№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ХАДИША АПАЙДЫҢ КЕҢЕСТЕРІ

ХАДИША АПАЙДЫҢ КЕҢЕСТЕРІ


Ақын, ұстаз, ана. Қастерлі ұғымдардың бір-бірімен байланысы бар. Десе де, үшеуінің үдесінен шығып, бір арнаға тоғыстыра көпке үлгілі жол көрсететіндер аз. Биыл сексеннің төріне шыққан әзиз ана Хадиша Баязитова бұл белесті мехнаты мол еңбегімен бағындырған жан. Отыз жылдан астам білім саласында қажырлы қызмет етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Іс басында жүріп қаламын тастамай, сия сауытын жанына серік етті. Үй шаруасында берекелі шаңырақтың шырайын келтіріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі.
Ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өнегелі өмірін имандылықпен өрген абыз ананың шаңырағына арнайы барып, салихалы сұхбат құрдық. Әсіресе, қоғамда өзекті мәселеге айналған әйелдің ері алдындағы міндеті, имани жүрек, жан тазалығы хақындағы Хадиша ананың айтқан әңгімесі бір бөлек. Өздеріңізге белгілі, ақынның бұған дейін ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылығын ұлықтау мақсатында «Бақытымды босағамнан күтемін» атты алғашқы жинағы қалың көпшілікке жол тартқан болатын. Енді міне, мерейлі мерейтойында бір сәттік сылдыр сезімді емес, шынайы болмысты жырлайтын «Айнымас асыл» атты кітабының тұсауы кесілді. Әзиз ана әуелі кітап жазудағы мақсатын жеткізді.
– Ислам дінінде кісінің артынан барып тұратын тоқтаусыз садақаның 3 түрі бар. Соның бірі – ел пайдаланатын ілімі, артына қалдырған жазбасы. Өзіміз біліп қана қоймай, білгенімізді өскелең ұрпаққа өнеге ретінде қалдыра білсек бұл да біздің келешек буынның алдында жүзіміздің жарқын болуына сеп. Өсиет дегенде әлгі отырып алып, бұрнағы жасаған жағымсыз қылығын жалпақ жұртқа жария ету емес. Асылында кейінгі ұрпаққа рухани азық боларлық дүние қалдырсақ, міне бұдан артық арман жоқ. Алланың бірлігі мен имандылықты насихаттасақ, ел бүлінбейді. Керісінше, рухани жаңғырады. Бізге де керегі осы емес пе?, – дейді Хадиша анамыз.
Расында ел анасы сексеннің төріне шықса да, ел тынысын үнемі бақылап отырады. Аудандық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы ретінде талай ұлағатты істің ұйытқысы болды. Жастармен жүздесіп, бар білгенін үйретуден жалықпады. Соданда болар бүгінде бір әулеттің ғана панасы емес, көпшіліктің анасына айналды. Әлі күнге білім нәрімен сусындаған шәкірттері іздеп келіп, ақыл-кеңесіне құлақ түреді. Көбіне мінездері жараспай, қайтсек бақытты отбасына айналамыз деген келіндер Хадиша ананың жүрекке жылу сыйлайтын имани әңгімесін тыңдаудан жалыққан емес. Сөз арасында әйелдердің ерін сыйлауға қатысты өсиетін бірнеше мәрте қайтара айтқанда көңіл тебіренісін жасыра алмады. Өйткені, берекелі шаңырақтың түтінін түзетіп, отын маздататын әйелдер қауымына айтары көп. Әрине тыңдар құлақ болса, есті сөздер егесін табар.
– Ойда жүрген орам еді, шырағым. Иман. Ұят. Ақыл. Үшеуі тоғысқан жерде тату-тәтті өмір болады. Отбасын ұстап тұратын негізгі тірек осы – үш таған. Иманды адам ұяла біледі. Ал ұялу-ақылдан. Үнемі жүрген ортамда «Ерін сыйлаған әйелдің еңсесі биік» деп айтып жүремін. Әуелі Алла, ерінің алдындағы міндеттерін толық орындаған әйел нағыз бақытты жан. Бағалай білмегенге бақ қонбайды, айналайын шырақтарым. Сосын, отбасының сырын ашу-отанын сату деген сөз. Сырды сақтай білу үлкен өжеттілік. Әрбір әйел өзінің қорғанын, арқа сүйер азаматын құрметтеуі тиіс. Өз кезегінде ері де өзіне артылған жауапкершілік жүгін мығым ұстауы керек. Қандай да қиыншылық болмасын, жұптасып жеңуді мақсат тұтуы ләзім. Ер азамат, ол – үйдің падишасы, ханы. Оған ханымдай қызметінде болу – жәннатқа бастар жол. Сондықтан да жәннаттың тұтқасынан ұстаған екенсің, ақырғы соңына дейін бірге тату-тәтті өмір сүруге қарекет етпек керек, – дейді Хадиша ана.
Өнегелі өсиетін өткенмен сабақтастырған абыз ана қиын замандардағы көзімен көрген оқиғасын жас келіндерге үлгі болсын деген ниетте айтып берді.
– Бірде анаммен бірге соғыстан соң ұзақ уақыт госпитальда жатып, елге мүгедек болып оралған кісінің үйіне бардым. Ол кезде қазіргідей зәулім үй қайда, күй қайда? Қолдан құрастырылған пәс арбада аяқ-қолы жоқ ерді көргенде еңсем түсіп кетті. Бірақ менің әлі күнге көз алдымнан кетпейтін көрініс мынау еді. Келбеті келісті келген әйелі арбада отырған күйеуінің қас-қабағын аңдап, зыр жүгіріп жүр. Жанарында: «Қыраным, Отанымның қорғаны. Сенің осылай тірі отырғаныңның өзі маған және балаларға үлкен күш-қуат емес пе? Аллаға шүкір, майдан даласынан аман оралғаныңа» деген тілек жазулы тұр. Жасыратыны жоқ, қазір моральдық тұрақтылық, мәмілеге беріктік, сабырлық туралы сөз қозғасаң, ұлағатты сөздің құнын білмек түгілі, суық кейіп танытатын жандар кездеседі. Сол үшін де орамды ойдың астарын түсінетін данышпан әйелдердің қатары артсын, – деген ізгі ниетін білдірген Хадиша анамыз шаңырақ көтерген жас отауға сабырлық пен мәмілегерліктік серік етуге кеңесін берді. Әрі жамалы сұлуға емес, жүрегі иманға толы жанға үйленуді сөз етті.
Сұхбат соңында: «Көпшіл болыңдар. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым»,-деп, дана Абай айтқандай, бір-біріңді бауырыңдай көріп, жақсылықтың жаршысы бола біліңдер. Өсіңдер. Өніңдер» деген ақ батасын берді. Иә, адамзат қатыгезденген тұста баршаның баласын бір жүрекке бөлеу, бәрін бір жақсы көру ертегідей естілер. Алайда көңілін кір шалмай, асыл жолынан айнымаған Хадиша анамыздың пейілі осылай кең, жүрегі жомарт.

Әбдісамат ӘБДІШ.
16 қазан 2018 ж. 1 569 0