Төтеншеліктер мыңнан астам үйге көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатты
Аймақта жылу беру маусымы басталғаннан төтенше жағдай департаментінің мамандары аз қамтылған, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар тұратын 1040 тұрғын үйге көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД баскармасы бастығының орынбасары Асхат Оразбеков мәлімдеді.
Төтеншеліктер тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға тұрғылықты жерлері бойынша 68 рейд жүргізген. Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстар барысында 18 133 тұрғын сектордың 72 847 тұрғынына өрт қауіпсіздігін сақтаудың ережелін түсіндірді. 42 рет жиын өткізілді.
– Жалпы облыстағы өрттің пайда болу себептерінің басым бөлігі электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан, тұрмыстағы пештің, газ қондырғыларының ақаулығынан болып отыр. Бүгінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға датчиктер орнаттық. Полиция қызметкерлері және волонтерлармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз, – деді облыстық ТЖД баскармасы бастығының орынбасары Асхат Оразбеков.
Сондай-ақ, төтеншеліктер аурухана, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы күту залдарында орналасқан теледидарлардан өрт қауіпсіздігі туралы түрлі бейнероликтер көрсетіліп, халық көп жүретін жерлерде үнпарақтар ілінген. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар бұдан әрі де жалғаса бермек.