырағы ұстанымынан танбай келе жатқан Мұхтар Тайжанның халықаралық тәжірибелерді де мысалға келтіріп айтқан ұсыныстары көп көкейіне қонымдылығымен құнды. Оның былтырғы айтқан ұсыныстары негізінде космомониторинг зерделеу жұмысы қолға алынып, жер телімдері түгел есепке алынып, мемлекетке қайтару талаптары бойынша жұмыс жүргізіліп, соның нәтижесінде қазірдің өзінде 4 млн гектарға жуық жердің жекенің қолынан алынғанын бұқараның білгені жөн.
Сонымен қатар ауылшаруашылық жерлер үшін бірыңғай салық тәртібіндегі өзгеріс, яғни салықтық айналымды өндірілген табысқа қарай емес, ешқандай игерусіз бос жатсын мейлі, жер иеленушінің меншігіндегі жердің көлеміне қарай белгілеу талабы да латифундистердің адымын қысқартуды көздейді.
Шаруашылық жерлерді мемлекет өз қарауына алып, агрозерттеулер жүргізіліп, неліктен оның құнарлылығы төмендеп кеткені анықталып, нақтылы жұмыстар қолға алынуы керек.
Бұл жерде мынаны да ескеру керек, комиссияның басым көпшілігін құрайтындардың көбінің иелігінде жер­лері бар, үкіметтен субсидия алып отыр, сондықтан жердің жекеменшікке берілуіне мүдделі. Бұл жерде бірдің емес, халықтың пікірі маңызды.
Жерді қандастарға беру мәселесінде де нақтылы ережелер бар. Сыртта жүрген миллиондаған қандастарымыз атақонысқа келіп ,тірлік жалғаймын десе оларға жер беруде жеңілдіктер қарастырылған, алдымен Қазақстан азаматтығын алып, жер иеленіп, жұмыс жасауда жергілікті халықпен теңдей құқын пайдалана алады.
Қалай болғанда ауылға дем беретін жаңа заңдар жиынтығы түзіліп, Парламент қарауына өтуі керек. Осы орайда әр сенбіде жұмыс тобының ұсыныс-пікірлерін қорытындылап, жеті өлшеп, бір кесуге талаптанған комиссия құрамында Айдос Сарым, Дос Көшім, Бекболат Тілеухан сынды қиырдағыны көзі шалар қыран тұлғалардың отыруы көңілге қуат.
Сонымен комиссияның бесінші оты­рысында жерді жекеменшікке беруге бес жылға дейін мораторий жариялау бірауыздан қолдау тапты. Ал жер мәселесі түпкілікті қалай шешіледі?
Осы жерде Америка жазушысы Перл Бактың «Жер» деген романы еске түседі. Романдағы басты кейіпкер Ван Лун үшін өмірдегі ең басты құндылық – Жер. Өзі тұрған өңірді ашаршылық жайлап алған кезеңде ол да отбасымен бірге қиын күндерді басынан өткереді. «Бүгін-ертең өлетін шығармыз» деп отырғанында қаладан екі адам келіп, жерін сатуын сұрайды. Сонда ашуға булыққан Ван Лун: «Жерімді ешқашан сатпаймын. Балаларымды жерімнің топырағын шетінен кертіп беріп отырып асырайтын боламын. Сосын олар өлгенде денелерін осы жерге көмемін. Өзім де, әйелім де, әкем де өз жерімізде өлеміз» деп айғай салады.
Сөйтіп таң атқаннан кеш батқанға дейін ұлтарақтай жерінде тер төкті. Абайша айтсақ, өз қайратына сүйеніп еңбек қылды. Қара жер де оны құр қалдырмады. Адал еңбегімен ақыры осы маңдағы ең бай, дәулетті адамның біріне айналды.
Жерді кие тұтып, тіршілік көзі деп, тіпті адамның қаны мен жаны деп санайтын қастерлі мінез әл-әзір қазақтың бойынан табыла ма? Сана деңгейімізді жетілдіріп, ұлы құндылығымыздың нарқын бел­гілеуіміз үшін уақыт керек болар? Осы ретте Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың: «Егер жерді таратып бере берсек, әрбірі 25 десятинадан жер алып, оны орыстың мұжықтарына сатып жіберіп, жерсіз қалған башқұрт халқының кебін кимесімізге кім кепіл?» деп қатты қауіп қылған уайымы еске орала кетеді. Жеке меншікке моратории жариялаған комиссия тұжырымы Жер заңын түбегейлі шешпесе де көңілдегі алаңды сәл сейілдеткендей болып тұр.

Баян ҮСЕЙІНОВА
27 сәуір 2021 ж. 2 907 0