Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Agro hUb: ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖАҢАШЫЛ БАСТАМА

Agro hUb: ҒЫЛЫМҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖАҢАШЫЛ БАСТАМА


Елде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында алдыға батыл қадам жасап, Үшінші жаңғыруды бастауға пәрмен берді. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыруға маңыз берілді. Яғни, ол өз кезегінде агралы саланың қарқынды өсуін және оны тиімді бизнес көзіне айналдырып, тұрақты жұмыс көздерінің ашылуына даңғыл жол ашады. Осы бағытты басшылыққа алған аудан әкімі Ғалым Әміреев жаңашыл бастамаға қадам жасады. Көршілес Қырғызстан мен отандық аграрлы саланың ғалымдарын шақыртып, әкімдікте алқалы «Agro hub» тәжірибе алаңында бас қосты.
Республикалық семинарға Ақмола, Көкшетау, Қызылорда облысының егін саласындағы ең үздік компания басшылары мен облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Оған қоса, аймақтағы шаруа қожалық иелері мен жеке кәсіпкерлерде тәжірибе алаңынан табылып, технологиялық тың тәсілдерге тәнті болды. «Мансап-Қызылорда» ЖШС бизнес-тренері Наталья Мишукова жүргізген семинарда алғы сөзді аудан әкімі Ғалым Әміреев алды.
– Елбасы Жолдауында айтып өткендей басым бағыттың бірі әрі негізгісі бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, аграрлық сектордың әлеуетін арттыруға басымдық берген. Кәсіпкерлік саласы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосатын саланың бірі. Оған қоса, облыс әкімінің биылғы жылды «Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп атауы кәсіпкерліктің қарқын аларына серпін берді, – деді аудан әкімі.
Оның сөзінше, кәсіпкерлік саласында бүгінгі күнге дейін көптеген инвестициялық жобалар, шағын және орта кәсіпті дамытудағы жобалар біздің ауданда да жүзеге асырылып келеді. Соның бірі бүгін – ауылшаруашылық саласында оның ішінде, сапалы көкөніс, бақша өнімдерінің жаңа тұқым сортымен таныстыру, көкөніс, бақша өнімдерін егу және жоғары нәтижелі өнім алудың жолын көрсету. Әрине, бұл бағытта көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан үйренеріміз көп.
Бірінші болып мінберге көтерілген Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Жарас Мамырбеков өз тәжірибесімен бөлісті. Отандық ғалым көкөніс дақылдарын өсіруде су үнемдеудің инновациялық игіліктерін сөз етті. Бұл технологияның басты жетістігі – топырақтың құнарлылығын сақтап қалуда маңызы зор екенін жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, Президент еліміздің агроөнеркәсіп саласы алдына 2020 жылға қарай 4 есеге арттыруды, ал ішкі нарықты 80 пайызын отандық азық-түлік тауарлары есебінен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл бағытта біздің ғылыми зерттеу институт Қазақстанға қажетті тұқымның 3 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қалғаны шетелден импортталады. Жалпы, ҒЗИ сұрыптауынан шыққан отандық тұқымдар сапалы, әрі жергілікті жерде мол өнім береді, – деді ғалым
Сондай-ақ суды үнемдеудің бірден-бір жолы тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы диқандарға қолдау көрсету керектігін сөз еткен Жарас Мамырбеков бұл технлогия ағын су тапшылығын төмендетіп, суды 3-4 есе үнемдеумен қатар, ылғал мен қоректік заттарды өсімдіктің тамырына дәл жеткізетінін айтты. Су үнемдеу технологиясының отаны болып саналатын Израильде суармалы жердің 98 пайызы тамшылатып суарылатынын жеткізген отандық ғалым бұл жаңашыл жүйенің нарықтағы бағамына да тоқталды. Изральдік технологияның 1 гектар аумаққа шығыны 2500-3000 доллар көлемінде болса, қытайлық жүйе шығыны 1000 долларды құрайды екен. Осындай иновацияның игіліктерін баяндамасына арнау еткен ғалым Жаңақорған ауданындағы агро-аймақтарда көкөніс, бақша өнімінің тұқымдарын тәжірибе алаңынан өткізетінін мәлімдеді.
Өз кезегінде аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы тәжірибе алаңындағы әрбір кезең ашықтық пен жариялылыққа негізделетінін жеткізді. Яғни, жерге тұқымды салғаннан бастап, өсу процесін арнайы әлеуметтік желіде ашылған парақша арқылы онлайн бақылап отыруға мүмкіндік жасайтыны белгілі болды.
Мұнан кейін облыстық кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков мемлекеттік қолдаудан күтілетін өзгерістер жайлы тың ақпараттарымен бөлісті. Жылдан жылға егін шаруашылығындағы субсидияның саны қысқартылып жатқанын сөз еткен сала басшысы биылдан бастап жеңідетілген демеу қаржы өңделген өнімнің тоннасына берілетінін жеткізді. Бұрынғыдай егілгелі жатқан өнімнің гектарына емес, нақты нәтижеге мемлекет қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, Жасұлан Серіков сүйінші жаңалығында айта кетті. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуімен республика бойынша 4 пилоттық жоба жүзеге асқалы жатыр екен. Соның бірі, Қызылорда облысы бойынша Жаңақорған ауданы. Бұған аудандағы агро-зонаның қосқан үлесі зор екені белгілі болды.
Одан әрі Қырғызстан Республикасының ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, «Тянь-Шань тұқымдары» ЖШС Басқарма басшысы - Кан Аркадий жылыжай түрлері, көшетханалардың әртүрлілігі мен көкөніс шаруашылығының жалпы мәселелері жөнінде тұшымды тәжірибесін тарқата айтты. Ә-дегеннен тиімді ресурстардың барлығы бар. Тек жаңақорғандықтарға жұмыс жасау керек деп сөз бастаған қырғызстандық диқан еткен еңбек пен төккен тердің тәжірибесін үлгі етті.
– Біз жақта сіздердегі секілді тұрғын үйінде атшаптырым аула, жұтаң жер жоқ. Дұрысы бос жер жоқ. Үй іргелік жердің жартысын жылыжайға айналдырып, жертөлесін қоймаға айналдырып алған әрбір диқан. Жаздай еккен өнімін қыстай сақтап, мына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі арқылы Ресей нарқына пұлдайды. Сондықтанда мұндай мүмкіндікті тиімді пайдалану бізден гөрі сіздерге жақынырақ. Тек қарекет жасап, тірлік етсек болғаны, – деді Кан Аркадий.
Ал, Қырғызстан Мемлекеттік ауыл шаруашылығы Академиясы биотехнология және ветеринария факультетінің профессоры Муратолы Айтматов «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында кең ауқымды хабарлама жасады. Қырғыз елінде қалыптасқан жолы бар бұл жобаның тиімділігі – әрбір ауыл өзінің бейімділігіне сай бизнес түрін таңдап, шаруашылығын жүргізеді екен. Бүгінде айырқалпақты ағайындарда «Құлпынай ауылы», «Жүзім ауылы» сынды ауызекі тілде аталып кеткен «айылдар» көп десе-ді. Мұндай жобаны Жайылма ауылында жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Қауын-қарбыз өнімін өндіруде республикаға танымал ауылдың болашағы баянды.
Семинар соңында табысқа жету формуласының құпиясымен бөліспекке «Нұр астық КЗ» компаниялар тобының Бас директоры Балтабек Наурызбаев пен «Ново - приречная» компаниясының бас директоры Валерий Тюркин кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту бағытындағы тәжірибесін тілге тиек етті.
Семинарды түйіндеген аудан әкімі Ғалым Әміреев тәжірибе алаңына жиналған ғалымдар мен шаруашылық басшыларына алғысын білдіріп, аграрлы саланың қарқынды дамуына жаңақорғандық диқандарда мол үлесін қосуға шақырды. Алқалы басқосу соңы түсауа «Ордакент» мәдениет үйінде ауылшаруашылық құрылымдары мен қожалық төрағалары, кәсіпкерлікке ынталы азаматтар контингентіне көршілес елдің ғалымдары нақты нәтижеге жету жолдарын бүге-шүгесіне дейін баяндап берді.

Әбдісамат ӘБДІШ.
03 сәуір 2018 ж. 1 768 0