АЛҒЫС АЙТАМЫН
Тал бесігіңде тербеліп,
Табаным тиген жеріңе.
Табиғатыңнан күш алып,
Тауыңның шықтым көгіне.
Талабымды оңдаған,
Алғыс айттым еліме.
Бастауы болып елімнің,
Егелік еткен сөзіне.
Жұртына бірлік тілеген,
Ілесіп елдің көшіне,
Бас иіп саған Әз баба,
Алғыс айтамын өзіңе.
Идіріп алпыс тамырын,
Нұрына күннің сүйдірген.
Құндақтап сәби күнімде,
Ит көйлек тігіп кидірген.
Тамызып сүтін таңдайға,
Сағынар кетсем шалғайға.
Елжіреп бала жүрегім,
Алғыс айтамын Анаға.
Тұтқа боп мынау еліме,
Көтерген туын көгіне.
Шекарамызды күзеткен,
Беріліп лайым сенімге.
Тыныштық күнді ойлаған,
Думанын елдің тойлаған,
Батырларым ер жүрек,
Алғыс айттым сендерге.
Жүректе сезім тасынған,
Махаббат гүлі ашылған.
Көтеріп биік шаңырақ,
Бақытын әрі асырған.
Құт болып келген еліме,
Жайланып бақыт төріне.
Тілдескен үнсіз ғашықтар,
Алғыс айттым сендерге.
Шабытын алған жүрегім,
Жайнасын міне Сыр елім.
Өзіңде ғана жыр жазып,
Өлең боп сенде түледім.
Сүйсініп елдің ғұрпына,
Бас идім қазақ ұлтына.
Ұлың болып ел сүйген,
Алғыс айтамын жұртыма.
Ерсұлтан Мұстафаев.