Малдың амандығы – жанның амандығы
Ерте заманнан қазақ баласы бір-бірімен амандасқанында «Мал-жан аман ба?», – деп жөн сұрасқан. Бұл амандық-саулық сұрау дәстүрі бүгінгі күнге жетті. Бұл – ұлттың негізгі күнкөріс өзегі, шаруашылық қатынасының негізгі құралы саналған төрт түлікпен тікелей байланысты қалыптасқан дүниетанымдық құбылыс.
Расында, Ұлы Дала елінің мыңжылдықтар көшіндегі тарихын зерделесеңіз, көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығын ұстанып, өмір сүру салты мен ұлттық таным мен тағылым осы саламен тығыз байланысқанын көреміз.
Ертеректе Қазақстанның оңтүстігінен басталған көш Сібірге, Қырымға дейін созылып, мал қоңын арттыру жолында көшіп-қонып жүрді. Осы дәстүр сабақтастығының ізі Жаңақорған ауданында сақталған. Бізде Қызылқұмды – қыстау, Қаратауды – жайлау, Сырды – күздеу етіп, төрт түліктің қоңын арттыруға мүмкіндік мол.
Осы географиялық артықшылықты біздің аудан шаруалары тиімді пайдаланып, мал басын арттырып келеді. Мәселен, 2020 жылы мүйізді ірі қараның басы 72 мың, уақ мал 303 мың, жылқы 18 мың болса, 2021 жылғы көрсеткіш бойынша мүйізді ірі қара 76 мыңға, уақ мал 321 мыңға, жылқы 21 мыңға жеткенін көрсетеді.
Статистикаға сүйенсек, Сыр өңіріндегі төрт түліктің жартысына жуығы біздің ауданда. Мәселен, облыс бойынша қойдың басы 655 мың болса, соның 38 пайыз біздің үлесімізде. Біз осы көрсеткішпен мақтанамыз. Алайда, екінші қыры ойлантпай қоймайды.
Осыншама малға не керек? Бірінші кезекте, жайылым мен суы керек.
Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары ылғалдың жерге аз түсуі, көктем айларында түн салқын болып, көкті жібермеуі орын алуда.
Былтырғы қыста қар салыстырмалы түрде жақсы түсті. Көктемде жауын-шашын мөлшері де айтарлықтай болды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, үздіксіз соққан жел жерді кептірсе, бой көтерген көкті жазғы аптап ыстық қуратып жіберді. Қаратаудағы бұлақ көздерінде су тартылып, тау өзендерінің деңгейі төмендеді. Сырдария өзеніндегі судың да төмендеуі жердің жоғары ылғалды қабатына әсер етіп, жайылымдық жерлерден от қашты.
Ауыл-ауылды жиі-жиі аралап, ел ағаларымен ақылдасып тұрамын. Сондай кездесудің бірінде тау беткейіндегі жусандар дән байламағанын, әрі сүлік көбейіп, малдың өлуіне әсері барын білдім. Мұның бәрі малдың қоңына кері әсер ететіні сөзсіз. Мен мұны жақсы түсінемін.
«Жұт жеті ағайынды» деген сөзде терең мән бар. Қытымыр қыста алдымызда не күтіп тұр? Шіліңгір шілдедегі ыстық қытымыр қаңтарда қайтадан аяз болып келсе не істейміз? Біз осы туралы көп ойлануға тиістіміз.
Сыр бойындағы жайылымдар туралы не айтуға болады? Бұрынғыдай дария кемеліне келіп тасып, жайылымдық жерлерге су жайылмағандықтан тек суармалы жердің отына сенеміз. Дегенмен, онда аяқ су мәселесі алдымыздан шығып отыр.
Біздің алдымызда үлкен мәселе тұр. Ол – малды қыстан аман алып шығу жолдарын ойластыру.
Ортақ істе жұмыла тірлік етіп, қиындықты еңсеруге міндеттіміз. Осыған байланысты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне төмендегідей нақты талап-міндеттерді жүктеймін.
Біріншісі – ауылдық округ әкімдері өзара келісім негізінде Сыр бойындағы күріштен босаған егістік алқаптарға тау беткейдегі шаруа қожалықтардың малын орналастыруға мән беріп, қол жеткізуді қарастыруы тиіс;
Екіншісі – ата-бабаларымыз осындай қиын кездері малға жайылым іздеп, көшіп-қонып жүргені белгілі. Ауылдық округ әкімдерін шаруа қожалық төрағаларымен бірлесіп Қызылқұмның етегіне, одан әрі тереңдей көшуге қамданып, ондағы ескі құдықтарды анықтап, жай-күйін білуге міндеттеймін. Бұл бастамада көнекөз қарияларды пайдалана отырып, құм ішіндегі ескі қыстаулардағы құдықтардың санын анықтап, түгендеуді қолға алуымыз тиіс;
Үшіншісі – аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мамандары мен ауылдық округ әкімдері бірлесіп тіркелген мал басына қарай шаруа қожалықтардың қыстайтын орынын анықтап, жем-шөп мәселесін шешудің жолдарын қарастырып, жоспар әзірлеуі тиіс. Солтүстіктегі ұн тарту зауыттарынан жем сатып әкелуді де ойластырған жөн. Жем-шөп қоры қыста қанша малға жететінін бағамдау өте маңызды.
Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың Арал ауданының шаруаларына дем беруге шақырған үндеуіне біздің шаруа қожалықтар белсенді қатысып, бұған дейін 8 мың пресс шөп жөнелтсе, алдағы аптада тағы 5 мың пресс жөп жіберіледі. Бұл іске дем берген шаруа қожалық төрағалары Нематулла Рүстемов, Құлмағанбет Исаханов және Изатулла Үсеновке алғыс білдіремін.
Біз Аралдағы шаруаларды қолдаумен қатар өзіміздің қыр беткейдегі малшыларға дем беруді ұмытқан жоқпыз. Ауданның тау беткейіне орналасқан ауыл азаматтары Сыр бойындағы елді мекен аумағынан тегін шөп орып алуды, өзара келісім негізінде құптаған болатынбыз. Бұл істі әлі де жалғастыруға мүмкіндік бар.
Қыркүйек, қазан айында осы істі жалғастырып, тау беткейдегі шаруа қожалықтар мен жеке адамдар қажетті шөп қорын дайындап алуға жағдай жасауға міндеттіміз.
Ұлтымызда «Ертеңін ойламаған еркектен без» деген керемет сөз бар. Біз Алланың алдымыздан қандай сый дайындағанын, қандай сынақ күтіп тұрғанын біле алмаймыз. Біз өткеннен сабақ алып, дайындық жұмыстарын күшейту арқылы сынақтарды жеңіл еңсеруіміз керек.
Ендеше, ағайын, қысқа қамданайық, жем-шөп қорын молайтып, малды аман сақтап қалуда Қызылқұмды игеруге басымдық берейік.