№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үнемшілдік – ел дәулетін еселейді

Үнемшілдік – ел дәулетін еселейді

Дүние жүзін шарпыған пандемия жағдайы жер беті халықтарына ортақ ахуал ауыртпалығын арқалатып, алдағы күнге айтарлықтай алаң тудырып отырғаны жасырын емес. АҚШ сынды алпауыт мемлекеттердің өзінде жұмыссыздық өріс алып, күнделікті күнкөріс жағдайының күрделене түсуі өзгемізді де ойлантпай қоймайды.
Әлеумет дүкен сөрелерінде азық-түлік және нан өнімдерінің біршама қымбаттап жатқаны туралы дабыл көтеріп, наразы болғанымен нарық заңдылығы өз дегеніне бағындырмай тұрмайтынын да қаперден шығармаған жөн.
Тығырықтан шығудың басты талабы – азық-түлік молшылығын жасау. Ол кімнің қолында? Қазірде ауылдан қалаға ағылушылар емес, қаладан ауылға бет түзеу тенденциясы анық байқала бастады. Несібе ризығымызды алып өндірістен бұрын алақандай жерден  айыруға ұмтылуымыздың өзі адамзаттың ата-баба дәстүрімен қауышып, қара жерге қайта тәу ете бастағанының дәлеліндей.
Осы жерде америка жазушысы Перл Бактың «Жер» деген романы еске түседі. Романның басты кейіпкері Ван Лун үшін өмірдегі ең басты құндылық – жер. Өзі тұрған өңірді ашаршылық жайлап алған кезеңде ол да отбасымен бірге қиын күндерді басынан өткереді. «Бүгін-ертең өлетін шығармыз» деп отырғанында қаладан екі адам келіп, жерін сатуын сұрайды. Сонда ашуға булыққан Ван Лун: «Жерімді ешқашан сатпаймын. Балаларымды жерімнің топырағын шетінен кертіп беріп отырып асырайтын боламын. Сосын олар өлгенде денелерін осы жерге көмемін. Өзім де, әйелім де, әкем де өз жерімізде өлеміз», – деп айғай салады.
Бір кездері осылайша аштықтан бұратылып өлгелі отырған, кетпені мен ұлтарақтай жерінен басқа түгі жоқ, оқу-жазудан мақұрым кедей шаруа кейін сол өңірдегі бай адамдардың біріне, өсіп-өнген, белгілі сыйлы әулетке айналады. Ал романның басында осы Ван Лун жүздеріне тіке қарай алмайтын қаһарлы, байлығы асып-тасқан Хван әулеті күндердің күнінде бар байлығынан айырылып тынады. Қалайша? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бірі таң атқаннан кеш батқанша тер төкті. Абайша айтсақ, өз қайратына сүйеніп еңбек қылды. Қара жер де оны құр қалдырмады.
Ал Хван әулеттерінің өкілдері болса күндерін сауық-сайранмен өткізіп, қолда барды төгіп-шашты.
Бірі жерді кие тұтты, тіршілік көзі, тіпті, адамның қаны мен жаны деп білді. Ашаршылық, құрғақшылық кезінде «Менің жерім бар, әлі-ақ қайтадан өнім береді» деген ой жұбаныш болды. Жерді өмірінің өзегі санады. Өле-өлгенше жерге басы иіліп өтті. Ал екіншілері, жермен байланыстарын үзіп алды және жер бірте-бірте олардың уысынан шыға бастады. Қазыналары ортая бастағанда жерлерін шетінен телімдеп сата берді. Сатып алушы кім десеңіз, ол маңдай тері сорғалап, бел жазбай ауыр еңбек етіп, тірнектеп жиған ақшасына жер сатып алуды, жерін кеңейтуді ғана ойлаған Ван Лун. Ақыры Хвандар оған барлық жерін сатып тынады. Жермен бірге бастарындағы бақ та кетеді.
Жалпы, «Жер» романының жарыққа шығуы 30-жылдарғы Ұлы тоқырауға тұспа-тұс келген. Тарихқа көз жіберсек, дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезінде миллиондаған америкалық кәсіптерінен айрылып кедейшілікке ұшырады. Міне, сол уақытта «Жер» романы оларға рух берді. Қиындықтарға қасқая қарсы тұруды, өте ауыр жағдайдың өзінде де ерік-жігерін жоғалтпауды үйретті. Тырмысып, тырысып еңбек еткеннің жақсы өмірге жетпей қоймайтынын көрсетті. “Көгалды қуып гөлайттап,  қызықты қуып жазды алғанның” жағдайы не болатынын да естен кетпес сабақ етті. Сол себепті де «Жер» романы кешегі Американың табанды еңбекке  және жермен етене жақын болуға деген сенімінің үздік үлгісі  саналады.
Бір қуанарлығы, ауыл қазағы тоқымдай қара жерді көз қарашығындай қорып, қос алақанның жылуын төгіп, баладай  күтіп мәпелеуінің нәтижесінде  адамзат басына төніп тұрған ортақ қатерде де  қатардан қалмай,  қарны ашпай,қырманын дәнге толтырып, алғы күнге тоқмейіл негіз қалап отыр. Соның қорытындысы,  ауданда өткен кешегі «Алтын күз» мерекесінде бірнеше еңбек озаттары ел алдына шықты. Ендігі мәселе, ауыл халқы қолда бар байлығын ысырап етпей, жерден терген несібесіне барынша құнтты бола білсе әлеумет ахуалының тұрақтылығына  кепіл болар еді.
Ауылдық жерлердің  әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл әйелдерінің  ролі де өте үлкен.  Жалпы әйел азаматтар ел тұрғындарының 52 пайызын құрайды. «Нұр  Отандықтардың» 56 пайызы нәзік жандылар. Еңбекке қабілетті 9 миллион азаматтың 40 пайызы әйелдер. Ішкі жалпы өнімнің әрбір үшінші бөлігі әйел адамдардың еңбегіне тиесілі. Тұрақтылыққа басты негіз қалап отырған ел ахуалының  сүйенішіндей ерге сенімді серік, уәдеге берік, қандай істе болмасын ұқыптылығы басым  ару – аналардың  отбасында ғана емес, қоғамда да осындай орны бар екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Бұл енді гендерлік саясат салтанат құрған соңғы жүзжылдықтағы замана шежіресі. Бұған дейін қазақ тұрмысында әйел-ана ошақ қасы, отбасынан ұзамай, отының берекесін келтіріп, ерінің түзден тауып келген несібесін төкпей-шашпай үнемдеп,  үй ішін талғажаудан тарықтырмауға  баоынша мұқият болған. Обал-сауапты білетін иманды әйелдің ұқыптылығының өзі жарты байлық есептеледі. Ол келіспеген жерде қанша тапқаның рәсуа болып, бабы болмағанның басы құралмай  берекең кетеді емес пе? Мұндайды қазекем не дейді? «Жоқ болған жаман, бар болып ұқсата алмаған одан да жаман»
Әйел адам ерінің тапқанынан оның рұхсатынсыз иненің ұшындай бөлігін болсын басқаның иелігіне беруіне болмайды. Ал өзі табыс тапқан жағдайда тапқанының бестен біріне ғана үкімі жүреді. Шариғат талабы сондай. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақтың қазаны оттан түскен жоқ. Малы алдында. Қайратына мініп, маңдай терін төгіп еібектенгенді қара жер де құр қалдырмайды. Тек тәуекелімізден танбай, әрбір күнді қанағатпен қарсы ала білгенді Тәңір өзі қолдайтынын ұмытпайық.
Баян Үсейінова
 
01 қараша 2020 ж. 425 0