№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұңғыш Президентпен жүздескен жерлестер

Тұңғыш Президентпен жүздескен жерлестер


Өз басым Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінде білім алған кезімде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына сапармен келген-ді. Жоғары мектептің студенттері сол сапардың куәсі болып, ұзақтан болса да Елбасының нұрлы жүзін көрдік. Осының өзін үлкен бақытқа бөлеп, шаттанып, шабыттанып жүрдік. Осы күні Елбасының қабылдауында болғандар қандай бақытты адамдар деп ойлаймыз. Осы тақырыпта ізденіп, бірнеше жерлесіміз Нұрсұлтан Әбішұлымен жүздесіп, пікірлес болғанына қанықтым.


Ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер Хадиша Баязитованың 80 жылдығына қа­тысып, рухым кемелденгенін әлі ұмыт­паймын. Сонда Хадиша апай: «Иман. Ұят. Ақыл. Үшеуі тоғысқан жерде тату-тәтті өмір болады. Отбасын ұстап тұратын негізгі тірек осы – үш таған. Иманды адам ұяла біледі. Ал ұялу – ақылдан. Үнемі жүрген ортамда «Ерін сыйлаған әйелдің еңсесі биік» деп айтып жүремін. Әуелі Алла, ерінің алдындағы міндеттерін толық орындаған әйел нағыз бақытты жан. Бағалай білмегенге бақ қонбайды, айналайын шырақтарым!» деген сөздері жадымда әлі жаңғырып тұр.
Осындай кемелдікке жеткен ұстаз Тұңғыш Президенттің қабылдауында екі рет болу бақыты бұйырыпты. Әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­десуге ұйғарылған болмысы мен бітімі, қасиеті мен қабілеті сараланса керек-ті.
Міне, осы талаптарға Хадиша апай толық жауап беретіні анық.
Оны былайғы жұрт ұстаз, публицист, ақын ретінде таниды һәм құрметтейді. Еңбек жолында Қазақ КСР оқу ісінің үздігі атанды. Еңбек жолын №51 мектепте мұғалім болып бастап, №162 және №125 мектепте директоры қызметін атқарды. 1993 жылдан аудан мұсылман әйелдері қоғамының жетекшісі болды.
Елбасының қабылдауында болған тағы бір жерлесіміз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаты, Сунақата ауылдық округінің әкімі, аудан әкімінің кеңесшісі, аудандық мәслихаттың депутаты болған Әзия Қыстаубаева апамыз.
Ол қабылдауда болған сәтінен былайша әңгімелейді:
– 1989 жылы Жоғарғы кеңестің депу­таты болдым. Халық қалаулылары бас қосатын сессияда Нұрсұлтан Назар­баевты көріп жүретінмін. 1989 жылы «Мемлекеттік тіл» туралы заң қабылданды. Бұл – елдің пікірі екіге бөлінген шақ-тұғын. Бірі қазақ тілін жақтаса, екінші жақ орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялауға күш салды. Осы уақытта ұтымды да ұшқыр ойымен депутаттар алдында сөйлеп, қазақ тілінің мемлекеттік статус алуына күш салғаны есімде қалды. Мәскеуде өткен ХХІХ съезге Н.Назарбаев бастап барды. Сонда Елбасыға жоғары лауазымды қызмет ұсынды. «Әріптестеріммен ақыл­дасып алайын» деп рұқсат сұ­рады. Қазақстандық делегациямен оңа­шаланып, «не дейсіздер?», – деді. Сонда көпшілігі мұндай мүмкіндік енді болмас, келісіміңізді беріңіз десті. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Мен бұл қызметке келмеймін. Маған сенген елім бар. Мен солардың сенімін ақтауым керек», деп қызметтен бас тартты. Осы батыл шешімі әлі есімде. 2003 жылы «Ауыл жылы» жарияланып, облыстан сегіз әйел Елбасының қабылдауына жолға шықтық. Алдымен Сара Назарбаеваның төрағалығымен кездесу өтті. Кешкісін салтанатты шарада, Елбасы мені көріп: «Әзиямен суретке түсейін» деді. Сонымен қатар, 2013 жылы «Көктем шуағы» кездесуінде Елбасымен дидарлас болдым.
Осы кездесулерде Тұңғыш Президенттің бойындағы ерік-жігерді, күш-қайратты танып, терең білім иесі екенін, бәрінен бұрын, адамның ішкі жандүниесін зерделеп, ойдағы сұраққа дәл жауап беретініне таңқалдым, – деп толғанысын жеткізді Әзия апай.
Жаңақорған ауданында Тұңғыш Президенттің қабылдауында болған азаматтың бірі – Керімхан Егізбаев ағамыз.
20 жыл бұрын «Көксарай» су қоймасын салу жөнінде ұсыныс көтерілгенде елдің пікірі екіге бөлінді. Қызылорда облысының суармалы егістігін, дарияның атырабындағы табиғи кешендерді қамтамасыз ету үшін резервтегі су жіберетін орын ауадай қажет еді. Осы кезде бұл функцияны Көксарай қарсы реттегіші жобасы атқара алатынын алға тартқанның бірі осы Керімхан ағамыз еді.
Жобаның маңызын Тұңғыш Президент алдында тәптіштеп жеткізу келінтөбелік агроном Керімхан Егізбаевқа жүктелді. Әрине, жауапкершілігі зор, қыруар қаржыны талап ететін бұл жобаны Елбасыға жеткізу оңай шаруа еместігі белгілі еді. Дегенмен, ауылшаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйенген ғалым 2000 жылдың 7-қарашасында Президент қабылдауында болды. Бес түрлі саладан кірген бесеу кезекпен жобаларын жеткізе бастады. Өкінішке орай, К.Егізбаевтың «Көксарай» су қоймасын салу жөніндегі ұсынысы бірден қолдау таппады. Оны Елбасы мына мәселемен байланыстырды: Біріншіден, оны салуға ұзақ уақыт және қыруар қаржы керек. Екіншіден, мұндай су қоймасын салу үшін бірқатар мемлекеттің рұқсаты керек. Бірақ, Н.Назарбаев сол қабылдауда Үкіметке тиісті тапсырма жүктеді. Яғни, бұл жоба өзін-өзі ақтайды ма, ақтамайды ма соны зерттеуге екі ай уақыт берді. Мұның өзі игі істің бастауы еді.
Осылайша үкілі үмітпен елге оралған агроном К.Егізбаев «Көксарайдан» бөлек, Сырдария өзеніне Жаңақорған ауданының тұсында үрмелі су тоспасын салу жөніндегі ұсынысын қатар көтерді. Арада алты жыл өткенде Ұлт Көшбасшысы ұтымды ұсынысқа нүкте қойып, Көксарайды салуға тапсырма берді. Бұл ақжолтай ақпарды жаңалықтардан естіген Керімхан ағамыздың қуанышында шек болмады.
– Елбасының қабылдауымда болғаным­да әрбір мәселенің мән-маңызын тыңдап, шешім шығаруға асықпайды екен. Елдің игілігіне басымдық беретін азамат ретінде «жеті рет өлшеп, бір рет кесетінін» аңғардым, – дейді ол.
Керімхан ағаның осы ісін теріске шығарып, қолдамаған жерлестері де көп болды.
– Елбасы елдің әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететін шешімді қабылдамайды. Көксарайдың арқасында Сырдың төменгі ағысындағы ағайын қыста алаңсыз отыратын болды. Болмаса, дария жағалап, елді мекендерді сеңнен аман алып қалу үшін түн ұйқысын төрт бөлген жағдайлар көп болды ғой! Көксарай салынғалы мұндай жағдай тіркелген жоқ, – деп жобаның маңызын түсіндірді ғалым.
Міне, Елбасының қабылдауында болып, тілдесу қандай мәртебе десеңші! Мұны аға-әпкелердің қуанышынан сезіп, білдік. Ұлттың бағына туған тұлғаның дәреметі жайлы біздің жерлестер осылай ой түйді. Әзірге сырттай көріп, Елбасының жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнеріне қаныққанымды бақыт санаймын. Кім біледі, бәлкім тарихи тұлғамен жүздесу бақыты бізге де бұйырар...

Әсел РЗАЕВА
01 желтоқсан 2021 ж. 492 0