№103 (8814) 31

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » «Нұрлы-сенім» шуақ сыйлайды

«Нұрлы-сенім» шуақ сыйлайды


Бүгінде бала тілінің кеш шығып, дұрыс сөйлей алмауы, ой-өрісінің дамымай, жетілмеуі, жүруінің кешеуілдеуі және өзге де осы сынды туа бітті ақауы бар бүлдіршіндер ата-аналарды ғана емес, қоғамды алаңдатады. Мұндай балалар біздің ауданда да аз емес, алайда, әр науқастың емін тауып, емдеуге болатынын білікті мамандар дәлелдеуге тырысуда. Осындайда балабақшалардың рөлі айрықша сезіледі. Біз солардың қатарынан «Нұрлы-Сенім» бөбекжайын көреміз. Неше жылдан бері қызмет жасап келе жатқан балалар мекенінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне ата-аналар дән риза. Осы жөнінде зерделеп көрдік.


Соңғы жылдары еліміздің білім саласына инклюзивті білім беру деген жаңа ұғым кеңінен енді. Инклюзив дегеніміз, қарапайым тілмен айтсақ, ерекше қажеттілігі бар, яғни ақыл-ойында, физикалық дамуында кемістігі бар балалар­дың қатардағы мектеп оқушылары­мен (балабақша тәрбиеленушілермен) тең дәрежеде білім алуы, бірге оқуы. Қазақы пайымға салсақ, оларды бөліп-жармау, өзекке теппей, өзімсіне бауырға басу. Соған байланысты логопед, дефектолог мамандарға сұраныс артты. Ал, ондай білікті кадрлар қазіргі уақытта санаулы. Мөлдір Әмірбекова жетекшілік ететін «Нұрлы-Сенім» қоғамдық қорында логопед болып қызмет істейтін Әйгерім Салмабаевамен тілдесіп, жауапкершілігі ауыр мамандық ту­ралы білуге тырыстық.
– Шыны керек, жыл сайын жарымжан сәбилер қатары көбеймесе азаяр емес. Бұған себеп көп, экологиялық, физикалық және басқа да әсерлер барын зерделеушілер жарыса жазуда. Маңыздысы, бал­ғындарды уақытында қалпына кел­тіріп, қатарға ертерек қосу. Біздің басты мақсатымыз осы. Ал, ата-аналардың кейбірі балаларының кештеу жетілуіне мән бере бермейді. Олар біріншіден уақытты күтеді, екіншіден арнайы мамандарға тап­сыруға арланады. Бұл қате пікір, сондықтан дер кезінде қолға алмасақ баланың болашағына балта шабамыз, – деді педагог.
Оның айтуынша, мұндай тәр­биешілер көбірек ізденіп, тәжірибесін толықтырып отыруы қажет. Өйткені, қоғамда әр түрлі денсаулығында кінәраты бар балалардың емдеудің жолы ауыр. Әйгерім де осы бағытта семинарлар мен тәжрибе алмасу курстарынан өтіп тұрамын дейді.
– 2003-2007 жылы Абай атын­дағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін қызыл дипломмен бітіріп, 2009 жылдан бастап Жаңа­қорған ауданының психоло­гиялық-педагогикалық түзету кабинетінде дефектолог маманы болып жумыс жасадым. 2015 жылы «Нұрлы-Сенім» қоғамдық қорына логопед болып қабылданып, 7 жылға жуық осы балабақшадамын. Жалпы қор 8 бағыт бойынша жұмыс жасай­ды, балалардан бөлек ата-аналарға да психологиялық тұрғыдан көмек беруге әзірміз. Балалармен жұмыс тобында екі қызметкерміз, әзірге 14 бала бар, қордың мүмкіндігі 30 балаға дейін жетеді.
– Балаларға қандай жатты­ғулар жасалады?
– Тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалык дамуы тежелген балалар көп келеді. Алдымен балалардың тіліне жаттығу жасалады, әріп айтуды, дыбыстармен жұмыс, одан кейін бетіне зондтық массаж жүргізіледі. Солай жалғастыра береміз, ойлау мен есте сақтау қабылетін дамытамыз. Жұмыс кестесі жазылған, сол бойынша күнделікті бақылау болады. Егер бір бала сол күнгі жаттығуды меңгере алмаса жекелей жұмыс жасауға тура келеді.
Жалпы ғалымдардың зерттеуі бой­ынша сәбилердің мұндай күйде болуының бірнеше себебі бар. Құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруларға ұшырауы, көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қатты шошы­нудан тұтығу пайда болуы секілді себептерді айтуға болады. Ең бастысы, баланың тілінің кеш шығуына ата-ана тәрбиесі үлкен рөлі ойнайды. Тағы да бір жайт бар, ол – бөтелке мен емізік дейді мамандар. Бала өмірге келгеннен кейін тыныш, жуас болады деп аузына емізік салатынымыз рас. Бұл үрдіс те баланың сақау, кекеш болуына ықпал етеді екен. Бұл сүт тістері шыққан кезде жайсыздық туғызады дейді педиатор мамандар. Негізі емізікті мүлде қолдануға болмайды. Қолданған күннің өзінде, кемі бала алты айдан асқан соң түбегейлі бас тарту керек. Егер балаңыз емізікті көп еметін болса, баланың ауыз қуысының дәмі өзгеріп, дұрыс тамақтануына зиян келеді. Емізікпен қатар балаға қосымша сұйық тамақтарды бөтелкемен беріп оған да бой үйретіп қояды. Мұның да зиянды тұсы көп.
– Қазір жасына толмаған бүлдір­шіндер сағаттап теледидардың ал­ды­нан шықпайтыны рас. Ал, ата-анасы болса, өз жұмысымен әуре болып жүреді. Тіпті, ата-әженің өзі немересін жанына алып, сөйлесудің орнына, телефонға телміреді. Бұл жерде ата-әженің мектебі үлкен рөл атқарады. Мен де қызымды осы орталыққа бергенмін. 4 жасынан осында, шүкір, жағдайы әлдеқайда жақсарды. Осында кішкентайларын жетектеп келгендер қызметкерлерге дән разы, – деді Мейрамкүл ана.
Иә, Әйгерім тәрбиеші туралы айтып, алғысын білдіруші тұрғындар көп. Бастысы, сапалы жұмыс болса болғаны, өйткені, олардың қолында бала болашағы тұр. Осы жүкті көтеріп, құрметке бөленіп жүрген Әйгерім Салмабаеваның расында еңбегі зор.
Заман өзгерген сайын баланың тәрбиесі де өзгерді. Бұрын балалар аулада жалаң аяқ құмның ортасында ойнап өсті. Ал, қазір олай ойнаған баланы кездестірмейтініміз рас. Топ болып аулада асық ойнағандарды мүлдем көрмейміз. Тіпті, асықтың не екенін білмейтіндер де бар. зерттеушілер мұның тағы бір сыры осы ұлттық әдет-ғұрыптан ажырағандықта да жатыр дейді. Сондықтан қазақы тәрбиені терең енгізіп, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер тыңдатып, ертегі мен батырлар жырымен сусындап өсірсек қанекей. Қалғаны уақыттың еншісінде.

Әлібек ТЕМІРБЕК
12 наурыз 2022 ж. 257 0