№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім – жанған шырақ

Білім – жанған шырақ


Соңғы жылдары Төлепберген Әбдірашев атындағы №239 мектеп ҰБТ көрсеткіші бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мәселен, биыл мектепті 12 оқушы бітірсе, оның 11-і ҰБТ-ға қатасып, 6-ы 100 балдан жоғары жинады. Жоғары балл жинағанның төртеуі біздің кейіпкердің шәкірттері. Иә, химия пәнінің мұғалімі Роза Жаппарованың жетістіктері көз алдымызда. 
Ұстазды «Сенбілік сұхбат» төріне шақырып, жетістіктің сырын сұрадық.
– Шәкірт бойына білім сәулесін құюмен қатар тәлімді тәрбие беру маңызды. Мұның мәнін Әл-Фараби тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына деп түсіндірді. Бұған алып-қосар сөзім жоқ, деп бастады әңгімесін ұлағатты ұстаз.
– Шәкірттеріңіз тестілеуден жоғары балл жинайтынын жақсы білеміз. Осының сырымен бөліссеңіз...
– Алдымен оқушының зейінін ашып, ынтасын ояту маңызды. Сосын өз-өзіне сендіріп, жарқын болашағы үшін еңбек етуді үйрету керек. Осыны бағдарлаған оқушы кез келген биікті бағындыра алады.
Биылғы төрт шәкіртім жоғары жетістікке жетіп, қуантты. Оның  үшеуі медицина саласын таңдаса, бір қызым өзімнің жолымды жалғастыруға ниетті. Тұрсынбектің 135 балл жинағанын ауданның төл газеті сүйіншіледі. Еңбегімізді елеген шығармашылық ұжымның ілтипатына қуанып, мерейіміз тасыды.
– Құпия болмаса тестке дайындауда ерекше әдіс-тәсіліңіз бар ма?
– Ең бірінші, оқушы таңдаған мамандықты анықтап, таңдау пәніне басымдық беріп, терең оқытуға тырысамыз.
Қазіргі балалардың таным-түсінігі терең, өзіндік ұста­нымдарымен ерекшеленеді. Олар­мен еркін форматта әңгімелесіп қызығушылығын аңғарып, дұрыс бағыт-бағдар берсеңіз, жетістіктің жартысына жеткеніңіз.
Содан кейін барып ҰБТ-ға дайындық басталады. Тарау-тарауға бөліп, әрбір тақырыпты оқушы меңгеруіне мән береміз. Егер оқушы тақырыпты толық білсе, логикалық сұрақтардың мән-мазмұнын тауып, дұрыс шешім шығара алады. Алайда бір ескеретіні, оқушы бір тақырыпты толық меңгермейінше оған қосымша жүк артып, санасына салмақ түсіруге болмайды.
Биік жетістікке талап пен тәртіп болмаса жету қиын. Директор және оның орынбасары Асқар Жүсіпбаев пен Гүлбаршын Ибрайымова апта сайын оқушылардың тақырыпты меңгеру деңгейін сұрайды.
– Ал, олимпиада, ғылыми жобалардан шәкірттеріңіз қандай нәтиже көрсетіп келеді?
– Аудандық олимпиадада біздің оқушылар биіктен көрініп келеді. 2019 жылы Дильназ пен Қасиет есімді шәкіртім дара шықты. Облыстық олимпиадалардан да жүлделіміз. Ал, ғылыми жобадан жеткен жетістігіміз көп емес. Жоғары оқу орнында жүрген шәкірттерімнен ғылыми жоба қорғап жүргендер бар. Шәкірт демекші, біздің қабілет-қарымымызды танытатын осы оқушыларым ғой! Сондықтан олардың да есімдерін елей кеткенім жөн. Нұрсұлтан, Анар, Әйгерім, Ақмоншақ және өзге де түлектеріммен мақтанамын.
– Оқушылардың қашықтықтан оқып жатқанына бір жылдан асты...
– Атам қазақ «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған ғой! Елдің саулығы үшін қашықтан білім алу керек. Бұл оңай емес. Мұның салмағын ата-аналар сезінді. Алдағы оқу жылында дәстүрлі оқуға көшетінімізге сенім басым. Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң» деп шәкірттеріне қарата айтқандай, білім шырағы мектепте жанады. Ал, шырақшы дегеніміз ұстаздар. Ұстаздың алдын көрудің қасиетті болуы да сондықтан.
– 30 жылдан астам уақыт ұстаздық жолда келесіз. Қаншама баланың болашағына шырақ жақтыңыз, қаншама жас мамандарға жол көрсеттіңіз. Осы өмірлік тәжірибеңізден бөліссеңіз, ұстаз болу қандай қасиетті талап етеді?
– Мұғалім бойында төрт қасиет болуы тиіс. Мейірімділік, қарапайымдылық, ізнденімпаздық және темірдей тәртіп. Ілім, білім іздену адам баласының табиғатына тән қасиет. Келер күнге мақсат қойып, беймәлім дүниені ашуға талпынбасақ, дамушылық тұрғыда алға баспаған болар едік. Ел болашағын заманға сай біліммен сусындатып, тәрбиелеу ұстаз қауымына артылған жүк. Бүгінгі жаңартылған білім мазмұны үздіксіз ізденуді талап етеді. Осы жауапкершілікті арқалаған әрбір жан, қиындыққа мойымай, бағыт-бағдарды саралап, жүйелей алған ұстаз ғана болашаққа жарық сыйлай алады. Шәкірті үшін сыпайылық пен адалдықтың, адамгершілік пен парасаттың үлгісі болған ұстаздың бағындырған биіктері аз емес.
Өз-өзін, кәсібін сүю керек. Интернет ақпарат көзіне айналған уақытта мұғалім жан-жақты білімді болғаны дұрыс.
– Сіз қандай ұстазсыз?
– Әл-Фарабидің: «Ұстаз тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады, – деп ой түйеді. Біз осыны бағдар етеміз.
– Әйел бақыты неде?
– Әйел бақыты босағадан басталады. Яғни әйелдің бірінші бақыты отбасы – ошақ қасында. Әйел ерін сыйлау арқылы қоғамда өз орнын таба алады.
Мен де анамын, үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмын. Қыздарым өзімнің жолымды жалғап келеді. Сондықтан жас келіндерге айтарым ерді сыйлай біліңдер. Ерінің көңілін таба білмеген жанның намазы да қабыл болмайды дейді.
– Сізді танитындар тағы бір қырыңыздан сөз етіп еді...
– Әйелдің қырық жаны бар демей ме, ауылға келін болып түскеннен кейін бала-шаға, қызметпен қоса егін шаруасына да бейімделдім. Өзім шаруаны жақсы көремін, жақсы түсінемін. Егін-жайдың жайы мен үшін қызықты сала, оны да жанымнан тастаған емеспін. Ең бастысы, еңбек адамды ширатады, ал өмір үйретеді. Осыны ұмытпаған жөн.
P.S.: Кезінде қазақ театрының негізін салушылардың бірі Серке Қожамқұлов: «Мен ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген екен. Расында, ана алдында сәби жүрек қартайса да бала көңілі перзентіндей болып қала бермек. Сол секілді мұғалім алдында шәкірт қашанда оқушы келбетімен қалады. Себебі, ұстаз ұлы есім. Оны арда тұтып, қастерлей білу – адамзаттың асыл парызы. Сондықтан Роза Әбдіқалыққызы сынды ұстаздар қауымына айтар алғысмыз шексіз.
Тілдескен Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 шілде 2021 ж. 397 0