НАҚЫП ЕРЖАНОВ
НАҚЫП ЕРЖАНОВ, Социалистік Еңбек Ері
Н.Ержанов 1887 жылы Жаңақорған ауданы Талап ауылында туған. Ол 1930 жылы ұйымдасқан «Талап» ұжымшарына алғашқылардың қатарында мүше болып кірді. Оны жылқышы етіп бекіткен.
Жаңа шаруашылықтың алғашқы қадамы ауыр болды. Қызылқұм ішіне жасырынған басмашылар жылқыға шабуыл жасап, малды қырып, қастандығын тоқтатпады. Нақып жолдастарымен бірге қолына қару алып, басмашылардың шабуылына талай рет тойтарыс берген.
1937 жылы Нақып жылқы фермасының меңгерушісі болды. Ол бар күш-жігерін артельдің қоғамдық байлығын арттыруға жұмсады. Ұлы Отан соғысы жылдарында жылқы фермасының ұжымы атты әскерлерге бірнеше жүз сәйгүліктер жіберген. 1946 жылы 50 биеден 50 құлын алып, 1947 жылы 60 биеден 60 құлын, одан кейін 80 биеден 80 құлын алған.
Мал шаруашылығын өркендетудегі еңбегі үшін СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылы 23 шілдедегі Жарлығымен Нақып Ержановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол 1962 дүниеден өткен.
«Жаңарған Жаңақорған» кітабынан.