ҰМТЫЛЫС АЗ, ҰТЫЛЫС КӨП немесе қайыстай ширату
Селсоқ мінезді сілкіп алған сейсенбінің сабағы көп мәселенің көлеңкелі тұсын түйреп өтті. Тойға келгендей томаға тұйық отыратын тұлғаларға мемлекеттік қызметкер екенін еске салып, әдеп сақтау, кәдімгі киім үлгісін де мысалға келтіріп, жанды жерден жалын сөз «шымшып» алды. Еркін жүріс, епсіз әрекет, нәтижесіз іс нысана нүктесіне қойылды, талап үдесінен шықпағандар сыбағадан құр қалмады. Тәртіп пен әдептің қос тізгінін тарта, қайыстай діні қатты талаптың тіні тәбәрік тәнімізді тіліп өткен болар, жиыннан еңсе еңкіштеніп, жүзіміз жүдеуленіп шықты. Бір жағынан, жиналыс осылай болмаған соң сөз жетесіне жетпей жүрген шығар, бұл жолғы сойқан соққының нәті есі барды есеңгіретіп қойды.
Осыған дейін, 2021 жылдың 31 мамырында өткен аудан әкімдігі аппаратының кеңейтілген мәжілісінде аудан әкімі Руслан Рүстемов салық базасы мен бюджеттің кіріс көздерін кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздық санын азайту бағытындағы жұмыстарды сараптап, дербес бөлім басшылары ұсынған статистикалық сипаттама тұрғындардың нақты әлеуметтік жағдайына жауап бере алмайтынын жан-жақты дәлелдеп берген еді. Әкімнің талқысы мен талдауы бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдерін тығырыққа тіреп, мәжіліс залы мүлгіген үнсіздікке ұласып, әркім толғақты өз мәселесімен мұңдана шыққаны әлі есімізде. Содан бері бір ай өтті. Осы уақытта жұмыс істеуге ниетті басшылар белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге әбден болады. Шілде айының ортасында жылдың алғашқы жартыжылдығының нысаналы индикаторлары мен нәтижелері белгілі болады. Бұл жолғы мәжілістің мәні мен маңызы осыдан көрінді. Яғни шағын және орта бизнесті дамыту, жеке тұрғын үй құрылысы үшін беріліп жатқан жер телімдерінің мақсатқа сәйкес пайдаланылуы, кәсіпкерлік ғимараттардың бағалануы мен олардан аудан бюджетіне түсетін салық көлемі туралы талқыланды. Әдеттегідей ерекше ескертуден кейін құлаққа ұрған танадай тыныштық орнап, залдың назары аудан әкіміне ауды.
Кеңейтілген мәжілістің маңыздылығы сол, оның жүгі бес батпан ауыр және бүгінгі күннің басты бағыты болып тұр. Ал, бұл мәселеге мансұқ көзқарас ұялатқандар үшін үлкен соққы және сабақ болып қалды. Мұны жұмбақтамай жалпыға жария түрде жазуға біз де бекем бекіндік.
Әдеттегідей, әлеуетті іс ауанын арқау етіп, салық базасын кеңейту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін жеткізген аудан басшысы Руслан Рүстемов жергілікті бюджетке түскен салық көлемі әлеуметтік, жеке табыс және мүлік, жер салығынан құралатынын мәлімдей келіп, мәжілістің бағытын айқындай түсті.
– Күн тәртібіндегі негізгі мәселе аудан бюджетіне түсетін қосымша кіріс көздерін арттыруға арналады. Себебі көлеңкелі экономиканы қысқартып, бюджет кірісін арттыру арқылы халықтың негізгі мәселелерін шешуге қол жеткіземіз. Аталған мәселе бірнеше жиналыста көтеріліп, хаттамалық тапсырма берілгенімен, жүктелген жауапкершілік аяқсыз қалып келді. Бұдан былай әкімнің орынбасарлары салалық бөлімдер атқарған жұмысты үйлестіруі тиіс екенін өткен жиналыста айтқанмын. Бүгінгі мәжіліс сол негізбен өтетін болады, – деді Руслан Рүстемұлы сөз кіріспесінде .
Шынында, мамыр айындағы мәжілісте сараптамалық талдауларды бөлім басшылары емес, белгілі бір салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарлары жасауға тиісті деп шешілді. Сол бойынша бөлімдер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеп, оларды қадағалау және талдау орынбасарларға тапсырылған. Аталған тапсырма арқауы –кәсіпкерлік ғимараттардың бағалануы және олардан бюджетке түсетін салықтар туралы талдау жасау мақсатында бүгінгі мәжілісте аудан әкімінің орынбасары Ердулла Сұлтанбеков мінбеге көтеріліп тұр.
Баяндамадан ұққанымыздай, ауданда кәсіпкерлік субъектілерінің ғимараты объективті тұрғыда бағаланбайды. Мұның бәрі салық төлеуден жалтару, көлеңкелі экономиканың үлесін арттыруға себеп болатыны түсінікті-ақ. Мәселен, Жаңақорған кентіндегі 60-70 шаршы метрді құрайтын 2-3 бөлмелі уақытша баспананың (времянка) нарықтағы сатылым бағасы 6-7 миллион теңгені құраса, Қорасан ата көшесінде орналасқан жалпы алаңы 432 шаршы метрді құрайтын «Астана» сауда орталығының құны 2 миллион теңге (Мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметі бойынша) деп көрсетілгенін қалай түсінуге болады?
– Әрине, бұл кәсіпкерлердің мүлік салығын неғұрлым аз төлеу мақсатында жасап отырған әрекеттері де болуы мүмкін. Осы орайда тиісті сала мамандарымен, атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер басқармасы, кәсіпкерлік палатасы, жер кадастры және жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік және құрылыс бөлімдерімен бірге талдау жұмыстары жүргізілді.Әрбір мемлекеттік органның кәсіпкерлік нысанды тіркеуде, есептілігін қабылдауда, олардың құнын анықтауда атқаратын рөлі талқыланды, – деді Ердулла Нұртазаұлы.
Сөйтіп, Жаңақорған кентінде жұмыс істеп тұрған 30 кәсіпкерлік субъектісінің ғимаратына талдау жүргізіліп, нәтижесінде оның 13-і мүлік және жер салығына салық есебін тапсырмағаны анықталды. Экономикамызды алға жылжыту жолында бизнес ортаға қолайлы жағдай туғыза отырып, салықтық түсімдерді көбейту қажет. Бірақ мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың бағалау құны айтарлықтай аз көрсетілген. Осының салдарынан салық базасын кеңейту жүзеге аспай, қазынаға түсетін тиесілі қаражат «жоғалған».
– Белгілі бір кәсіпкерлік нысан алаңының жиынтығы 17000 шаршы метрді құрайды. Бағалау құнын ғимарат алаңының көлеміне бөлгенде (150 миллион 632 мың/17000=8861теңге) 1 шаршы метрдің құны орташа есеппен 8861 теңгеден айналды. Әрине бұл ақылға қонымсыз дүние.
Қазір жарнамаға берілген Жаңақорған кентіндегі жеке тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі орта есеппен 84257 теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Үкіметтің бюджеттен тұрғын үйді сатып алу үшін белгілеген құны 1 шаршы метрге 140 мың теңгені құрайды.
Осы орайда, кәсіпкерлік нысан ғимараттарының салық салу үшін құнын нарықтағы жеке тұрғын үйлердің бағасына сәйкестендірген жағдайда салық көлемі едәуір артар еді, – деп аудан әкімінің орынбасары талдап берді.
Мамыр айындағы аппарат мәжілісінен кейін арнайы жұмысшы топ құрылып, шағын бизнес субьектілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген екен. Олар «Береке», «Аққу», «Ғани», «Заңғар», «Қара Бура», «Бір тиын» сауда орталығы мен «Мөлдір», «Магнит» дүкеніне барып, мүлік және басқа салық түрлері мен жұмысшылардың әлеуметтік төлемдерін уақытылы төлеу, бақылау-кассалық аппаратын орнатудың маңызын түсіндірген.
Соның нәтижесінде «Жас Қанат» кафесі 2 миллион теңгеге, «Нұр Ару» кафесі 2 миллион 800 мың теңгеге, «Аружан-Қ» кафесі 2 миллион теңгеге бағалау құнын көтеріп, қосымша 34,0 мың теңгеге мүлік салығын төледі.
– 2021 жылдың 1 маусымына түскен салық көлемі 459 миллион 186 мың теңгені құраса, оның 449 миллион 869 мың теңгесі немесе 99,6 пайызы заңды тұлғалардан, ал небәрі 1 миллион 982 мың теңгесі немесе 0,4 пайызы ғана жеке кәсіпкерлерден түскен.
Мұнан ірі-ірі заңды тұлғалардың тиісті салық төлемдерін жүргізбегенін аңғарып қалдық. Мәселен, «Orda-Сығанақ» шипажайы, «Хек КТ» ЖШС күн электрстанциясы, «Қуат-Керамзит» ЖШС, «Жаңақорған Жібек жолы» ЖШС, «Жаңақорған жолдары» ЖШС, «Жаңақорған жаңа жол» ЖШС мүлік салығын төлемеген. Басқасын былай қойғанда, ауданға белгілі деген ірі-ірі кәсіпкерлік субъектілерінің өзі осындай, – деп Ердулла Нұртазаұлы баяндамасын аяқтағанын білдірді.
Мәселеге аудан әкімі араласып: – Сіздің баяндамаңыздан байқағанымдай, бизнесті дамытуға қанша қолдау көрсетілсе де коммерциялық ғимаратты кәсіпкер қалай бағалатса, соған сай салық төлейді дейсіз? Мұны реттейтін тетік жоқ па? Маған заң нормаларын айтып, ақталудың қажеті жоқ. Істің шешілу жолын ұсынып, нақты нәтиже көрсетіңіз.
Сіздің сөзіңізше, «ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 73 бабына сәйкес салынған құрылыс нысаны аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық кадағалаушымен бекіткен құрылысты қабылдау актісі толтырылады. Және белгіленген тармағында құрылыс нысанына кеткен шығын көрсетілген объектіні пайдалану актісін құрылыс бөлімі есептілікке алады. Одан кейін құрылыс бөлімі пайдалануға берілетін кәсіпкерлік субъектісінің ғимаратын қабылдау актісін тіркейді, есебін жасап, статистика басқармасына берілетін құрылысқа салынған инвестиция көлеміне қосады. Осы тетіктер Мемлекеттік кірістер басқармасына салық есептеуге негіз бола алмай ма? Сонда заң тетіктері жоқ деп отыра береміз бе? – деп әкім салық саясатының салмағын сезіндіре түсті.
Сосын сөзін ары қарай жалғап:
– Ердулла Нұртазаұлы, кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмысын жүргіздіңіздер, оның нәтижесімен 34 мың теңге мүлік салығы алынды дейік. Бұл ауыз толтырып айтатындай мөлшер емес. Басқа кәсіпкерлік нысандар бойынша ше? Олардың көлеңкелі бизнесіне «жауырды жаба тоқығандай» қарап жүре береміз бе?
Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі Талғат Мұстафаев жолдас, кәсіпкерлік ғимараттарының бағалау құны салық төлеу заңдылықтарына сәйкес пе?
–Сәйкес келмейді.
– Осылай қол қусырып отыра бересіздер ме? Зерттеу жүргізіп, тиімді жолын табуға болмай ма?
– ?
– Бұл бағытта бейғам жүре берсек, бюджеттің түсімі қалай артады? Халықтың сұранысын қалай шешеміз? Егер қаржыдан қысылып, қол қысқа болса... деді аудан басшысы өз орынбасарының баяндамасына көңілі толмай.
Әрине, салықтың иесі бар. Ол – Мемлекеттік кірістер басқармасы. Онда бірнеше адам ғана жұмыс істемейді, үлкен бір команда. Әкім осы бағыт жөнінде салмақ сала сөйлеп:
– Мемлекеттік кірістер басқармасы бар жұмысты аудан әкімдігіне артуды қою керек. Кәсіпкерлік ғимаратының құны белгілі, енді негізгі салық есептеуді сіздер атқаруларыңыз тиіс, – деп салық органы өкіліне тапсырма жүктеді.
Мемлекеттік қызметкер – халық қызметшісі. Әрбір бөлімнің өзіндік функционалдық міндеті болғанымен түптің түбі халыққа қызмет ету екенін ұмытпаған абзал. Дегенмен ортақ мүддені бірлесе шешудің үйлесімі байқалмайды. Аудан әкімінің сынға алып отырғаны дәл осы дерек!
– Кәсіпкерлік мақсатта салынатын нысандарға жоба-сметалық құжаты дайындалып, сараптамадан өтетіні белгілі. Осы құжаттарға құрылыстың құны жазылады. Бұл құжаттар құрылыс бөлімінде жинақталады. Бұлар салық органына беріле ме? Берілсе, кәсіпкерлер тапсыратын есептіліктегі ғимарат құнына сәйкес пе? Мысалы, Қорасан ата көшесіндегі «Хан» нан өнімдерін пісіретін наубайхана ғимаратының құны 15 миллион теңге. Ал, одан бірнеше есе үлкен «Атамекен» орталығы – 7363,8 теңге, «Қара бура» – 16548,0 теңге, «Береке» – 2271,7 теңге. Тіпті «Жас Қанат», «Нышан» және «Данон» кафелерінің, «Нұр-Әділ» дүкені, «Заңғар», «Заңғар 2» сауда орталығының бағалау құны көрсетілмеген. Яғни зерттеуі жетіспеген жұмыс көп.
Арнайы жұмысшы тобы құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жақсы білемін. Бірақ нәтижесін қашан, қалай көреміз? Яғни кәсіпкер ғимаратын қайта бағалата ма, бұл жұмыстардың нәтижесімен бюджетке түсетін салық түсімінің жоспары нақтыланды ма? – деп Руслан Рүстемұлы мәселені терең талдау қажеттігін түсіндіріп берді.
Өткен айдағы аудан әкімдігі аппаратының кеңейтілген мәжілісінде салықтық есепті нөлдік көрсеткішпен тапсыру жергілікті бюджетке теріс әсер ететінін, соның салдарынан қаншама әлеуметтік маңызды істерді атқаруға қол қысқа екені айтылып, Жаңақорған және Шалқия кенті, М.Нәлібаев, Аққорған, Өзгент, Қандөз, Жаманбай батыр, Екпінді, Сунақата, Келінтөбе, Қожакент, Қожамберді, Көктөбе, Қосүйеңкі, Қыраш, Талап, Сүттіқұдық, Төменарық ауылдық округінің әкімдеріне мәселені байыптау тапсырылған-ды. Тіпті Қандөз ауылының әкімін орнынан тұрғызып:
– Қандөздің әкімі Кеңес Оразбеков жолдас, тіркелген кәсіпкерлеріңіз 42 болса, содан 40 кәсіпкер нөлдік есеп тапсырып отыр. Мысалға айтайын, бір кәсіпкер күніне кемінде 3 мың теңге сауда айналымын жасаса 30 күнде 90 мың теңге табыс табады. Соның 3 пайызы табыс салығына түскен уақытта ол 2700 теңгені құрайды. Енді соны 40 кәсіпкерге көбейтсек, ол 1,3 млн теңге болатынын білесіз бе? Демек, сіз салық саясатына дұрыс мән бермей келесіз! Бұл барлық кент, ауылдық округ әкімдеріне қатысты жағдай. Осыдан-ақ сіздердің жұмыстарыңыздың деңгейін білуге болады, – деп аудан басшысы сынағаны әлі есімізде.
Бұл жолы да салықтық есепті нөлдік көрсеткішпен тапсырудың бюджетке тигізетін салқыны сөзге себеп болып:
– Өткен жиында салықтық есепті нөлдік көрсеткішпен тапсырудың себебі мен салдарын айттық, мысал келтірдік. Осы бағыттағы жұмыс қалай жүруде? Ауыл әкімдері тарапынан қимыл бар ма? Мүлік салығын төлеу барысындағы жұмыстардың нәтижесі қандай?
Салық базасын кеңейтуде ең бірінші түгендеуді сапалы жүргізу маңызды. Яғни кент, ауылдық округ әкімдері бюджетін жоспарлауда мүлік, жер және көліктерін түгендеуі тиіс. Сонда ғана сапалы жұмыс жүреді.
Бір ғана мысал, 2019 жылдан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 5 спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл тағы 5-і жаңадан есігін ашады. Бұлардың әрқайсысының құны 150 миллион теңгеден кем емес. Спорт кешендерінің құны жоба-сметалық құжатында көрсетіліп, сараптамадан өткен. Мұндай мысал көп. Осыны негізге салып, салық төлеуді ұтымды ұйымдастыру керек. Ол үшін іздену, еңбектену керек, – деп әкім өзінің орынбасарына ой қосты.Және мемлекет қазынасын арттыру үшін жауаптылық жоғары тұрғаны абзал деді.
Келесі кезек орынбасары Оңал Ержановқа келді. Ол шағын және орта бизнесті дамыту, жеке тұрғын үй құрылысын салуға беріліп жатқан жер телімдерінің мақсатқа сәйкес пайдалануы жөнінде саралауы тиіс.
– 2020 жылы екі рет кәсіпкерлік мақсатта жер учаскелері аукционға шығаралып, 13 гектарды құрайтын 15 жер телімі сатылып, аудан бюджетіне 22,9 миллион теңге түсті. 2021 жылы көлемі 18056 гектар болатын 8 жер телімі аукцион арқылы берілді. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында бау-бақша шаруашылығын жүргізу мақсатында 6 жер учаскесі уақытша пайдалану құқығымен берілсе, 2021 жылдың есепті кезенінде 36 жер учаскесі берілді. Бұл көрсеткіш салыстырмалы жағдайда 6 есеге артқанын көрсетеді. Бағбандық үшін берілген жер учаскесі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,5 есеге артты.
Тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тұрған адамдар саны – 7209. Кезектілікті қысқарту мақсатында Саяжай аумағында 213 гектар жердің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын дайындауға 29 миллион 282 мың теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «Геостандарт» ЖШС жүргізетін болды. Бұл аумаққа 2000-ға жуық тұрғын үй түседі, – деді Оңал Жанатұлы.
Жалпы екінші баяндамашының қозғаған мәселесі әлеуметтік маңызы зор іс. Сондықтан жерді мақсатты пайдалану, жер кезегін ашық әрі жариялы беруді қалыптастыру керек. Халықтың осы жұмыстарға сенімсіздігі басым. Неге десеңіз, жерді бау-бақша шаруашылығын жүргізуге алғанымен басқа мақсатта пайдаланып отырған кәсіпкерлер өте көп. Әкімнің осы жөнінде қойған сұрақтары біраз мәселенін бетін ашты.
– Оңал Жанатұлы, аукционға шығарған жер учаскелерінің көпшілігі Жаңақорған кентіне тиесілі екені белгілі. Осы жер учаскесінің орналасқан жері мен аумағы кенттің Бас жоспарына сәйкестігін жер қатынастары бөлімі, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, Жаңақорған кенті әкімі аппаратымен талқыланып, келісілген түрде шығарыла ма? Әлде бәрі формальды түрде жүзеге аса ма? Көпшіліктің екінші сұраққа басымдық беретіні анық. Өйткені, бөлімдер арасында байланыс мүлде жоқ. Жер қатынастары бөлімі бөлек өмір сүруде. Оның дәлелі, аукционға шығарылатын жер учаскелерінің бірде-бірі құрылыс бөлімімен келісіп істелмейді деп есептеймін.
Өзіңіз баяндамада айтып отырғаныңыздай, бау-бақша өсіру үшін 2020 жылы – 6, 2021 жылы – 36 жер телімі табысталды. Бірден 6 есеге артып кетуінің себебі не? Осыны зерттеп, зерделеп көрдіңіз бе? Осы табысталған жерлердің мақсатына сай игеріліп жатқанын қадағалайтын адам немесе мекеме бар ма? Менің ойымша, жер табысталды, болды, әрі қарай не болса ол болсын деп жүре бересіздер.
Кент аумағында ары-бері жүргенімізде жайқалып тұрған бау-бақшаны кезіктіре бермейміз. Неге? Өйткені, жерді мақсатты пайдаланып жатқан жоқ. Мәселен, 2020-2021 жылы 42 жер учаскесі бау-бақша мақсатында берілді. Осының қаншасында бау-бақша жайқалып тұр, соңы айта аласыз ба? – деп әкім өзінің орынбасарын сұрақтың астына алды.
Тұщымды жауап жоқ. Нақты ұсыныс та ести алмадық.
– Аппарат мәжілісіне дайындалуға толық бір ай берілді. Осы уақытта әрбір жер учаскесіне арнайы барып, мән-жайды анықтап, суретке түсіріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге болатын еді ғой! Жоқ. Бөлімдердің дайындаған мәліметтері негізінде құрғақ баяндама оқи саласыз. Жер экономикалық айналыста болуы тиіс, жер учаскелеріне қатысты мониторинг жұмыстарын жүйелеу қажет болатын. Ал, сіздер ондай қадамға емес, осал ойдан арылмағансыздар. Тиісті мақсатта пайдаланылмай немесе ҚР заңдарын бұзып отырған жер учаскелерін айқындау қағидасы бекітілгені, олар бойынша салықтық төлем ұлғайғаны белгілі. Осындай пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үшін де төлем көлемі ұлғайтылған.
Біле білсеңіз, сіз ауылшаруашылығы мен жер қатынастары, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм дейтін үш бөлімнің жұмысын үйлестіресіз, бұл дегеніміз, жердің иелері сіздің контингентіңіз.
Сіз аталған бөлімдердің жұмысын жан-жақты саралап, негізгі мәселелерді терең талдап, мәселелердің шешілу жолын көрсетуіңіз керек еді. Мұны сіздің баяндамаңыздан көрмей тұрмын.
О.Ержанов жолдас, тағы да айтамын, жетекшілік жасайтын салалық бөлімдеріңіздің жұмысына талдау жұмыстары мен бақылауды жолға қою керек. Жер қатынастарының айналасындағы жұмыстарды өзіңіз зерделеу жасап, 1 ай уақытта менің атыма жазбаша ақпарат ұсынуыңыз тиіс. Одан нәтиже шығармасаңыз тәртіптік жауапкершілігіңізді қараймын! – деп аудан әкімі мәселеге барынша мұқият болуға шақырды.
Шынында, қазір жер учаскесін беруде халықтың назы айтарлықтай. Өйткені тұрғын үй салуға берілетін жер учаскелері кәсіпкерлік мақсатта беріліп, тұрғындардың екіұшты ойы қалыптасуына әсер етіп отыр. Бұл – жергілікті биліктің беделіне теріс әсер ететін құбылыс. Осыны терең түсінетін әкім Руслан Рүстемұлы:
– Жер телімін табыстау кезінде мұқият қарауға мүдделісіз, заңға сәйкес жұмыс істеңіздер деп қаншама рет ескерттім. Тоқтамайтын арыздар, жоғарғы тұрған органдар арқылы келіп жатқаны қаншама? Қазіргі жұмысымыз бен уақытымыздың басым бөлігі арызға жауап беру, сотқа жауап беру, нұсқамаға жауап беруге шығындалуда.
Мендегі ақпараттар бойынша кент аумағынан бір азаматқа 2,7 гектар жер учаскесі табысталған. 2020 жылы кәсіпкерлік мақсатқа аукцион арқылы табысталған 20 сотық жер учаскесіне 2,5 гектар жер жапсарлас жатқандықтан қосылып берілген. Қазір тұрғындар осы жерді жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін мемлекетке қайтаруды сұрап отыр. Себебі, кәсіпкерлік мақсатта алған 2,7 гектар жерді алған азамат бөлшектеп сатып жатыр деген ақпаратты кент тұрғындары алға тартуда.
Оңал Жанатұлы, сіз жыл басынан бері кәсіпкерлік мақсатта 13 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі беріліп, одан бюджетке 22,9 миллион теңге түскенін айттыңыз. Есептеп көріңіз, 22,9 миллион теңгені 13 гектарға бөлетін болсақ, әр гектарына 1,7 миллион теңгеден келеді. 1 гектарды 10 сотықтан 10 жер теліміне бөлген кезде 170 мың теңгеден түсетінін көресіз. Енді қараңызшы, Жаңақорған кентінде 10 сотық жерді 170 мың теңгеге алуға бола ма? Жоқ. Ала алмайсыз. Нарықта 10 сотық жер учаскесі кем дегенде 1-1,5 миллион теңгеден сатылады. Сонда сіздер кәсіпкерлік мақсаттағы жерді аукционға не үшін шығарып отырсыздар? – деп аудан әкімі мәселенің мән-жайын нақтылай түсті.
Әрине, биліктің бастауы – халық, халықтың тірегі – жер. Жер болмаса елдік мұра жайлы сөз етудің өзі артық.
Осы тұста ойымызға Ұлы Мөде қағанның жерді Тәңір сыйындай қастерлеген ұлағаты түседі. Қазақтың хан-сұлтандары қолбасшылар мен батырлары бастаған әскерін қалқан етіп, қан төкті, сөйтіп ұлан-ғайыр жерді аманат етті. Аманатқа қиянат істеуге әсте болмайды. Ол үшін не істеу керек? Жерді халыққа бөлгенде әділдікке сүйену керек.
Сөзін одан әрі жалғаған аудан әкімі:
– Ал, сіз болсаңыз: «Жұмыс жоспарлы жүруде деп ой қорытасыз. Мұндай пайымды бөлімдердің берген мәліметі негізінде жасайсыз. Осы дұрыс па? Халық не дейді, олардың сұранысы неде? Осыған жауап іздеу маңызды. Шын мәнінде мамандар істің байыбына барып, терең түсініп, саланың сан мәселесін жетік меңгермегендіктен жоғарыдағыдай шикіліктер орын алады... – деді аудан әкімі.
Келесі кезекте бөлім басшыларының жұмысы сынға алынып:
– Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен Жаңақорған кентінің әкімі, сіздер кәсіби қызметіңізде неге немқұрайлылық танытасыздар? Бөлімдер арасында бірлескен жұмыстың жоқтығының салдарынан жер қатынастары бөлімінің басшысы жерді шүлен таратқандай тарата бере ме? Мұны қалай түсінуге болады?
Құрметті бөлім басшылары мен кент әкімі! МАИ бекеті аумағындағы кезекте тұрған азаматтарға берілуі тиіс жер учаскелері бір тұлғаға табысталғанынан хабардарсыздар ма? Әлде оны мен айтпасам, мәселе жабулы қазан күйінде қала бере ме?
Жылдар бойы жинақталғаны сонша, бүгінде Жаңақорған кентінде 7209 адам жер кезегінде тұр. Уақыт өтіп жатыр, алайда кезек жылжымайды. Бұған кім кінәлі?Жасырып қайтемін, жер телімін беруге байланысты тұрғындар тарапынан сенімсіздік бар. Өйткенікелеңсіздік көп, заңсыз іс жер кезегін жылжытуға дәрменсіз, – деп аудан әкімі түйінді мәселенің түбірін қозғады.
Тұрғын үй салуға берілген жер телімдерін түгендеу жұмыстарын жүргізуге бірде-бір бөлім мүдделі емес. Айталық, арендалық жер телімдеріне тұрғын үй салудың мерзімі өтсе, оны түгендеп, талдау жүргізіп, мемлекетке кері қайтарып, кезекте тұрған азаматтарға беруге болады. Бұл неге жүзеге аспайды?
– Тұрғын үй салуға берілген жерлерге мониторинг жүргізіп, пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруға құрылыс бөлімі мен кент әкімі аппараты жауапты. Осы жұмыстар тез арада басталып, нақты нәтижесі көрінуі тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бағытта аукционға шығатын жер учаскелерін беруде тиісті бөлімдер бірлескен жұмысқа жұмылғаны жөн.
Жер қатынастары бөлімі өз білгенімен жұмыс істеудің салдарынан тұтастай жергілікті атқарушы орган халықтың өкпе-ренішіне қалып отыр. Егер бір кәсіпкерге берілген 2,7 гектарды 10 сотықтан 27 адамға бергенде, сауапты іс болар еді. Мұнаң басқа да кемшіліктер орын алмағанына кім кепіл?!
Мәжіліске дайындалу барысында Қазақстан бойынша жер телімін беру тәртібімен таныстым. Тіпті бізбен көрші Кентау қаласындағы жер учаскесін беру тәжірибесін зерттедім. Онда бәрі ашық, жариялы өтетіні қызықтырды. Жер қатынастары бөлімі мен құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі өтініш берушінің сұраған жерін, оның айналасында орналасқан нысандар туралы толық деректі, фототүсірілімді интернет ресурсында жариялайды. Бұл бюджетке түсетін қаржы көлемін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтатын жоба. Және интернетке жариялағаннан кейін ашық бәсекелестік те артатыны сөзсіз. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет, – деді Руслан Рүстемұлы.
Әкім бұдан ары сала басшылары мерзімді уақытта орындауы тиіс тапсырмалар берді. Тарқатып айтар болсақ, соңғы бес жылда аудан бойынша бау-бақша өсіру үшін табысталған жерлер туралы толық мәліметті аудан әкімінің орынбасары О.Ержанов, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Ж.Асылбайұлы, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Т.Зейдалиев, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қ.Бүркітбаев бірлесіп 3 жұмыс күні ішінде жазбаша аудан әкіміне тапсырулары міндеттелді.
Соңғы бес жылда, 2017-2021 жылдарда барлық мақсатта берілген жер телімдерінің мақсаты көрсетілген мәліметтерді аудан әкімінің орынбасары О.Ержанов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы О.Ахметов, жер қатынастары бөілімінің басшысы Н.Қарақожаев, Жаңақорған кентінің әкімі С.Садықов бірлесіп бес жұмыс күні ішінде дайындауды тапсырды.
Әкімнің кезекті тапсырмасы – аудан әкімінің орынбасары О.Ержанов пен жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Қарақожаев аукцион арқылы берілетін кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерді бір ай мерзімінде электронды форматқа ауыстыруы тиіс.
Тиісті тапсырма жауапты қызметкерлерге жүктелген соң олардың ұнжырғасы түсіңкіреп, талап пен жауапкершіліктің жүгі ауыр болатынын енді сезгендей көрінді. Бұрын жүрдім-бардым жүріп, уақытты босқа «өлтіріп», күн өткізген кездер мұнан былай мүмкіндік бермейтінін де ұққандай секілді. Әйтеуір, әкімнің нақты талабы дүре қамшының дүрмегіндей әсер берді. Әзірге екі аппараттық мәжілістің «соққысы» осылай түйінделді. Үшіншісі... байқаймыз, ешкімді аяп, басынан сипай қоймас...
Расында, бұл жолғы кеңейтілген мәжілістің кемері кемшілікті түзеуге бағытталды. Оның ішінде ең іргелі істер – халық сұранысындағы басты-басты мәселе таразыға тартылды. Бір қарағанда, аудандағы жұмыстың бәрі де жіптіктей көрінгенімен, тоқетері сол, біткеннен бітпеген шаруа шашетектен секілді. Бүгін соның бір парасы, нақтырақ айтсақ, жылдар бойы қордаланған проблеманың бетпердесі ашылғандай болды, бүкпесіз ашық жиын жүрді. Қызмет барысы «сен жақсысың» дегенді сүймейді, ортақ мәселе ме, көп болып ұйысу керек.
Сараптама басында қайысты мысал еттік. Сол қайыс – тері сан өндеуден өтіп, иіні қанып, икемге келгенше түрлі сабаудың сынын көреді. Қайыс сонысымен қайыс. Ол ердің белін бекем ұстауға, аттың ер-тұрманын берік байлауға арналған.
Біз бүгінгі жиын талабын қайысқа теңеуіміздің себебі жауапты қызметкерді көп ширату керек, отқа да, суға да салып түрлі сыннан өткізген жөн. Әкімнің әрекетінен осыны аңғардық, қанаттастарын қайыстай шынықтырып жатыр-ау...
Қаныбек Әбдуов, Нұрлат Байгенже