Жаңақорған ауқымды істер аймағына айналды
Бір жылды артқа қалдырып, тағы бір жылдың табалдырығынан аттадық. 2021 жылы коронавирус әлем елдеріне тез таралуына байланысты толық мүмкіндікті сарқа жұмыс істеуде кедергісі болды, дегенмен халықтың игілігіне айналған игілікті істер да аз емес. Өткен жылдың байыпты бастамаларын саралап, биылғы бағыт-бағдарды бағдарлау үшін брифинг алаңына аудан әкімі Руслан Рүстемовті шақырдық.
– Руслан Рүстемұлы, ең басты жетістікке нені жатқызар едіңіз?
– Елбасы айтқандай, біздің елдің басты жетістігі – қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы. Оның тағы бір айғағы, биыл демократиялық үрдіске сай тұңғыш рет 13 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті.
Өткен жылдың еншісінде ауылшаруашылығы саласында озық істер қалды. Неге десеңіз, Сыр өңірі бойынша екі жыл қатарынан мал шаруашылығын дамыту бойынша «Озат аудан» атандық.
Білім, спорт, мәдениет саласында озық дәстүрі қалыптасып, жемісті, жеңісті жолды жалғастырдық. Ағарту саласын атап айтар болсақ, биыл ҰБТ-ның қорытындысы және мемлекеттік грантқа түскен талапкерлер саны бойынша облыста алдыңғы орынға шықтық.
Жаңақорған ауданы спорт саңлақтарымен қашан да мақтана алады. Оған Дәулет Ниязбеков Токио Олимпиадасында өнер көрсеткені дәлел. Былтыр 5 спорт кешенінің бұқаралық спортты дамыту бағытында есігі ашылды. Жыл қорытындысымен аудандық спорт бөлімі республикада үздік атанды.
Мәдениет саласында дәстүрге айналған облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар өтіп, жеңімпаздар анықталды. Павлодар облысының Успен ауданымен рухани-мәдени ынтымақтастық орнап, екі ауданның мәдениет қызметкерлері тәжірибе алмасып, бірлесе мазмұны терең іс-шаралар атқарды. Біздің ауданның өнерпаздары солтүстіктегі шекаралық ауданға барып, ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы пьесаны сахналады.
– Дұрыс екен. Біздің ауданда қай салада болмасын озық дәстүр қалыптасты. Сіз үшін биылғы жыл несімен ерекшеленді? Соған тоқталсаңыз...
– Халықтың өмір сүру сапасын арттыруда талғамы мен талабы жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Оны әрбір ауылдық округтің халқымен жүздескенімде санаға тоқыдым. Сосын инфрақұрылымды жетілдіруді басымдық етіп, нәтижелі жұмыс жүргіздік.
– Тарқатып айтып берсеңіз...
– Биыл 23 кент және ауылдық округте 60,4 шақырым құрайтын 57 көшені және аудандық, облыстық маңыздағы 10 шақырымды жолды асфальттауға барлық деңгейдегі бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы қаралды. Нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 84-тен 87 пайызға, елді мекендердегі көшелердің қанағаттанарлық деңгейі 39-дан 51 пайызға жетті. Бұл – үлкен нәтиже.
Биылғы жылдың басты жетістігінің бірі – «Талап-Сырдария» топтық су құбырына 35 елді мекен қосылып, тұрғындар тәулігіне бірнеше сағат ауыз су алуға қол жеткізді. Одан бөлек, Төменарық, Сунақата, Екпінді ауылында ауыз суды үй-үйге кіргізетін сервистік желісі жүргізілді. Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма елді мекендерін сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жұмысына жоба-сметалық құжатын әзірлеп, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл жобалар іске асқанда ауданда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған тұрғындар үлесі 91,4 пайыздан 100 пайызға жетеді.
Енді су арналарын тазалау және кеңейту жұмысына келетін болсақ, облыстық бюджет есебінен Аққорған ауылдық округіне қарасты «Р-16-3» каналы мен Қожамберді ауылдық округіндегі «М-2» каналы тазаланып, су өткізу қабілеті артты. Аудандық бюджет есебінен Қаратөбе ауылдық округінде Сумағар магистралды каналынан КМК-на құятын Р-5-3 каналы бойынан ұзындығы 4 шақырымдық каналға тазалау және реконструкциялау жұмысы, Қыркеңсе ауылдық округінде Р-23 каналы, Аққорған ауылдық округінде Р-11 каналы, Келінтөбе ауылдық округінде Р-7-1, Р-12, Р-5-3 каналын тазалауға қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды.
«Қазсушар» РМК-ы Қызылорда облысы филиалы есебінен Сунақата магистралды каналының ПК 83-ПК 136 аралығынан 5,3 шақырымынан 30 мың текше метр топырақ шығарылды және Келінтөбе магистралды каналының бас сағасынан (Көктөбе ауылдық округінің тұсы) 1,37 шақырымы тазаланды. Сондай-ақ облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 8 дана СНП-500/10 дизельді насос қондырғысы сатып алынды.
Елді мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруде газдандырудың орны зор. Осыны ескеріп, 2021 жылы 7 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжатын дайындап, сараптамадан өткізуді қолға алдық. Нәтижесінде Ақүйік пен Қыраш ауылдық округінде биыл газдандыру жұмысы басталады. Сондай-ақ, Шалқия кенті, Құттықожа елді мекені, Жайылма және Кейден ауылдық округін газдандыру жұмысы келесі кезеңде жүреді.
Төменарық ауылдық округіне дейін Шиелі ауданындағы АГТС-тен құбыр тарту және Екпінді, Сунақата, Қожамберді, Сүттіқұдық елді мекендеріне шүмектер қалдырып кету жұмысы қоса жүргізіледі. Мұның бәрі өте ауқымды әрі маңызды жұмыстар.
– Елді мекен статусы жоқ Қауыққа да ауыз су барды. Құтты болсын!
– Рақмет! Өткен жылғы ең маңызды істер қатарына осыны жатқызар едім. Біз үшін үлкен, шағын елді мекен деген түсінік жоқ. Қай жерде адам тұрады, сол жерге ыңғайлы жағдай жасауымыз тиіс.
2015-2016 жылы әкім болғанымда ауыл тұрғындары шақырып, ауыз су мәселесін көтерген еді. Қызмет бабымен басқа жұмысқа ауысып, бұл істі аяқтай алмадым. Қайта әкім болып келгенімде «СКЗ-U» ЖШС басшылығына ұсыныспен шығып, істің маңызын түсіндірдім. Мұны компания қолдап, 7 отбасыдан құрылған 42 тұрғыны бар шағын ауылға су барды. Бұл – нәтижелі істің бірі болды.
– 2021 жыл табиғат тосын мінез танытып, құрғақшылық орын алды. Бірлік пен бекемдікті сынайтын шақта үлгілі іс, өнегелі өрім көрдік. Солай емес пе?
– Жүз жылда бір келетін табиғи жағдай орын алды. Арал өңіріндегі шаруалар қиындықпен бетпе-бет келді. Осындай сәтте жаңақорғандықтар демеу берді.
– Өндіріс саласы бойынша біздің аудан облыстың негізін құрайды...
– Дұрыс айтасыз! 2021 жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіру және өңдеу бойынша межені тиісінше 104-110 пайыз көлемінде орындадық. 2020 жылы бұл көрсеткіш небәрі 97 пайызды құраған еді.
Біздің ауданда «Қазатомпром «ҰАК» АҚ қарасты уран өндіретін өндіріс орындары, түсті металды өндеуді дамытуға негізделген «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, әк өндіретін «Премиум класс строй» ЖШС, қиыршық тас өндірісімен айналысатын ондаған компания жұмыс жүргізеді. 2022 жылдың көктем айларында «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы іске қосылады. Бұл компаниялардың ауданның әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруда үлесі қомақты.
– 2022 жылдың болжамы қалай?
– Халықтың әлеуметтік жағдайына, ауданның дамуына әсер ететін жобаларды ойластырып отырмыз.
2022 жылы облыс бойынша 4 балабақшаның құрылысы жүрсе, соның екеуі бізде, 6 мектеп салынса, оның екеуі тағы біздің ауданға тиесілі.
Келінтөбе және Машбек ауылында салынатын спорт кешенінің жоба-сметалық құжатын дайындау, Қаратөбе дәрігерлік амбулаториясы, Қашқанкөлде медициналық пункт, Төменарықта аурухананың жоба-сметалық құжаты әзірленеді. Сондай-ақ екі клуб үйінің құрылысын жүргізу жоспарда бар. Облыс бюджетінен аудандық маңызы бар 18 жолға қаржы қаралса, соның 4-уі Жаңақорған ауданының еншісінде. Олар: Аққұм, Қыраш, Талап, Шалқияға баратын жол асфальттанады. Екпінді мен Машбекте көпір құрылысы жүреді.
Ең бастысы – облыс бойынша электр желісін жаңғыртуға 5 жоба қаралса, оның төртеуі Қызылорда қаласы болса, біреуі Жаңақорған кенті. Бұл жоба жүзеге асса, кенттен шыққан жарамды бағаналар мен желіні ауылдық округтерге бағыттап, элетр желісін жаңартуға мән береміз.
Әзірге осы жұмыстарды ғана жария етейін. Бұдан бөлек ауқымды да маңызды жобалар бар. Оларды уақыты келгенде айта жатамын.
– Халықтың игілігіне бағытталған бастамаларыңыз баянды болсын! Жариялық пен ашықтықты ұстанып, брифингке келіп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіремін!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ