№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғалым атында шәкіртақы тағайындалды

Ғалым атында шәкіртақы тағайындалды


Жақында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполовтың хабарламасы жарияланды. Онда университеттің Ғылыми кеңесінің шешімен қазақ ауылшаруашылығының өркендеуіне үлес қосып, білікті кадрлар даярлауда ерекше орны бар, артынан өшпес із қалдырған ғалым, ұстаз Ержанов Айдархан Ержанұлының құрметіне ЖОО студенттеріне шәкіртақы тағайындалғанын жеткізген. Бұл студенттерді білімге ынталандыратыны сөзсіз.


Ержанов Айдархан Ержанұлы 1921 жылдың 15 қазанында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дү­ние­ге келген. 1941 жылы өз еркі­мен соғысқа аттанып, 1942 жылы қоршауда қалып, кейінірек одан қа­шып шығып, соғыстың аяғына дейін Польшада партизан отрядында бол­ған. Соғыста көрсеткен батырлығы үшін Кеңес Одағының ордендері және медальдарымен бірнеше рет мара­патталған. Соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылы Қазақ ауылшаруа­шылық институтының ауылшаруашылық меха­ни­каландыру факультетінің инже­нер-механик мамандығына оқуға тү­сіп, оны 1951 жылы үздік белгімен бітіріп шықты. Сол жылы институтта педагогтық жұ­мысқа қалдырылды.
1958 жылы аспирантураға қабыл­данды. Ал 1964 жылы «Ауылшаруашы­лық өндірісіне машина трактор паркін тиімді пайдалануды жақсарту» тақыры­бы бойынша кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғады және оған доцент ғылыми атағы берілді.
Ол факультет және институт өмірінің тіршілігіне белсенді қатысты. Атап айтқанда институт әкімшілігінің қызметін бақылайтын партиялық комиссияның мүшесі, факультеттің әдістемелік ко­мис­сиясының төрағасы, ғылыми семи­нардың жетекшісі, мамандық бой­ынша кандидаттық диссертацияны қорғау кеңесінің ғы­лыми хатшысы болды.
Ауыл шаруашылығын механи­ка­ландыру факультетінің деканы қызметін атқарды, ал 1974-1986 жылдары Машина трактор паркін пайдалану кафедрасының менгерушісі болды. Ол Қазақ ауылшаруашылық институтының және ауылшаруашылық өндірісін механикаландыру факультетінің даму­ына сүлес қосты. Сонымен қатар кафедраны диссертацияны қорғаған және аспирантураны ойдағыдай бітірген жас оқытушылармен қамтамасыз етуге зор көңіл бөлді.
Айдархан аға өндіріс пен ғылымның тығыз байланысты болуына, ғылыми жетістіктерді насихаттауға, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға үлкен көңіл бөлді.
Оқу жұмысымен қатар, ол ғылыми жұмыстарға, атап айтқанда өнімді жинауды, оларды өңдеу және сапасын бағалау жөнінде үлкен жұмыстар жүргізді. Оқу әдістемелік, ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыста қол жеткен табыстары үшін медальдармен және Құрмет грамоталарымен, сон­дай-ақ Ұлы Отан Соғысының 40 жылдық жеңісіне байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің мақтау грамотасымен марапатталады. 1986 жылы 16 желтоқ­санда дүниеден озды.
Біз атаулы жоғары оқу орнында қызмет істейтін жерлесіміз, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Кәсіптік оқыту кафедрасы аға оқытушысы Айткүл Әбдіғаппаровамен хабарласып, аға туралы көргендері мен естеліктері туралы айтып беруін сұрадық.
– Уақыт елес сияқты зымыраған жылдар желісінде әркім өз әлінше шауып, өз өмірінің кірпішін қалауға тиіс. «Әлемде талай жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші нағыз жүйріктер ғана оза шауып келеді. Сондай қиын кезеңдерде оза шапқан Айдархан Ержанұлы ауылшаруашылығы өнді­рісінің барлық саласына еңбегін сіңіре білген ұлағатты ұстаз бола алды. Шәкірттер тәрбиеледі. Ол кісі елден барған ағайынның баласына аса қамқор болған жан. Біз ол кісінің жақсылығын еш уақытта ұмытпаймыз.
Егеменді еліміздің жеткіншектерін тәрбиелеп, оларды ғылым жолына баулуда ғалым ұстаздың өзіндік үлесі бар. Айдархан Ержанұлы факультет және институт өмірінің тіршілігіне белсенді қатысып, сонымен қатар өз елін, жерін шексіз сүйе де білді, ел азаматтарын құрметтей де алды. Қарапайым ауыл балаларына біліммен қатар өмір мектебінің тәрбиесімен де сусындата алды, – деп еске алады.
Иә, жақсылықтың жолы ұзын деген осы болар.

Баян ҮСЕЙІНОВА
30 қыркүйек 2021 ж. 232 0