Әлеуметтік жауапкершілік – бірінші міндет
Экономикалық өлшемді өндіріс орындарының қуатымен өлшеп жататыны бар. Тіпті өңір-өңірдің даму деңгейін сараптайтын статистикалық есептептерде өндірістің қуаты мен өнім өндірудің деңгейі шешуші рөл атқаратыны шындық. Сыр өңірінде өндірістің ауқымы жөнінен біздің аудан көш бастайды. Индустриялық-инновациялық даму басқармасына енген «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты «Қызылқұм» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС және «СКЗ-U» ЖШС бар. Аталған өндіріс орындары ауданның дамуына үлес қосып келеді. Әйткенмен қоғамда «әлеуметтік жауапкершілігі» деген ұғым бар. Ірі кәсіпорындардың өндірістік күш-қуатын халық сезінгені құптарлық жағдай. Яғни әлеуметтік салаға бағыттап, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне ықпал етуі тиіс. Біз осы турасында тарқата жазуды құптадық.
Алдымен «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның жұмысына тоқталсақ, металлургия саласы бойынша маңызды кеніштің келешегінен үлкен үміт бар. Олай дейтініміз, өндірістік қуаты артқан кезде аймаққа едәуір еңбек күші қосылары сөзсіз. Шалқия кенті мен Құттықожа елді мекеніндегі 510 отбасында 3100 адам өмір сүріп жатыр. Олардың дені Шалқия кенішінің шаруашылығы шалқыса деп тілейді. Қазіргі таңда мырыш пен қорғасын шығаратын кеніште 700 кенші еңбек етсе, оның 250-ге жуығы жергілікті тұрғындар. Міне, кеніш орнының тиімділігі осында. Одан бөлек, кеніш басшылығы қайырымдылық шараларына, мекемеде қызмет ететін тұрмысы төмен отбасыларға үнемі қол ұшын созып келеді.
– Коронавирус өршіген тұста аудандық ауруханаға 36 миллион теңгеге екі ИВЛ аппаратын алып берді. Бірінші және екінші провизорлық орталыққа берілген бұл аппарат науқастар үшін үлкен көмек болғаны сөзсіз. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізіп келеді. Мәселен, Шалқия кентіне дейін ұзындығы 6 шақырым жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кеншілер саябағы мен балалар алаңын салып, Құттықожа бұлағының аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізгені ел жақсы біледі. Ең бастысы ауыл тұрғындарының ауыз су мәселесін шешіп, ауыз суға төленетін ақыны толықтай компания өз жауапкершілігіне алған, – деді «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ бас директорының кеңесшісі Нажмадин Мұсабаев.
Аймақтағы уран өндіріс орындарына күкірт қышқылын дайындайтын «СКЗ-U» ЖШС серпінді жобаның бірі. Кәсіпорын 2011 жылы пайдалануға берілді. Тәулігіне 1500 тонна өнім өндіріледі. Бүгінде мұнда 300 адам жұмыс істейді. Оның 150-і жергілікті азаматтар. Серіктестік экономикасына үлес қосумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті сезініп келеді.
– Өндіріс орны қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Кейден ауылында скважина қазып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдың аяқ су мәселесін шешуге де үлес қосты. Жұмысшыларының өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына мән береді. Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Бүгінгі күні кәсіпорын есебінен бірнеше студент жоғары оқу орнында, одан кейін колледждерде өндіріске қажетті мамандықтарды игеруде. Одан бөлек, жас мамандардың қызметке орналасуына, келешегіне шырақ жағуына үлес қосуда. «СКЗ-U» ЖШС кәсіпорнын көпке үлгі етуге болады. Көктем-күз айларында «Самара-Шымкент» ескі жол бойын тазалау жұмысын жасайтын мекеме әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарайды», – дейді Кейден ауылдық округінің әкімі Бақтияр Тоқтыбаев.
Бүгінде атағы жер жарып, жұртшылықтың жұмыс істеуге құмартып отырған «Байкен-U» ЖШС халыққа қаншалықты әлеуметтік көмек көрсетіп отыр. Әуелі Байкенже ауылдық округының әкімі Нұрғали Оспановпен сөйлесіп көрдік.
– Компания қайырымдылық шаралардан кенде емес. Жергілікті өңірге әлеуметтік қолдау көрсетеді. Мектептерге ұдайы қамқорлық қолын созып келеді. Қос өндіріс ошағы ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыруда мұқтаж жандарға көмек қолын созады. Тұрмысы төмен тұрғындарға қаржылай қолдау көрсетеді. Алайда, әлеуметтік мәселеге келгенде ешқандай жұмыс істелген емес. Оған қарапайым халық әрдайым реніштерін білдіріп, ұдайы айтып жүр. Ауыз су, электр энергиясы, құрылыс нысандары болсын барлығы тоқтап тұр, – деді ауыл әкімі.
Иә, қайырымдылық – қазақ халқының ең ізгі қасиеттерінің бірі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жанашыр қамқоршысы болып, жүрек жылуын ұсынып, сауабы мол іске атсалысу әрбір жанның азаматтық парызы. Әйтсе де, бұл жасалып жатқан жұмыстар компания табысының өте аз ғана бөлігі десек қателеспейміз. Ал, әлеуметтік маңызды жобаларды қашан жасайды. Бұл жайында компания өкілдерінің жауабын тыңдап көрелік:
– «Байкен-U» ЖШС өндіріс орналасқан аймақтардағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу және әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға көмек көрсетті. 2006-2016 жылдар аралығында Компания өз қатысушылары («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (әрі қарай – Қоғам) және «Energy Asia Limited» (жапон энергетикалық компанияларының консорциумы) көмегімен келесі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды.
Атап айтсақ, Сырдария өзені арқылы өтетін көпір салу, облыстық маңызы бар «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» аймақтық автожолын қайта құру, Кейден елді мекені арқылы өтетін «АПБ-Мост» автокөлік жолының құрылысы, Байкенже ауылындағы спорт алаңының құрылысы, Байкенже ауылындағы су айдауыш мұнараның құрылысы, Байкенже ауылындағы №193 орта мектептің спорт залын жөндеу және көп балалы және мұқтаж отбасыларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне үнемі қолдау жасап келеміз.
Аймақтағы су тасқынына және басқа да төтенше жағдайларға қарсы жұмыстарды жүргізу кезінде жабдықтар мен жанар-жағармай материалдары өтеусіз негізде бөлінеді. 2016 жылдан бастап Қоғам мен оның еншілес және тәуелді ұйымдары басшылыққа алатын қайырымдылық және демеушілік көмек көрсету саясатына «Самұрық-Қазына» корпоративтік қоры Жаңақорған және Шалқия елді мекендерінде әрқайсысының құны 52 млн теңге болатын екі спорт және ойын алаңдарын салып берді. Халықты жұмыспен қамту мәселеріне тоқталсақ, кәзіргі таңда «Харасан-2» кең орынында жалпы жұмысшылардың 37 проценті жергілікті тұрғындар, – дейді бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары А.Жанғабыл
Иә, бұл істерге әлбетте қуанамыз. Алайда, тұрғылықты халықтың өз айтары бар. Ауыл әкімдігі жыл сайын ауылдың әлеуметтік жағдайына орай жобалар ұсынады екен. «Бірақ сол ұсынылған жобалардың бірде-бірінің іске асқанын көргеніміз жоқ» дейді ауыл халқы.
– Бізде жолдың мәселесі қиын болып тұр. Көшеге тас төсеп әрі Хорасан ата мазараты кешеніне мүрдені апаратын 11 шақырым жерге жол салып беруді сұрағанбыз. Ауылымыздың іргесіндегі «Қызылқұм» ЖШС мен «Байкен- U» ЖШС әу бастағы үйіп-төккен уәделерін орындамай отыр. Тек айтулы мерекелерде ғана үлкен кісілерге тәтті-тұттыларын беріп жатады. Бірақ ауылдың әлеуметтік жағдайын жасап жатқан жоқ. Жыл сайын келіп уәдені үйіп-төгіп береді, артынан бір-біріне сілтеп кетеді – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Серкінбайұлы.
Біздің ауылымыздағы алпауыт уран компаниялар жұмысын бастағанда халыққа қыруар жұмыс атқаруға уәде берген. Алайда, сол уақыттан бері ауылымызда көзге түсер ешқандай жұмыс істелініп жатқан жоқ. Енді ел арасында мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға аз-аздап көмек беріп тұрады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, ауылдың дамуына қатысты ірі жобаларды іске асырса, – дейді жергілікті қоғамдық төрағасы Сматолла Бекназаров.
Қос ақсақалдың айтқаны өте орынды. Уран компаниялары жұмыс бастар кезде әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алып, уәдені үйіп-төккен еді. Байкенжеліктер уран компаниялары әлеуметтік жауапкершілік бірінші міндет екенін түсінсе дегенді алға тартуда. Бұл мәселені аудан басшысы Руслан Рүстемов жақсы біледі. Алдағы уақытта әкім уран компанияларының халыққа идіруіне жағдай жасайды...
Әсел РЗАЕВА