Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бір соғысқа екі барған жауынгер

Бір соғысқа екі барған жауынгер

Кешубаев Ерескен Сапабекұлы 15 мамыр 1921 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Ақүйік ауылдық кеңесіне қарасты «Тоқтамыс» елді мекенінде дүниеге келген. 1928 жылы Жаңақорған ауданындағы қазақ орта мектебінде білім алып, 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, В.И.Ленин атындағы қазақ орта мектебінде оқыған. 1934 жылы 7-ші сыныпты бітіріп, Шымкент қаласындағы қазақ орта мектебінің 8 сыныбына қабылданған. 1935 жылы Шымкент қаласындағы интернаттан Алматы қаласындағы жаңадан ашылған физкультура техникумына жолдамамен оқуға жіберілген.
1937 жылдың қаңтар айына дейін білім алып, 3 курста денсаулығына байланысты оқуын жалғастыру мүмкін болмағандықтан Алматыдан қайтып Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы, Ақтөбе бастауыш мектебінде 14 ақпан 1937 жылдан бастап мұғалім болып қызметке тұрған. 1938 жылы Түркістан қаласында орналасқан педучилищесіне түсіп, 1940 жылы бітірген. Сол жылы Ташкент қаласындағы «Низами» атындағы оқытушылар институтына сырттай оқуға түскен. 1939 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Жаңа-жол орта мектебінде мұғалім болып 1941 жылға дейін жұмыс атқарған.
1941 жылдың күзінде Сталин атындағы мектепте мұғалім болып жүргенінде әскер қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласында жасақталған 101 қазақ ұлттық полкінің құрамында Беларус майданына аттанады. Жаяу әскер сапында жүріп жараланып, 1942 жылы сәуірде елге қайтарылады. Әкесі немістердің оғы салған жарақаттан Ташкенттегі госпитальда көз жұмған екен. «Елдің шеті оқ пен отқа оранып жатқанда Отан қорғауға атсалысу парыз». Осылай шешкен қылшылдаған жас жігіт өзі сұранып 1942 жылы маусымда соғысқа екінші мәрте қайта аттанады. Бұл жолы Гурьевтегі минометшілер даярлайтын арнайы курстан өтіп, 35 гвардиялық дивизия құрамында, 1942 жылдың 2 желтоқсанында Дон бағытында соғысқа түскен. 1943 жылы әуелі Киевте, 18 наурызда Харьковта қиян кескі ұрыстарға, генерал Лукашовқа адъютант болып, 1944 жылы Польшаны азат етуге қатысқан. Басынан, кеудесінен жараланып, сол жылы елге оралған. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «За отвагу» және «За боевую заслугу» медальдарымен марапатталған.
Одан әрі бейбіт еңбек жалғасады. Екі жылдай Талап (Манап ауылы) мектебінде мұғалім, 1946-1947 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, 1947 жылы Қызылордада үлкен су қоймасының құрылысы басталып, оның жүргізген треске басқарушы болып, бұрын Орталық Комитетте 3-хатшы болған Бектасов келеді де, Ерескен Кешубаев оның орынбасарлығына тағайындалады. 1949 жылы қайтадан білім саласына ауысып, алты жыл «Ынтымақ» жеті жылдық мектебінде мұғалім болып жемісті еңбек етті.
Ұстаздық қызметіндегі жетістіктерінің қатарында 1947 жылы Талап мектебінде мұғалім болып жүргенінде оқу сапасын жақсарту жөнінде республикаға үндеу жариялап, ол кезінде «Қазақстан пионері» газетінде басылғанын, 1956 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалін алғанын айтуға болады, 1970 жылы Ақтөбедегі Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында өткен Республикалық педоқуда баяндама жасап, ол жоғарғы бағаланған.
2000 жылғы 16 мамыр Жаңақорған ауданы, Ақүйік ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында қайтыс болып, кіндік қаны тамған Тоқтамыс зиратына жерленген. Өмірлік жары тыл ардагері Кешубаева Разия Ахметқызы екеуі 7 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген.
Ұлттық архив қорында тұрақты сақтауда тұрған жеке тектік құжат иелерінің қатарында жерлесіміз, бір соғысқа екі рет тәуекел етіп, тағдырдың сынынан өткен саңлақ тұлға, айбынды жауынгердің өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттап, дүйім жұрттың есіне салуды жөн көріп, жарыққа шығарғандағы мақсатымыз да біреу. Ағалар ерлігі ұрпаққа мұра.
Рахат Мусаханова,
Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің
Жаңақорған аудандық филиалының қойма меңгерушісі

29 ақпан 2020 ж. 988 0