Халықтың талабы орындалды
Ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында» қайырымды, ізгі қала туралы ойларымен бөлісіп, әділ билеуші басқарған, адамдары бір-біріне көмектесетін «идеал қоғам» құруды ұсынады. Ойшылдың ойын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы қуаттап, биліктің барлық сатысындағы басшыларға ел-жұртпен етене араласып, ашықтық пен жариялықты ұстануды талап етті. Міне, осының көрінісін жақында байқадық.
Ақүйік, Шалқия ауылдық округінің тұрғындары әлеуметтік желіде Шұқырой су қоймасында балық шаруашылығын дамытуды негіз етіп, сатылуға қойғанын, мұның мал шаруашылығына кері әсерін жарыса жазды.
Сондай жазбаның бірінде:
– 28 тамызда Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы балық шаруашылығы маңызы бар су айдыны тізімінде резервте тұрған Шұқыройды (ұзындығы – 1,6 шақырым, ені – 1,2 шақырым, ауданы – 150 гектар, тереңдігі – 3 метр) «Мемлекеттік мүлік тізілімі E-QAZYNA.KZ» активтерді басқарудың цифрлық платформасында (www.gosreestr.kz) 49 жылға жалға беру туралы конкурс жариялады.
Жазба ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып, әлеуметтік желіде «жалға беруге қарсымыз!», «жалға берілмесін!» деген халықтың жан айқайы тоқтаусыз жазылды.
Бірлік елді мекенінің негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Шұқырой көлі – Бірлік ауылы тұрғындарының ғана емес, Жаңақорған мен Шалқия кенті, Құттықожа елді мекенінің шаруалары үшін мал шаруашылығында қажеттілігі бар. Елде болып жатқан қуаңшылыққа байланысты биыл жұт болып, жем-шөптің жетіспеушілігінен, түрлі кесел салдарынан малынан айрылған шаруалардың көңілі онсыз да жүдеу, мәз емес. Ендігі кезекте Шұқыройды жалға беру, төрт түлікпен күнелтіп отырған адамдарды тіршілігінен айырумен бірдей. Мұны біздің облыстың, ауданның басшылары шешуге ниет танытып, іске асырса дейміз, – деген мәтінде жарияланды.
Әрине, орынды ұсыныс. Өйткені, жасанды көл сатылса егесі пайда болады. Сосын тәжірибе көрсеткендей, су қоймасын қоршап, балықтың уылдырығын шаштым деген желеумен адамдарды жақындатпауға жұмыс істейді. Одан кейін сол маңдағы елді мекеннен өріс алатын төрт түлік суатынан айырылатыны сөзсіз...
Осыны ескерген аудан әкімінің
3 қыркүйекте №01-4/5428 нөмірлі және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының №06-8/8267 нөмірлі қызметтік хатты дайында-
лып, инспекцияға жарияланған конкурсты тоқтату жөнінде ұсыныс берілді.
6 қыркүйекте облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың қабылдауында аудан тұрғындары барып, мәселенің өзектілігін талқылады.
Оған басқарма басшысы Бауыржан Шаменов, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Оңал Ержанов қатысты.
Кездесу қорытындысымен Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы «Шұқырой» су айдыны бойынша жарияланған конкурстық хабарландырудың күшін жоятындығы жөнінде шешім қабылданды.
Міне, «Халық қаласа, хан қайығын береді!» немесе «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақал осындайда айтылса керек-ті. Мемлекет басшысының тұжырымдамасы жергілікті деңгейде жүзеге аса бастағандай. Бұған тұрғындардың белсенділігінің әсер еткені мәлім...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ