Кітап жинау – кісіліктің белгісі
Қай қоғамда болмасын материалдық құндылықтан биік тұрған тұлға ілім-білімге ұмтылып, жан-дүниесін сәулелендіріп отыруға тырысары хақ. Тән қалауынан жоғары тұратын ізгілікті қасиеттерді еншілеген осындай жандардың арқасында шынайы өмірдің мән-мазмұнынан мейір қандырып, баянды болашаққа батыл қадам баса бермекпіз. Бұл ақиқатты бізге тарихтың өзі дәлелдеп беріп отыр.
Адамзат жаратылғалы алға ұмтылуынан жазбай, ақыл-ойының кемелденуінің арқасында аспандағы айға да аяқ іліктірді. Дүниенің кілті-білімде екенін бағамдаған бағаналы елдің баласы алдында өрген мыңғырғын малына масаттанбай, оқу-тоқу іздеп, тас асып, тау кезгенде осындай мұратты мақсат етсе керек. Ұлттың өміріне өзгеріс әкелген өткен ғасыр басындағы «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болған» арыстарымыздың арманы толық жүзеге асты. Халқын жанындай сүйген сол ардақтыларымыздың аманатын бізге жеткізіп отырған киелі шаңырақ – Ұлттық кітапханаға бас сұққан кім болсын рухани қанаттанып, қарын қамынан бөлек, жүректің көзі ашылғандай, тасқа басылған тарихты танып қана қоймай, қарақан басына бір міндетті арқаланып шығары анық.
Мекен жайының жалпы көлемі 9 мың шаршы метрді құрайтын, қазірде 7 миллиондай жазба жауҺарлары жинақталған, ТМД елдерінің маңдайалдында саналатын Ұлттық кітапхананың түп негізі өткен ғасырдың отызыншы жылдары қаланған. Ондағы қызметкерлердің кәсіби-зияткерлік әлеуеті – оқырман үшін бір мектеп. Оның себебін қолдағы әрбір мұраны баласындай мәпелеген ұлтжандылықтың ұшқынынан іздеген дұрыс.
Кітап та адам секілді. Әрбірінің өз тағдыры бар. Осындағы сирек кітаптар қорында сақталған Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу құралдары», Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ-қырғыздар тарихы туралы жазбалары», кезінде Әлихан Бөкейханов әрбір жеке кейіпкері келер ұрпаққа қазақтың мінез-құлық, психологиясынан хабар беретін бір-бір тұлға деп бағасын берген Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, Алаш қайраткерлерінің басқа да еңбектерінің түпнұсқасы бізге оңайлықпен жеткен жоқ. Оның аржағында нешеме қатерге бас тіккен тәуекелдік жатыр. Алаш ардақтылары атылып, айдалып кеткеннен кейін олардың бүкіл мұраларының көзін жою жөнінде тапсырма алған НКВД түгел тінту жүргізген. Қолға түскеннің барлығын ортаға үйіп, өртеуге бұйрық беріп, қас қарая қарасын батырған үштіктің ізін ала бере амалын тауып, біраз дүниелерді аман сақтап қала білген кітапхана директоры оларды мекемедегі жерасты қазбалары картасы сақталған «аса құпия» құжаттар қатарына тықтырып қойған екен. Құнды мұралар бізге осылай жетті.
Ал біз келесі ұрпаққа не қалдыра аламыз?
Кітап- ақы сұрамайтын алтын қазына. Үйінің бір бөлмесін кітапханаға айналдырып, өзінің де, ұрпағының да өмірін кітаппен егіз еткендер соның телегей-теңіз пайдасына қауышарын да ұмытпаған жөн. Жақсы кітап-жан азығы ғана емес, ол сенің өміріңдегі жанашыр жәрдемшің, тұрақты тірегің. Бала тәрбиесіндегі сенімді серігің, айнымас ақылшың, қайырымды қолқанатың. Өз өмірімнен бір мысал келтірейін. Бала кезімде ауыл кітапханасынан «Ян-Бибиян» деп аталатын кітап алдым. Парақтап оқи бастадым, Ян-Бибиян деген бала сөмкесін арқалап мектепке бара жатып, «фьют» деп ысқырып еді, қоқыс арасынан екі мүйізі бар бейне шыға келіп, мені шақырдың ғой, менің атым Фьют, кел сені жер астына қыдыртып келейін, деп жаңа досын арқасына мінгізіп алады. Қос жиҺангез Мирилайлай деп аталатын жер асты патшалығын кезіп, Ян-Бибиянның сонда бастан кешкендері әлі күнге көңілімде қалыпты. Ақырында жер бетіне шығуға зар болып, балшық бас Кальчо дегенге кезігіп, соның жәрдемімен бе, өлдім-талдым жердің бетіне шығады. Кітапты екі-үш сағат тапжылмай оқып, Ян-Бибиянмен бірге түп-түгел басқа әлемді кезіп қайтқандай болған өзім қуаныштан сыртта күншуақта маужырап отырған бөбегімді құшақтай алыппын. Міне, кітаптың құдіреті. Тентек болмау, сабақтан қалмау, абайлап жүріп, анық басуға мың ақыл айтқаннан артық тағылым деп осыны айт. Бүгінгі буынды осы бір асылымыздан неге алшақтатып алдық?
Бір жақсылық, біздің буын кітап оқып өсті. Қаланы қойып, аудан мен кеңшар орталығында кітап дүкендері болды. Онда баспадан шығып жатқан соңғы әдебиеттер міндетті түрде келіп түсетін. Соны сатып әкеп, кітап сөресіне қоятын ата-анамыздың бұл дағдысы балалары үшін телегей-теңіз қамқорлық екенін олар өздері білді ме, білмеді ме? Күнделікті мерзімді баспасөз тігінділерін сақтап қою үрдісін бала болсақ та үзбей келіппіз. Енді осы дәстүрді балаларымызға үрдіс етуіміз керек.
Құтханасына кітап жинау – ақын-жазушының ғана міндеті емес. Олардың өзінің арасында да бұл жөнінде сөз болғанда кітаптың қадірін Қадірден артық білетін жоқ деп бағаланады екен. Одан кейін Ақселеу Сейдімбеков. Ол кісінің жеке кітапханасында он мың дана кітабы болған. Соның алты мыңын, кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықта ұлының үйлену тойына қаражат қажет болғанда бір еврей аазаматына миллион теңгеге саудалауға мәжбүр болған екен. Кітаптарды қалауы бойынша сұрыптаған әлгінің қолында кеткен дүниелердің ішінде әсіресе екі кітап үшін жазушының жаны қатты күйінген көрінеді. Оның бірі 1700 жылы жарық көрген «Алтын Құран», екіншісі Абай атамыз астын сызып отырып оқыған қолтаңбасы қалған, одан Мұхтардың қолына көшіп, парақтаған Джон Реппердің туындысы екен. Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың да соңында мол кітапхана мұрасы қалған. Ғалымның тапсырмасы бойынша соңында қалған осы кітаптарын ол кісінің зайыбы, біздің сүйікті апамыз Күләш Ахметова іріктеп, мұражайға өткізбек болғанда ғылыми-зерттеу орталығы директоры Тұрсын Жұртбай өзі келіп, көзден тізіп отырып хаттағанын айтады. Жазушы қолжазбаларының ішінде Сәкенді, Мағжанды зерттеген жан мынаны оқысын, мына жерден қарасын, деген тәрізді сілтемелер көп кезігіпті. Жас ұрпаққа қамқорлықтың бұдан артық қандай үлгісі болуы мүмкін? Өкініштісі, бүгінгі ұрпақтың телефонға телініп, осындай құндылығымыздан мақұрым қалып келе жатқаны.
Бұл өскендіктің белгісі емес. Өйткені мынадай даналық бар: Дамыған ел кітап, газет-журнал оқиды. Дамушы ел радио тыңдайды. Артта қалған ел шынтақтап жатып телевизор көреді, телефон ақтарады. Сіз жеке басыңыз өзіңізді осының қай тобына жатқызар едіңіз?
Әлемде ең кітапты көп оқитын ел ретінде Жапония мойындалыпты. Кітапты көп оқыған адам жеке тұлғалық коммуникативті қасиетті меңгереді. Адамдары кітапты көп оқитын қоғамда зиялылықтың, бекзаттықтықтың салтанат құрып, сана биігіндегі тұлғаларымен көш бастайтыны содан.
«Кітапты оқығым келеді де тұрады»
Жеке кітапханасында мыңнан астам кітап қоры бар, біздің газетіміздің оқырманы Әбибулла Шер ағамыздың жан сыры бұл. Өйткені, кітап-қашанда айнымас дос, қысылғанда жанына қуат берген қолдаушысы да болыпты. «Кітапты бала кезімнен сүйдім, - дейді ол, – Ең алғаш екінші сыныпта оқып жүргенімде кітапханадан «Филиппок мектепке барады» деген кітапты алып оқыдым. Содан бастап кітапқа құмарым ауды. Кітаптарды бірінен соң бірін оқи бастадым. Топ бала ойнап жүреміз, сәл дамылдағанда «Әбен, оқығаныңды айтып берші» дейді, майын тамызып айтып беремін, балалар аузын ашып тыңдп қалады. Студент кезімде де осы әдет жалғасты. Букинистер кітапханасынан көне құнды әдебиеттерді де қолға түсіріп, шәкіртақыны кітапқа жұмсайтын едім. Кейін үйде кітап жинауды бастадым. Көркем әдебиетпен қоса енді ғалым-агрогном мамандығыма қарай оқулықтарды алып, жаңаша жетіліп отыруыма тура келді. Жас толысқан сайын талғам-таразың өсіп, сұранысың да жіктеле түседі екен. Кейін келе тарихқа бет бұрып, қазақ елінің өткені туралы бұрын өткен ойшыл-ғұламалардың еңбегіне ден қоя бастадым. Кезінде саясаттың ықпалымен өңі өзгертіліп оқытылған қазақ тарихын қайта сараптауға мүмкіндік беретін әдебиеттерді оқып келемін. Елу жасқа таяғанда дінге бет бұрып, түрлі діни бағыттағы әдебиеттерді саралап, ғұламалардың түп нұсқадағы еңбегіне көп телміретін болдым. Осы күні Имам Ғазалиды тиянақтадым. Тарихтан «Мичуриннің Қытайға сапары» көңілімді аудырды».
– Кітапты қалай жинадыңыз?
– Жүрген жерімде ең бірінші жаңа әдебиеттерді қолға түсіруге ынтығып, сол қааладағы немесе ауылдағы кітап дүкеніне соғатын едім. Онсыз бойыма ас батпайды. Осы әдетімнен әлі де жаңылған жоқпын. Қазір бұрынғыдай кітап дүкені жоқ. Бірақ орталықтағы кітапхана сұрағанымызды тауып беруге тырысады. Бәрінен бұран жеке кітапханаңда тұрған қазынаға ешнәрсе жетпейді. Кез келген уақытта кітапты қолыңа алып, қайта парақтаймын десең де, оның өзі жаныңа көп демеу. Біізді желеп-жебеп келе жатқан да, сірә, кітапқа деген осы құмарлық, – дейді ол.
Аудандағы кітапқа құиар азамиаттардың қатарында Шерхан Әшімовтың жеке кітапханасында 500-ге жуық кітап бар екен. Поэзияға жаны жақын азамат қазақтың лирик ақындарының кітаптарын көп жинапты. Сосын техникалық мамандығына қарай жмнап келген кәсіби әдебиеттерді соңғы кездері ауданымыздағы агротехникалық оқу орнында оқитын түлектерге таратып бергенін айтты.
Қос азаматтың да жазу-сызуға бейімділігін біз осы кітапқа құмарлығынан екен-ау деп түйдік.
Баян ҮСЕЙІНОВА