№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» «Алтын домбыра» – Сырдыкі

«Алтын домбыра» – Сырдыкі


Иә, «Алтын домбыра» Сыр өңірінде біржолата қалатын болды. Бұл – айтыстың ақтаңгері атанған Мұхтар Ниязовтың «Алтын домбыраны» үшінші рет жеңіп алуы құрметіне байланысты орын алды. Сыр сүлейі Мұхтар Мәуленұлы «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысының ақтық мәресінде оза шапты.


Жыл басында Нұр-Сұлтан қала­сына жол түсті. Елордаға кіл мықты ақындар жиналғанын естіп, мәдениет сарайына асықтық. Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Аспанбек Шұға­таев, Рүстем Қайыртайұлы, Шал­қарбай Ізбасаров және т.б ақын­дар бас қосты. Ортақ тақырып – «Адамзаттың алыбы – Хакім Абай».
Бұл жолғы айтыс өзгеше өрбіді. Көрермендер залдан сахнаға көте­ріліп, жеребе тартуға қатысып, ақындарды жұптады. Осылайша ақын­дар жаттап айтады деген бос сөз екенін түсіндік, зердеге тоқыдық. Шап­па-шап айтыста суырып салған сөз жүйріктері көрермендердің деле­бесін қоздырып, рухтандырды.
Көрермендер сегіз сағатқа созыл­ған сөз аламанында ақын­дардың шабыты мен шабысына өздерінше баға беріп, қиыннан қиыстырып тапқан ойларын саралап отырды. Елорданың мінберінен сөз алған ақындар елдік мұрат, мемлекеттік мүддені жырға қосып, елдің көкейіндегі сөзді тауып айтып, қазақтың бас ақыны Абайды ұлықтады.
Сөз аламанында ой қуатымен да­ра­ланған Мұхтар Ниязовқа бас жүлде бұйырды. Ол суырып салма айтыста алдына жан салмайтын жүйрік екенін байқатты.
Содан бері Мұхтар Ниязовтың ша­бытына таңғалып келемін. Өзі қатысқан сөз бәйгесінде бабында екенін көрсетіп, қарсыластарынан қара үзіп келеді. Бір рет емес. Бұған дейін екі рет «Алтын домбыраның» иесі атануы соның айғағы.
«Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысының ақтық мәресіне Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназар, Мейір­бек Сұлтанхан, Жансая Мусина, Қазы­рет Бердіхан, Серік Қуанған қатысты. Абайдың 175 жылдығына арналған жылжабар айтысқа Мұхтар бабында барыпты.
Сөз барымтасында Бекарыс Шой­бе­ков­пен ой таластырған Мұхтар Ниязов ұрымтал сәтте ұтымды сөз­дерді табан астында тауып, өнегелі сөз өрнектерімен ақындық қуатын көрсете білді.
Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған әділ қазы алқасының мүшелері Сыр сүлейінің жұлдызы биік екенін мойындап, «Алтын дом­быраны» Мұхтар Мәуленұлына та­быс­тады. Бұл шешім сөз өнерінде тарихи сәт, әдеби феномен ретінде бағаланды.
Расында Мұхтар Ниязовтың жеңісі Сыр өңірінің абыройын асырып, Алаш­тың анасы атанған аймақта сөз өнері кеңге қанат жайып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді.
Ақын Ержеңіс Əбдиев досының сөз өнері саласындағы рекордын саралапты. Яғни «Алтын домбыраны» ең бірінші жеңіп алған және үш рет ие болған алғашқы ақын. 2012 жылдан бері өткізілген «Алтын домбыра» аламанының барлығына қатысқан жалғыз ақын. «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған шаппа-шап айтыстың жалғыз жеңімпазы, Қыр­ғызс­танда өткен халықаралық ай­тыста екі жыл қатарынан бас жүл­де иеленген тұңғыш ақын, бір аптадағы төрт рет республикалық ақындар айтысында бас жүлде еншілеген жалғыз ақын.

P.S.: Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдары қазақтың айтыс өнері Сыр өңірінде қайта түледі. Сөйтіп Әбдімүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов, Әбілхан Маханов, Мырзағали Ақжолов сынды айтыс саңлақтары ұлттық өнерді биіктетті. Осы топырақтан жаралған Мұхтардың аламандарда оза шабуы заңдылық деуге болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
---
12 желтоқсан 2020 ж. 822 0