№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Нұр-Сұлтан төріндегі айтыс

Нұр-Сұлтан төріндегі айтыс


Қазір асығыс заман. Бір минут, тіпті бір секунд аса қымбат. Рас, адамзат үшін уақыт басты құндылыққа айналды. Осындай кезеңде сегіз сағат бір жерге қамап қойса қайтесіз?! Әрине құзырлы органға шағымданасыз. Әрбір секундыңызды даулап, қаржы талап етесіз. Солай ма?! Бірақ қазақ айтыс үшін ондаған сағатын құрбан етуге дайын. «Адамзаттың алыбы – Хакім Абай» атты Республикалық айтыста соған куә болдық.


Алдымен айтыс өнерінің Сыр өңірімен байланысы жайында сөз етсем.
Ықылым заманнан қазақ баласы сөздің құдіретін терең түсінді. Бір ауыз сөзге тоқтауы, сөз зергерлерін ерекше құрмет тұтуы соның дәлелі. Әсіресе қарапайым жұрт ақындар сөз бастап, елдік мүдде, мемлекеттік мұратты жырға қосқанында арқасы қозып, рухы асқақтайтыны шындық.
Ақын, этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Бұрынғылар – мақал, тақпақ үлгісінде айтысып келсе, «Қайым» түрінің басы Күдері мен Ұлбике айтысында болды», – деп көрсетеді. Ал Ұлбике Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты елді мекеннен нәр алады. Бұл – айтыстың Сыр бойында қалыптасу белесі десек, екінші тынысы ашылуы да Сырмен байланысты.
1943 жылы Қызылорда да алғаш рет өткен ақындар айтысы сұрапыл соғыстан жігері жасып, мұқала бастаған халықтың рухын көтерді. Ақындар елді рухтандырып, жеңістің жақын екенін жырлады. Жыр аламанының басы-қасында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бой көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарына араласады. 1945 жылы Қызылордада екінші рет ақындар бас қосып, жеңісті жырға қосады. Араға 34 жыл салып Сыр бойында айтыс қайта жаңғырды. Тың игерудің 25 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында Әбдімүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов сынды саңлақ айтыскерлері өнер көрсетті. Одан кейінгі кезеңде айтыстың ақтаңгері атанған Манап Көкенов асыл өнердің туын биікке көтеріп, дамуына еңбек сіңірді. 1980 жылы оған «Қазақстанның халық ақыны» құрметті атағының берілуі соның дәлелі.
Қазақ ССР-нің 60 жылдығына арналған республикалық сөз бәйгесі жаңа есімдермен толығып, олардың ақындық талантымен танылуына жағдай жасады. Оған біздің ауданнан Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Нұрберген Тастаев қатысып ақындық қырымен ерекшеленді. Сол кезде Сыр бойынан ақындардың бір шоғыры қалыптасты. Аралдық Әбілхан Маханов, Берекет Омаров, Бекбосын Қайрақбаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, қазалылық Едіге Кішкенеев, сырдариялық Әбдімүтәліп Қыраубаев, Замаддин Ибадуллаев, Серік Өтеуов, жалағаштық Мырзағали Ақжолов, қармақшылық Қали Шыңғысов, Сәнтөре Пірманов, шиелілік Арзулла Молжігітов, Махамбетқали Тұрсанов, қызылордалық Ниятолла Раманқұлов, Бибігүл Жаппасбаеваны бөліп-жарып атауға болады.
«Сыр елі – жыр елі» деп ерекшеленетін өңірде ақындар сабақтастығы үзілген емес әрі ақындар айтысы да дәстүрлі өткізіліп келеді. ХХ ғасырдың 40 жылдары Сыр өңірінде бастауын алған айтыс Тәуелсіздік жылдары жаңғыра түсті. Ғани Мұратбаевтың 100 жылдығына, Темірбек Жүргеновтің 110 жылдығына, Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығына, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдығына арналған республикалық айтыстарды атасақ та жететіндей. Аудандарда да айтыстар өткізіліп тұрады.
Мұхтар Әуезов салған дәстүрді Жүрсін Ерман жалғастырып, айтыстың тізгінін ұстады. Айтысты жаңа биікке көтеріп, дүр ақындардың бірнеше буыны сөз өнерінде танылуына ықпал етті. Олардың арасында Әзімбек Жанқұлиев, Айтақын Бұлғақов, Аманжол Әлтай, Оразалы Досбосынов, Мұхамеджан Тазабек, Серік Құсанбаев, Мэлс Қосымбаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Айбек Қалиев, Әбілқайыр Сыздықов, Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы және т.б шоқтығы биік.
Бүгінде қызылордалық Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан сөз тартысының нағыз шебері ретінде алаш жұртына белгілі. Айтыстың қос алыбы жыр додаларынан жүлдесіз қалған емес. Біздің Мұхтар екі рет «Алтын домбыра» үшін болған сөз аламанында қара үзіп, дара атанды. Үшіншісінде айтыстың ақтаңгері атанды. Сыр өңірінде бұл атақ Манап Көкеновтен кейін Мұхтарға бұйырғанын айту керек...
Сонымен, Хакім Абайды ұлықтаған республикалық ақындар айтысына кезек берсек. Шыны керек, бұл жолғы айтыс өзгеше өрбіді. Көрермендер залдан шығып жеребе тартып, ақындарды жұптады. Осылайша ақындар жаттап айтады деген бос сөз екенін түсіндік, зердеге тоқыдық. Сөз сырына зерек ақындар шаппа-шап айтыста ұтымды сөз тауып айтып, ұшқыр ойларын жеткізе білді.
Еркебұлан Қайназаров пен Ершат Қайболдин айтыстың шымылдығын түрді. Сөз барымтасында Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Рауан Қайдаров, Әсем Ереже, Болатбек Оразбаев, Тілеген Әділов, Қалижан Білдәшев, Нұрлан Есенқұлов, Шалқарбай Ізбасаров, Ершат Қайболдин, Марат Ахметов, Нұрзат Қару сынды белгілі ақындар сөз маржанын теріп, Абайтану бағытында сөз құрады.
Ақындар көтерген негізі мәселелер – коронавирустың тарауы, Қордайдағы қазақты басынған оқиға, Ассамблеяның рөлі, сыбайлас жемқорлық мәселесі, баспанасыз жүрген қазақтардың хал-ақуалы, сансыз, сапасыз семинар-тренингтерді талдады. Ұлық Абайдың өміршең өнегесі мен аманатын басшылыққа алу, рухани мұрасын дәріптеу турасында ой тастады. Абайдың 175 жылдығы аясында бір қалаға атын беру идеясын ортаға салды.
Көрермендер сегіз сағатқа созылған сөз аламанында ақындардың шабыты мен шабысына өздерінше баға беріп, қиыннан қиыстырып тапқан ойларын саралап отырды. Ақынның тек шындықты айтып шырылдағанына емес, көркем сөзді кестелей білген шеберлігіне сүйсіне білді. Бір байқағанымыз, ақындар бір-бірінің мінін сөз еткеннен, елдік мұрат, мемлекеттік мүддені жырға қосты. Елорданың мінберінен сөз алған ақындар елдің көкейіндегі сөзді тауып айтып, қазақ аспанының Үркер жұлдызы Абайды ұлықтады.
Алғашқы айналымда-ақ Мейірбек Сұлтанхан мен Еркебұлан Қайназаров бабында екенін көрсетті. Мұхтар Ниязов суырып салма айтыста алдына жан салмайтынын байқатты.
Әділ қазы алқасының шешімімен ақтық сынға Мұхтар Ниязов пен Серік Қуанған, Еркебұлан Қайназаров пен Мейірбек Сұлтанхан жұптасып, сөз өнерінің көркін қыздырды.
Сөз аламанында ойының қуатымен дараланған Мұхтар Ниязовқа бас жүлде бұйырды. Бірінші орыннан Мейірбек Сұлтанхан көрінсе, екінші орынды Еркебұлан Қайназар мен Серік Қуанған алды. Өзге ақындар да құр қайтпады.
Ақтық сынға шыққан Мұхтар да, Мейірбек те, Еркебұлан да бас жүлдеге әбден лайықты болды. Дегенмен біздің Мұхтардың шаппа-шап айтыстың шын шебері екені көзге көрініп тұрды. Әділ қазылар алқасы осыны есепке алса керек-ті.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Нұр-Сұлтан қаласы
12 ақпан 2020 ж. 998 0