№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Алтын домбыралы алтын ұл

Алтын домбыралы алтын ұл

Сыр өңірі – жыр сүлейлері шыққан киелі өңір десек, сол сөз зергерлерінің сарқыты саналатын Мұхтар Ниязов бауырымызбен мақтанамыз. Құдай аузына сөз салған, көмейінен жыр тамған Мұхтар шын талант, ақындардың ақыны екені анық. Оған бір ғана дәлел – «Алтын домбыраны» үш рет ұтып, Сыр өңіріне әкелгені. Бүгін алтын домбыралы алтын азамат Қаратауды пана еткен, Сырды сая еткен Жаңақорған топырағына келіп, бізді қатты қуантты.

Абайдың сөз тағылымын, Жамбылдың жырын, Мұхтар Әуезовтың дарынын бойына тоғыстырған біздің Мұхтар сөз бәйгесінде тосылып қалған емес, қазақтың қасиеті мен киесін терең түсінеді. Сондықтан ақынның бүгінгі сапары ежелгі шаһар Сығанақтан басталды.
Иә, мыңжылдықтар көшінде, көшпенді салт мәдениетінде өзіндік орны бар, дала өркениетінің алтын тұғыры, саяси орталығы, мәдени-рухани бағдары болған Сығанақтың топырағы ақынға шабыт бергені анық.
Оны:
– Сығанақ -шежіресін күн қақтаған,
Үңілмесең тылсымы тіл қатпаған.
Төрінде мың жылдар бар мызғып жатқан,
Толқымай кіре алмайсың бұл қақпадан... – деген Мұхтардың бүгінгі толғауынан анық аңғаруға болады.
Жалпы бүгінгі рухани-мәдени тағылымды шара жаңақорғандықтарға ерекше шабыт сыйлап, рухтандырғаны ақиқат.
Оны бүгінгі кешке қатысқан жас ақындардың көзіндегі оттың ұшқынынан байқауға болады.

*
Әрине, Мұхтар айтыстың ақтаңгері болмаса «Алтын домбыраны» үш рет еншілер ме еді? Екінші жағынан Сыр топырағының қасиетін бойына сіңіріп, талантын еңбекпен ұштап, бабы мен бағы келіскен жүйрікке айналды. Айтайын дегенім, Сырдың елі – жырдың елі ғой!
Тарихты зерделер болсақ, ұлттық өнер үзіліп, тарихтың қалың қатпарына кеткен заманда айтыс өнерін қайта жаңғыртып, ақындарды сөз аламанына қосып, халықты рухтандырған нақ осы Сыр топырағы болды.
«Сырда он жыл тұрған адамның ішіне алтын бойлайды» деген қанатты сөз бар, біздің алтынымыз – өнеріміз, жыр-сазымыз. Олай айтылуының да мәні бар. Әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеев: – Бұрынғылар – мақал, тақпақ үлгісінде айтысып келсе, «Қайым» түрінің басы Күдері мен Ұлбике айтысында болды, – деп көрсетті. Бұл Сыр бойындағы айтыстың даму белесі еді.
Сонау 1943 жылы Қызылорда жерінде алғаш рет өткен ақындар айтысы сұрапыл соғыстан жігері жасып, мұқала бастаған халықтың рухын көтерген еді. Сол жолы тылдағы еңбеккерлерді ерен ерлікке жұмылдырған, шерлі көкіректерге үміт сәулесін ұялатқан ерекше айтыс болды. Араға жылдар салып, 1945 жылы екінші қайтара өткізілген айтыс бейбіт елдің шырқын бұзған басқыншы жауды жеңген қаһарман халықтың өлшеусіз шаттығының көрінісіне айналып еді. Бұдан кейінгі жылдарда Сыр топырағында да айтыс көген кескендей сап тиылған-ды.
Десек те өнер бәйгесінде өзіндік орны бар «Шораяқтың Омары мен Қарасақал Ерімбет», «Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп», Күдеріқожа, Ұлбике, Айманкүл Тәжібаева, Қуаныш Баймағамбетов, Нартай Бекежанов, Әлібек Байкенов айтыстары өткен дәуірдің өшпес мұрасына айналды.
Ұлттық рухымызды асқақтатқан айтыс өнері Сыр бойында араға 34 жыл салып, қайта жаңғырды. 1979 жылы өткен Тың игерудің 25 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында Әбдімүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов сынды Сырдың саңлақ айтыскерлері өнер көрсетті. Айтыстың сөне жаздаған шырағы қайта жанған, халықтың асыл өнермен қайта табысқан уақыты осы кезең еді. Содан соң Қазақ ССР-нің құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысы халқымыздың ұмытыла бастаған ізгі өнерге деген сүйіспеншілігін оятты. Сол сайыстарға қатыса бастаған аралдық Әбілхан Маханов, Берекет Омаров, Бекбосын Қайрақбаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, қазалылық Едіге Кішкенеев, жаңақорғандық Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Нұрберген Тастаев, сырдариялық Әбдімүтәліп Қыраубаев, Замаддин Ибадуллаев, Серік Өтеуов, жалағаштық Мырзағали Ақжолов, қармақшылық Қали Шыңғысов, Сәнтөре Пірманов, шиелілік Арзулла Молжігітов, Махамбетқали Тұрсанов, қызылордалық Ниятолла Раманқұлов, Бибігүл Жаппасбаевалардың есімдері ақындар айтысының тарихынан өзіндік орын алып, жыр сүйер жұрттың жадында қалғанын айту парыз.
Сыр бойы айтыс ақындарының көшбасшысы, ақтаңгер ақын Манап Көкеновтің айтыс өнерін дамытудағы еңбегі ерекше. 1980 жылы оған «Қазақстанның халық ақыны» құрметті атағының берілуі соның дәлелі. Манаптың дәстүрлі мектебін арқалы ақын Әбілқайыр Сыздықов жалғап, ондаған жыл Сырдың намысын қорғап, кешегі Оразалы Досбосынов, Мұхаметжан Тазабеков, Аманжол Әлтаев сынды айтыстың ірі-ірі өкілдерімен тең дәрежеде айтысып, жас буынның айтыс өнеріне қызығуына ықпал етті. Бүгінгі Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Мейірбек Сұлтанхан, Ержеңіс Əбдиев және т.б Әбілқайырдың ізін жалғаған сөз зергерлері...
Тәуелсіздік жылдарында Сыр топырағында көптеген жыр додалары өткізілді. Тіпті, айтыстың аясы кеңейіп, республикалық деңгейде өткізіле бастады. Атап айтар болсақ, 2002 жылы Ғ.Мұратбаевтың 100 жылдығына, 2005 жылы «Жырым сенсің, Қызылорда» атты Қызылорда қаласының Қазақстанның астанасы болғанына 80 жыл толуына, осы жылы «Елбасы Жолдауы – елдіктің арқауы» атты, 2007 жылы дүлдүл ақын Т.Ізтілеуовтің 125 жылдығына, 2008 жылы «Сыр – Алаштың анасы» атты Т.Жүргеновтің 110 жылдығы мен М.Шоқайдың 120 жылдығына арналған 20-ға тарта республикалық деңгейдегі ақындар айтысы ұйымдастырылған екен. Таяу жылдары ғана Қазалы ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған «Бабалар ерлігі – Тәуелсіздік тірегі» атты, Шиелі жерінде ақ күріштің атасы, дала академигі атанған Ыбырай атамыздың 125 жылдығына арналған аламан айтыстардың дүбірі әлі құлағымыздан кете қойған жоқ. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында дүркіреген сөз барымтасы әлі көпшіліктің есінде.

*
«Алтын домбыраның» Сыр өңіріне келуінің тағы бір қыры бар. Тарихи өлшеммен өлшесек, Қызылорда атауын алтынмен байланыстырып, бұл топырақтан нәр алғандарды «Алтын Ұл» деп дәріптеуге болады.
Неге десеңіздер, кешегі алаш арыстары Орынбордан астананы көшіретін кезде таңдауы Сыр еліне түседі. Сонда Жаңақорғанның топырағынан, Қаратаудың қасиетінен нәр алған мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Қазақтың астанасы киіз үй тұрса да қазақтың рухы, исі шығып тұрген жерге көшуі тиіс» деген байлам айтады. Содан болса керек-ті астана Сыр өңіріне көшіріледі.
Бұл атамекен кезінде Ақмешіт, Перовскі болды, қайта Ақмешіт атанды. Сонда қазақтың жаңа орталығына «Қызылорда» деген атау берген. Қылышынан қан тамып тұрған қызыл өкіметтің көңілін солай тапқан. Алайда сол арыстар елдік мақсатты алыстан көздеген. «Қызыл» деген сөздің түрік тіліндегі мағынасы «алтын» деген ұғымды береді екен. Яғни Алтын Орда болып шығады. Міне тарихи ұғымды осылай жаңғыртқан. Сол Алтын ордаға Алтын домбыра мәңгілікке қоныс тепті. Бұл – кездейсоқтықтан орын алмағаны анық.

*
«Ерте-ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде, Қаратаудың ойында» деп басталатын «Керқұла атты Кендебай батырлар аңызында: «Керқұла қуса жетіп, қашса құтылатын, аузымен құс тістеген ерен жүйрік болыпты» демей ме? Дәл осы сөзді Мұхтарға қарата айтуға болады. Ол топқа түссе ашыла түсіп, айтысқан сайын жаңа қырынан танылып, терең білімімен ерекшеленеді. Оған «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған шаппа-шап айтыстың жалғыз жеңімпазы, Қырғызстанда өткен халықаралық айтыста екі жыл қатарынан бас жүлде иеленген тұңғыш ақын, бір аптадағы төрт рет республикалық ақындар айтысында бас жүлде ұтқан жалғыз ақын болғаны дәлел.
Жыл басында Нұр-Сұлтан қаласында кіл мықты ақындар жиналып, Абайды ұлықтады. Сөз барымтасына Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Аспанбек Шұғатаев, Рүстем Қайыртайұлы, Шалқарбай Ізбасаров сынды кіл мықтылар бас қосты.
Бұл жолғы айтыстың ерекшелігі, көрермендер залдан сахнаға көтеріліп, жеребе тартуға қатысып, ақындарды жұптады. Осылайша ақындар жаттап айтады деген бос сөз екенін түсіндік, зердеге тоқыдық. Шаппа-шап айтыста суырып салған сөз жүйріктері көрермендердің делебесін қоздырып, рухтандырды.
Көрермендер сегіз сағатқа созылған сөз аламанында ақындардың шабыты мен шабысына өздерінше баға беріп, қиыннан қиыстырып тапқан ойларын саралады. Оған сөздің мәні мен мәйегін түсінетін әділ қазы алқасы да әділ шешім шығарды.
Сөз аламанынан ойы қуатымен дараланған Мұхтар Ниязовқа Бас жүлде бұйырды. Ол суырып салма айтыста алдына жан салмайтын жүйрік екенін тағы да байқатты.
Содан бері Мұхтар Ниязовтың шабытына таңғалып келемін. Өзі қатысқан сөз бәйгесінде бабында екенін көрсетіп, қарсыластырынан қара үзіп кетеді. Бір емес, үш рет «Алтын домбыраның» иесі атануы соның айғағы.
Ал, Тәуелсіздік күніне арналған Абай тағылымын дәріптеген 2020 жылдың қорытынды айтысының ақтық сәтінде ой таластырған Мұхтар Ниязов ұрымтал сәтте ұтымды сөздерді табан астында тауып, өнегелі сөз өрнектерімен ақындық қуатын көрсете білді.
Расында Мұхтар Ниязовтың жеңісі Сыр өңірінің абыройын асырып, Алаштың анасы атанған аймақта сөз өнері кеңге қанат жайып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді. Сөйтіп, Абайды ұлықтауға арналған екі айтыста да Бас жүлдені қанжығасына байлады.
Міне, осындай айбынды ақын бүгін Жаңақорған топырағына келіп, жас буынға тәлімді бағдар берді. Бұл Құлан ақынның, айтыстың ақтаңгері Манап Көкеновтің, арқалы ақын Әбілқайыр Сыздықовтың жолын жалғаған жас ақындарға шабыт сыйлап кетті.
Бұл – ұмытылмайтын күн. Бұл – тарихқа қатталған ерекше күн болды.
Ақынды ұлықтайтын елде Мұхтардай ақындар шыға беретініне сенемін.

*
Айналайын, Мұхтаржан, айтыстың биік шыңына шығып, елдің абыройын асырып, жұртты рухтандырып, жақсыны дәріптеп, елдіктің жолын жырлап жүрсің!
Әрдайым жолың болсын!
Деніңе саулық, отбасыңа амандық тілеймін!

Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің фейзбук парақшасынан.

31 қаңтар 2021 ж. 1 141 0