Мінезімен жағымды, айналасына қадірлі ел мақтаны
Бір әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған Пахмадин Айнақожаев ағамыз еңбек жолында журналистиканың қазанында қалыптасып, шыңдалды. Одан кейінгі кезеңде мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмыста өзінің ұстанымымен ерекшеленіп келеді.
18 шілдеде болмысы ерек қаламгер 70 жасқа толады. Өмірден көрген-түйгені мол ақсақалды әңгімеге тартып, «Өнегелі отбасы» айдарының шеңберінде сұхбат құрдық.
– Еңбек жолымда мәслихат сапында да, мемлекеттік қызметте де еңбек еттім. Бірақ журналистикадағы жолым мен үшін қымбат. Ауданның төл газеті – руханияттың ордасы. Аудан басшыларының бастамаларын насихаттаудан бөлек, тұрғындардың рухани-мәдени өсуіне ықпал етіп келеді. Оның артында үздіксіз шығармашылық ізденіс, түнгі ұйқыны төрт бөліп жазған дүниелер жатыр, – деп бастады сөзін ардагер қаламгер.
1968 жылы Жаңақорған аудандық баспаханасында линотипист-наладчиктен еңбек жолын бастайды. «Коммунизм жолы» газетінде кооректор, еңбекші хаттары және ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, баспахананың директоры болды. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, әкім аппаратының ұлт саясаты жөніндегі комитет төрағасы, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, 2015 жылдың 1 қыркүйегінде зейнетке шықты.
Баспасөз саласындағы қажырлы еңбектері үшін журналистика саласының «Еңбек ардагері», «Қазақ журналистикасының қайраткері», Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
– Журналистика мектебінде Нарзілда Қалилаев, Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасаровтың өнегесін сіңірдім. Ол кезде еңбекші хаттары бөлімінде оқырмандардың хаттары толассыз келіп жататын. Оларды қорытып, өндеп, күзеп басылымға дайындау керек-ті. Бұған қаншама қажыр-қайрат жұмсаймыз. Бәрінен бұрын, қаламгерлік қарымың мықты болуы шарт, әйтпесе, оқырманның ойын дәл түсіріп, мақалаға айналдыру қиын. Газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде де қызу тірлік тоқтамайтын. Ол кезде ағылып жатқан көлік жоқ. Мәселен, Қаратөбеге барып-қайтудың машақаты ауыр-тұғын. Жолшыбай кездескен көлікке мінеміз. Сатылап-сатылып әйтеуір баратын жерге жетеміз-ау. Кейіпкерімізбен кездесіп немесе оқиға ортасында болып, оны нөмірге дайындау міндеті тұрады. Осының бәрі мені шыңдады, жауапкершілік жүгін көтеруді міндеттеді, – деп өткен күндерді еске алды.
Пахаң жар таңдау, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан алғанда да – бақытты адам. Ұлтуар Қашқыновамен шаңырақ көтергеніне 45 жылдан асыпты.
Медицина саласында қажырлы еңбек етіп, зейнетке шыққан Ұлтуар апамыз ұрпақ тәрбиесіне маңыз берген өнегелі әже. Пахаңды танымы мен тағылымы төрге оздырса, Ұлтуар апамыздың еңбекқорлығы өз ортасында сыйлы етті. Өмір ұлағатынан өз еншілерін алған шаңырақ иелерінің сыйластыққа құрылған тату-тәтті, жарасымды өнегесін ұл-қыздары бойына сіңіріп, кірпіштей қаланып, елдің өсіп-өнуіне еңбек сіңіріп келеді.
Расында, бұл әулет – көпке үлгі. Ынтымағы жарасқан бұл өнегелі отбасы екі ұл, төрт қызды өсіріп, немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Ермек – А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде жауапты қызметте. Серік пен Лаура – экономист, Сәуле – медицина саласында, Айда – педагог-психолог, Ләззат – тіл маманы. Үлкен келіні Индира мен кіші келіні Эльмира ұлағатты ұстаз. Екі келіннің бірдей ілтипат көрсеткен қызметіне көңілің елжірейді. Міне, ізгілікті қасиетке толы әулет тынысы осындай.
Пахмадин ағайдың кіндігінен тараған ұл-қыздарынан ұлағатты ұрпақ тарап, бұл әулет тамырын тереңнен тартатын бәйтерекке айналды. Әулеттің ұл-қыздары мен немерелері қолдары қалт етіп босағанда үлкен шаңырақта бас қосуды үрдіске айналдырған.
– Мамандық таңдау, жар таңдау тұрғысынан бақытты адаммын. Жұмыста табысты, өз ортамда сыйлы болдым. Қаламгерлік жолда Файзулла Сахиев, Қалжан Смайлов, Алмас Бекжігітов, Құдайберген Ертасов, Оразәлі Мұсабеков, Ерубай Қалдыбек, Баян Үсейінова және т.б қызметтес болдым. Барлығының да аудан тарихында ерекше орны бар азаматтар. Ел қатарлы отбасы болдық, ұл-қыз өсірдік. Барлығы өмірден өз орындарын тапты. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! – дейді Пахмадин ағамыз.
Адамның жетістігі – өз өмірінің әрбір сәтіне шүкіршілік етіп, бағындырған белестерді бақытқа балауында жатыр. Сонда ғана адам «бақыттың формуласын» табады. П.Айнақожаев ағамызды дәл осындай қасиеті үшін қадірлеп, құрметтеу керек. Қаламгермен дидарласу барысында санаға осындай ой тоқыдық.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ