№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » «Алтын домбыра» – Жаңақорғанда

«Алтын домбыра» – Жаңақорғанда


Өткен сенбіде Сыр даласы, әсіресе Жаңақорған топырағы «Мұхтар» деген үн есті. Басшы мен қосшы, ақыны мен бұқарасы «Алтын Ұлды» айрықша дәріптеп, ақынды зор қошеметке бөледі. Иә, Мұхтар Ниязовтің мерейі – айтыстың мерейіне айналғанын сезіндік, әрі «Алтын домбыраның» Сыр еліне келуі кездейсоқ еместігін таныдық. Оны Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовтың фейзбуктегі аккаунтында «Алтын домбыралы алтын ұл» атты жазбасынан оқып, білдік. Одан бөлек, қаншама жаңақорғандықтар Мұхаңды көріп, онымен суретке түскені жайлы әлеуметтік желіде жарыса жазды. Біз бәрін басынан бастайық.

2020 жыл. Тәуелсіздік мерекесі қарсыңында «Абай тағылымы – Тәу­ел­сіздіктің тірегі» атты жыл­дың қорытынды айтысы ұйым­­дастырылды. Оған Мұхтар Ниязов, Серік Қуанған, Еркебұлан Қайназар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Қазырет Бердіхан, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев сынды кіл мықты ақындар қатысты. Біздің Мұхтардың бабы мен бағы қатар шауып, қарсыластарынан қара үзіп, мәреге дара жетті.
Иә, сөз бәйгесінде Мұхтар Мәуленұлы ойы қуатымен дараланып, «Алтын домбыраны» үшінші рет ұтып, Сырға біржолата әкелді. Содан бері айтыстың ақтаңгері аудан тұрғындарымен кездесіп, коронавирустың салдарынан сағы сынған халықты жігерлендіріп, рухтандырып жүр. Арал ауданынан басталған жолсапар Жаңақорғанда нүктесі қойылды.
Жаңақорғанның белді азаматтары ақынды Сығанақ шаһарынан күтіп алды. Дәстүрлі әнші, жырау Мұхтар Дәрібаев ақынға арнау арнап, ақынның қабілет-қарымы мен бітім-болмысын дәріптей жырлады.
Ордадан далаға шыққан ақынның назары көне шаһарға ерекше ауып:
– Сығанақ -шежіресін күн қақтаған,
Үңілмесең тылсымы тіл қатпаған.
Төрінде мың жылдар бар мызғып жатқан,
Толқымай кіре алмайсың бұл қақпадан... – деп толғады.
Сығанақтың оңтүстік-шығыс қақпасында ақынның көмейіне шабыт құсы осында мөлдір сөз ұялатты.
Біз Мұхтардың табан астынан мағыналы сөз айтып, ойлы өлең шығарып, шаппа-шап айтыстың шын жүйрігі екенін жақсы білеміз. Бірақ, бұл жолғы өлең ақынның ішкі жан-дүниесінен буырқанып шығып, дала өркениетіне құрмет көрсеткенін сездік.
Сығанақтағы қызық мұнымен аяқталмады. Сунақаталық ақсақал Есенбек Ержігітов немересін ерте келіпті. Ондағысы немересі Нұрсұлтанның тұсауын Мұхтар Мәуленұлына кестіру. Тұсаукесер – қазақтың өмір сапарының алды деп есептелмей ме? Сондықтан сәтті қадам болу үшін қадірлі азаматтарына тұсауын кестіріп, ырымдап жатады. Ақын салт-дәстүрдің тағылымын терең түсінгендіктен баланың аяғына ала жіпті байлап, тұсауын кесіп, үлкен азамат болуын тіледі.
Нұрсұлтан да қара жаяу емес. Үлкен атасы Пазылбек Ержігітов ақындығымен танылған, «Жаңақорған тынысы» газетіне өлеңдері тұрақты шығатын ақынның бірі болған-ды. Олай болса, тегіне тартса елдікті жырлап, халықтың рухын көтеретін мықты ақын бізден де шығады...
Айтқандай, Мұхтар Ниязовпен бірге екінші ақынымыз Нұрмат Мансұров келді. Қос ақын Жаңақорған кентіне келгеннен кейін алдымен Халық ақыны Манап Көкеновтің ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етуді ұмытпады. Сосын аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қабылдауында болды.
«Сырдың айбоз ақыны» атты рухани-мәдени кеш жас ақындардың шеберлік сағатымен басталды. Айтыстың ақтаңгері сөз өнерінің қыр-сыры жөнінде айтып, жас ақындарға бағыт-бағдар көрсетті.
Кездесу барысында жас ақын Әсел Мәулен:
– Ақын ағам, асыл ер едің,
Сені барлық жақсыларға теңедім.
Қарыңдасың қазір қатты қуанып,
Десең егер, «Ақ батанды беремін!» – деп арнауын оқыды.
Жайылмалық Мұхамедәлі Абдуллаев пен бесарықтық Ринат Сәбитұлы айтысып, ақын ағасының батасын алды.
Рухани-мәдени тағылымды іс-шараның негізгі бөлімі жастармен кездесумен жалғасты. Алғы сөз сөйлеген аудан әкімі Руслан Рүстемұлы:
– «Алтын домбыраның» Сыр өңіріне келуі кездейсоқтық емес, заңдылық. Біріншіден, Сыр елі – жыр елі. Мыңжылдықтар көшінде сүлейлердің сара жолы жалғасып, бүгінге жетті. Екінші қырын тарихи өлшеммен өлшесек, Қызылорда атауын алтынмен байланыстырып, бұл топырақтан нәр алғандарды «Алтын ұл» деп дәріптеуге болады.
Бұл атамекен кезінде Ақмешіт, Перовскі болды, қайта Ақмешіт атанды. Сонда қазақтың жаңа орталығына «Қызылорда» деген атау берген. Қылышынан қан тамып тұрған қызыл өкіметтің көңілін солай тапқан. Алайда сол арыстар елдік мақсатты алыстан көздеген. «Қызыл» деген сөздің түрік тіліндегі мағынасы «алтын» деген ұғымды береді екен. Яғни Алтын Орда болып шығады. Міне тарихи ұғымды осылай жаңғыртқан. Сол Алтын Ордаға Алтын домбыра мәңгілікке қоныс тепті.
Құтты болсын, жерлестер! – деп мән-мазмұны терең сөз саптады.
Кешті Жәңібек Сыздықов пен Тоқтар Әжімұратов тізгіндеп, Мұхтардың адамдық болмыс-бітімін, азаматтық қарым-қабілетін ашуға мән берді. Көрер­мендер залындағы жастар да қалыс қалмай, толғандырған сауалдарын жолдап, жауабын алды.

***
Айтыс өнерінің тынысы тарылып, қатпарлы тарихтың қойнауына кеткен кезде қайта тірілтіп, жаңғыртқан Сыр елі еді. Міне, Мұхтардың мерейі үстем болуында осындай сабақтастық бар. Әрине, М.Ниязовтың еңбекқорлығы, ізденімпаздылығы бір бөлек әңгіме. Дегенмен топырақтың қасиеті, жыр даланың рухы Мұхтарға ерекше шабыт беретіні анық.
Бұл турасында аудан әкімі Руслан Рүстемов өзінің «Алтын домбыралы алтын ұл» атты жазбасында тамаша келтіреді. Оны сөзбе-сөз берсек, былай кестеленеді:
«Тарихты зерделер болсақ, ұлттық өнер үзіліп, тарихтың қалың қатпарына кеткен заманда айтыс өнерін қайта жаңғыртып, ақындарды сөз аламанына қосып, халықты рухтандырған нақ осы Сыр топырағы болды.
«Сырда он жыл тұрған адамның ішіне алтын бойлайды» деген қанатты сөз бар, біздің алтынымыз – өнеріміз, жыр-сазымыз. Олай айтылуының да мәні бар. Әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеев: – Бұрынғылар – мақал, тақпақ үлгісінде айтысып келсе, «Қайым» түрінің басы Күдері мен Ұлбике айтысында болды, – деп көрсетті. Бұл Сыр бойындағы айтыстың даму белесі еді.
Сонау 1943 жылы Қызылорда жерінде алғаш рет өткен ақындар айтысы сұрапыл соғыстан жігері жасып, мұқала бастаған халықтың рухын көтерген еді. Сол жолы тылдағы еңбеккерлерді ерен ерлікке жұмылдырған, шерлі көкіректерге үміт сәулесін ұялатқан ерекше айтыс болды. Араға жылдар салып, 1945 жылы екінші қайтара өткізілген айтыс бейбіт елдің шырқын бұзған басқыншы жауды жеңген қаһарман халықтың өлшеусіз шаттығының көрінісіне айналып еді. Бұдан кейінгі жылдарда Сыр топырағында да айтыс көген кескендей сап тиылған-ды.
Десек те өнер бәйгесінде өзіндік орны бар «Шораяқтың Омары мен Қарасақал Ерімбет», «Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп», Күдеріқожа, Ұлбике, Айманкүл Тәжібаева, Қуаныш Баймағамбетов, Нартай Бекежанов, Әлібек Байкенов айтыстары өткен дәуірдің өшпес мұрасына айналды.
Ұлттық рухымызды асқақтатқан айтыс өнері Сыр бойында араға 34 жыл салып, қайта жаңғырды. 1979 жылы өткен Тың игерудің 25 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында Әбдімүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов сынды Сырдың саңлақ айтыскерлері өнер көрсетті. Айтыстың сөне жаздаған шырағы қайта жанған, халықтың асыл өнермен қайта табысқан уақыты осы кезең еді. Содан соң Қазақ ССР-нің құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысы халқымыздың ұмытыла бастаған ізгі өнерге деген сүйіспеншілігін оятты. Сол сайыстарға қатыса бастаған аралдық Әбілхан Маханов, Берекет Омаров, Бекбосын Қайрақбаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, қазалылық Едіге Кішкенеев, жаңақорғандық Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Нұрберген Тастаев, сырдариялық Әбдімүтәліп Қыраубаев, Замаддин Ибадуллаев, Серік Өтеуов, жалағаштық Мырзағали Ақжолов, қармақшылық Қали Шыңғысов, Сәнтөре Пірманов, шиелілік Арзулла Молжігітов, Махамбетқали Тұрсанов, қызылордалық Ниятолла Раманқұлов, Бибігүл Жаппас­баевалардың есімдері ақындар айты­сының тарихынан өзіндік орын алып, жыр сүйер жұрттың жадында қалғанын айту парыз.
Сыр бойы айтыс ақындарының көшбасшысы, ақтаңгер ақын Манап Көкеновтің айтыс өнерін дамытудағы еңбегі ерекше. 1980 жылы оған «Қазақстанның халық ақыны» құрметті атағының берілуі соның дәлелі. Манаптың дәстүрлі мектебін арқалы ақын Әбілқайыр Сыздықов жалғап, ондаған жыл Сырдың намысын қорғап, кешегі Оразалы Досбосынов, Мұхаметжан Тазабеков, Аманжол Әлтаев сынды айтыстың ірі-ірі өкілдерімен тең дәрежеде айтысып, жас буынның айтыс өнеріне қызығуына ықпал етті. Бүгінгі Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Мейірбек Сұлтанхан, Ержеңіс Əбдиев және т.б Әбілқайырдың ізін жалғаған сөз зергерлері...
Тәуелсіздік жылдарында Сыр топырағында көптеген жыр додалары өткізілді. Тіпті, айтыстың аясы кеңейіп, республикалық деңгейде өткізіле бастады. Атап айтар болсақ, 2002 жылы Ғ.Мұратбаевтың 100 жылдығына, 2005 жылы «Жырым сенсің, Қызылорда» атты Қызылорда қаласының Қазақстанның астанасы болғанына 80 жыл толуына, осы жылы «Елбасы Жолдауы – елдіктің арқауы» атты, 2007 жылы дүлдүл ақын Т.Ізтілеуовтің 125 жылдығына, 2008 жылы «Сыр – Алаштың анасы» атты Т.Жүргеновтің 110 жылдығы мен М.Шоқайдың 120 жылдығына арналған 20-ға тарта республикалық деңгейдегі ақындар айтысы ұйымдастырылған екен. Таяу жылдары ғана Қазалы ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған «Бабалар ерлігі – Тәуелсіздік тірегі» атты, Шиелі жерінде ақ күріштің атасы, дала академигі атанған Ыбырай атамыздың 125 жылдығына арналған аламан айтыстардың дүбірі әлі құлағымыздан кете қойған жоқ. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында дүркіреген сөз барымтасы әлі көпшіліктің есінде».
Неге десеңіздер, кешегі алаш арыстары Орынбордан астананы көші­ретін кезде таңдауы Сыр еліне түседі. Сонда Жаңақорғанның топырағынан, Қаратаудың қасиетінен нәр алған мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Қазақтың астанасы киіз үй тұрса да қазақтың рухы, исі шығып тұрген жерге көшуі тиіс» деген байлам айтады. Содан болса керек-ті астана Сыр өңіріне көшіріледі.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
02 ақпан 2021 ж. 337 0