№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өндірістің өркені

Өндірістің өркені

  Аудан экономикасында өнеркәсіптің сипаты басым. Оған дәлел, бірнеше жыл бұрын инновациялық бағдарлама аясында «Қазатомпром» АҚ қарасты «Қызылқұм», «Байкен-U» және «СКЗ-U» ЖШС іске қосылды. Бүгінде өндіріс орындары әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Бұл қатарға «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ қосу керек. Бұған дәлел жеткілікті. Соны талдап көрсек.


  Алдымен, салық түсімінен бастасақ. 2018 жылы аудан бюджетіне түсетін салықтық түсімдер 101,3 пайызға орындалса, оның ішінде 49,6 процентін өндіріс орындарының қаржысы құрайды. Бұл туралы толық мән-жайды Жаңақорған аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Ниеталиевтен білдік.
  – Аудандық салық жүктемесінің басым көпшілігі өндіріс орындарына тиесілі. Өткен жылы олардан аудандық бюджетке 1 244 199 000 мың қаржы құйылды. Жеке-жеке талдасақ, «БАЙКЕН-U» – 15,6 процентін, «Қызылқұм» ЖШС «Хорасан-І» кеніші – 20,9, «СКЗ-U» ЖШС – 9,9 және «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ – 3,4 процентін құрайды. Өндіріс орындары салық төлеуге сергек қарап, уақытылы төлеп тұрады, – деді мекеме басшысы.
  Бұл аудан қалтасына құйылатын қаржының есебі. Одан бөлек облыс және республикалық бюджетке түсетін салықтың көлемі де кең. Демек, бұл мекемелердің тиімділігінің алғашқы тұсы осында. Ең бастысы, аудан экономикасының өсуіне септігін тигізіп жатқаны қуантады.
Сондай-ақ, өндіріс ошақтары тұрғылықты жердегі ауыл халқының әлеуметтік мүмкіндігін арттыру мақсатында қайырымдылық шараларан жиі ұйымдастырып тұрады. Мәселен, «СКЗ-U» ЖШС ел экономикасына үлес қосумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Мәселен, 2012-2016 жылдары серіктестік бұл бағыттағы шараларға 32 млн. теңгеден астам қаржы бөлсе, биылдың өзінде «Жебеуші» қорына 2 млн. теңгеден астам қаржы аударды.
Сондай-ақ, Кейден ауылында скважина қазып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдың аяқ су мәселесін шешуге де үлес қосты. Жұмысшыларының өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына мән береді. Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Бүгінгі күні кәсіпорын есебінен бірнеше студент жоғары оқу орнында, одан кейін колледждер де өндіріске қажетті мамандықтарды игеруде. Одан бөлек, жас мамандардың қызметке орналасуына, келешегіне шырақ жағуына үлес қосып келеді.
  Осы секілді «Байкен-U» ЖШС қайырымдылық шаралардан да кенде емес. Компанияның жергілікті өңірге әлеуметтік қолдау көрсетіп отырғаны Байгенже тұрғындарының тұрмысын түзейтіні ақиқат. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңақорған ауданында Сырдария өзенінен өтетін көпірге толық қаржылай көмек көрсетілді. 2013 жылы Байкенже қонысында спорт алаңы салынды. Аудан балаларына Астанаға саяхаттауға ұдайы қаржылық қолдау көрсетілуде. 2014 жылы 50 орындық балабақшаның бой көтеруіне бастамашыл болды. Сонымен қатар компания көптеген мектептерге ұдайы қамқорлық қолын созып келеді. Соңғы жылдары ауданның жергілікті бюджетінің көлемін арттыруға компанияның қосқан үлесі айтарлықтай артты.
  – Қос өндіріс ошағының ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыруда, мұқтаж жандарға көмек қолын созуына жағдай жасап жатқаны жасырын емес. әсіресе, қайырымдылық акцияларда тұрмысы төмен тұрғындарға қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл да адам жанына нәр береді, сондықтан, осы байыпты бастама үзіліп қалмай, қайта үрдіс жалғасын табатынына сенімміміз мол. Соған жұмыс жасап жатырмыз, – деді Байгенже ауылдық округінің әкімі Нұрғали Оспанов.
Иә, қайырымдылық – қазақ халқының ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, жүрек жылуын ұсынып, сауабы мол іске атсалысу әрбір жанның азаматтық парызы. Осындай азаматтық парыздың биігінен көрініп жүрген «Қызылқұм» ЖШС де дәстүрлі шараға демеушілік жасап, игі істің басы-қасында жүреді. «Мектепке жол акциясы» аясында жаңа оқу жылы қарсаңында аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен өткен «Жүрек жылуы балаларға» атты шарада 100 оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Қарттар күніне орай аудандағы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 50 ардагерге азық-түлік үйлестірілді. «Қарттарым асыл қазынам» тақырыбында ұйымдастырылған берекелі бастама жылда дәстүрлі жалғасын тауып келеді.
  – «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы болсын, басқа да акция аясында «Қызылқұм»БПҰ демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек беріліп отырады. Біздің бір ауыз өтінішімізді жерде қалдырмай, әрдайым мұқтаж жандарға қол ұшын беруге асық, – деді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев.
  Еншісі бөлінбеген Шалқия кенті мен Құттықожа ауылында 510 отбасында 3100 адам өмір сүріп жатыр. Олардың дені Шалқия кенішінің шаруашылығы шалқыса деп тілейді. Қазіргі таңда мырыш пен қорғасын шығаратын кеніште 700 кенші еңбек етсе, оның 250-ге жуығы жергілікті тұрғындар. Міне, кеніш орнының тиімділігі осында. Одан бөлек кеніш басшылығы қайырымдылық шараларына, мекеде қызмет ететін тұрмысы төмен отбасыларға үнемі көмектесіп тұрады.
  Қорыта айтқанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты бағыт ретінде: «Экспортқа бағытталған индустрияландыру – экономикалық саясаттың орталық элементіне айналуы тиіс» деген болатын. Демек, өндіріс орындарының ел экономикасына тигізер пайда әлі де еселі деп білеміз...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
15 мамыр 2019 ж. 1 122 0