№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАЛ ТҮЛІГІН АСЫЛДАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

МАЛ ТҮЛІГІН АСЫЛДАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ


Жаңақорған ауданы әкімдігінің алға қойған негізгі мақсаттарының бірі – аграрлық секторды аудан экономикасының драйверіне айналдырып, мал және егін шаруашылығын дамыта отырып, жергілікті тұрғындарды отандық өніммен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен мұраттас жобаны жүзеге асыруда ауданның географиялық тұрғыда ыңғайлы орналасуы басымдық береді. Оның үстіне, атакәсіпті нәсіп еткен жаңақорғандықтар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мән бере бастады. Сондықтан, ІV Малшылар слеті аясында «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары» тақырыбында пікірлермен бөлісіп, тәжірибе алмасамыз.
Азық-түлік қауіпсіздігі қай елдің болмасын тəуелсіздігінің, еркін дамуы мен халқының əл-ауқатының артуының кепілі болып табылады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыcтар атқарылуда. Мемлекет басшысы 2012 жылы жарияланған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту алдағы кездегі басты бағыттардың бірі екенін атаса, 2017 жылы жолданған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында саланы дамытудың нақты бағыт-бағдарын көрсетті. Яғни, сүтті, етті мал шаруашылығын дамытып, экспортты арттыру міндеттелді. Мұны сапалы орындаудың негізгі алғышарттарының бірі – мал тұқымын асылдандыру болып табылады.
Бүгінде Нидерланд, Германия, Норвегия, Австралия, Канада, Бразилия тəрізді елдер мал басын асылдандырып, халықаралық ветеринария ұйымының алдында бедел жинап үлгергелі қашан?! Қазақстан да малды асылдандыруға басымдық беріп, шетелдік бұқаларды алдыра бастады. Қазіргі таңда төрт түлік малдан асыл тұқымды репродуктор шаруашылықтар қалыптаса бастады.
Жаңақорған ауданында мүйізді ірі қараны асылдандыратын жеті, қой бағытында он және асыл тұқымды жылқыны көбейтетін екі шаруашылық жұмыс жасауда. Атап айтқанда, «Заман-ата» шаруа қожалығы мен «БекарысАгрофуд» ЖШС «Қалмақ» тұқымды ірі қараны, «Orda-Агротехнология» ЖШС «Санта-Гертруда» тұқымын, «Жер қазына» ЖШС «Әулиекөл» тұқымын, «Бақытжан» шаруа қожалығы «Ақбас» және «Абердин-ангус» тұқымының санын арттыруда. Мүйізді ірі қараның сүт бағыты бойынша асыл тұқымды репродуктор шаруашылық ретінде «Мырзабай» және «Мырзалы» шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Олар «Әулиеата» тұқымы бойынша асыл тұқымды өнім өндіруде.
Асыл тұқымды қой шаруашылығы бойынша «Ынтымақ» ЖШС, «Тұртан-ата», «Ақсеңгір», «Шайық», «Ақжол», «Бақытжан», «Бесарық» шаруа қожалығы «Қаракөл» қойын өсіруде. Ал, «Көбелдес» пен «Жан» шаруа қожалығы асыл тұқымды «Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойымен» айналысады.
«Бақытжан» шаруа қожалығы жылқының «Жабы», «Мұғалжар», «Көшім» тұқымын, «БекарысАгрофуд» ЖШС «Жабы» асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытып келеді.
Содай-ақ, Келінтөбе ауылдық округіндегі «Orda-агротехнология» ЖШС «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ бірлесіп жұмыс жасауда. Серіктестік 150 бас ет бағытындағы «Санта-Гертруда» асыл тұқымды қашарлар алып, асыл тұқымды репродуктор шаруашылық құрылып, жұмыс жасауда. Қыркеңсе ауылындағы «БекарысАгрофуд» ЖШС «Қалмақ» асыл тұқымды қашарлар алып, асыл тұқымды репродуктор шаруашылық құрды.
Жалпы, соңғы жылдары мал басын асылдандыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, ғалымдар мен генетиктер малды асылдандыруда қолдан ұрықтандырудың артықшылығын айтуда. Яғни, асыл тұқымды малдың өзін алғаннан эмбриондарын алу арзан əрі өте тиімді. Себебі, аналық қойдың жатырына көптеп салу арқылы егіздетіп төл алуға мүмкіндік бар. Екіншіден, егер бұл тəсілді тереңінен жетілдіре алсақ, уақыт өте келе қойды клондау əдісін де меңгеруге мүмкіндік туады. Үшіншіден, бұл əдіс арқылы ғылымның əлеуетін көтеруге де болады. Алдағы уақытта малды асылдандыруда қолдан ұрықтандыруды басшылыққа алуға мән беру қажет-ақ.
Ауыл шаруашылығы саласының бəсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін біз тұрақты түрде жаңа инновациялық технологияларды ендіріп отыруымыз керек.
Әрине, сапа саннан туады. Сондықтан, Сыр өңіріндегі төрт түліктің басым бөлігі Жаңақорған ауданында деп мақтанышпен айтуға болады. Мәселен, облыстағы сиырдың 20 пайызы, қой мен ешкінің 35 пайызы, жылқының 12,5 пайызы біздің ауданда. Малдың басы бұл ең берекелі 1993 жылдан екі есе өсті. Соңғы бес жылды сараласақ, (2013-2017 жылмен салыстырғанда) мүйізді ірі қара саны 20301 басқа, қой мен ешкі 34920 басқа, жылқы 5582 басқа артты. Мұндай табысқа жетуде шаруалар мемлекеттің қолдауын сезінді. Соңғы бес жылда (2013-2017 жыл) Жаңақорған ауданы бойынша мал шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан 2 814 695,8 мың теңге субсидия берілді. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге жоғарылады. Меншік қаражаты есебінен 18,9 миллард теңгені құрады.
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек», деді. Расында, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың тиімді тетігі өндірістік кооперативтерге бірігу. Бұл бағытта да ауданда тыңдырымды тірлік бар. «Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері» туралы заңының аясында, ауданда 2016-2017 жылы егін егумен және мал шаруашылығымен айналысатын 47 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оған 733 адам бірікті.
Бүгінде 278 жеке отбасылық тұлғадан құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі толық қанды жұмыс жасайды. Оның алтауы ет өндіру бағытында отбасылық мал бордақылау бойынша, біреуі мал шаруашылығы сүт өндіру бағытында, екеуі тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылығындағы мал тұқымын асылдандырумен айналысады.
Үкіметтің «50 ауыл жобасы» бағдарламасын қолдау бағытында Қожакент пилоттық ауыл болып белгіленген. Онда «Миялы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 12 шаруа қожалық пен 41 жеке тұлға мүше болып бірікті. Бүгінде отбасылық мал бордақылау алаңдарында мүйізді ірі қара мен жылқының қондылығын арттырып, нарыққа шығарып отыр.
Өнімді терең өндеу мақсатында «Миялы» кооперативі модульді мал сою пунктін, «Ақбұлақ-Б» мен «Бесарық-Бірлестігі» кооперативі сүт қабылдау пунктін құрды. Сонымен қатар, «Ақбұлақ-Б» кооперативі сүт таситын рефрижератор газел көлігі мен кіші құрама жем зауыты орнатылды.
Биыл нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының аясында облыстық пилоттық жобасы бойынша ауданда үйрек шаруашылығын дамыту қолға алынып отыр. Аталған үйрек шаруашылығы табиғаты таулы, жері сулы Ақүйік ауылдық оуругіндегі «Қаратау-Ақүйік» кооперативінің мүшелері арқылы дамытылады.
Қорыта айтқанда, бәсекеге қабілетті өнім өндіру, оларды ішкі нарық қана емес, сыртқы нарыққа да шығару – бүгінгі заман талабы. Бұл ретте өнімділікті арттыруға және өнім сапасын жақсартуға оң әсер ететін негізгі факторлар қатарында селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізу маңызды. Біз осының мән-мазмұнын терең түсініп, еңбекті жүйелеген кезде ғана Қытай, Иран, Үндістан және т.б. үлкен нарықтан өз еншімізді аламыз.

Ғалым ӘМІРЕЕВ,
Жаңақорған ауданының әкімі.
11 мамыр 2018 ж. 2 033 0