№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖОЛДАУ - ДАМУДЫҢ ЖАҢА ДОКТРИНАСЫ

ЖОЛДАУ - ДАМУДЫҢ ЖАҢА ДОКТРИНАСЫ


Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы басым бағыттарды жергілікті тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында аудан әкімдігінде актив жиыны өтті.
Оған мәслихат депутаттары, сала басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында модераторлық еткен аудан әкімі Ғалым Әміреев Жолдаудан туындайтын міндеттер мен оларды жүзеге асыру барысы туралы тоқталды.
– Елбасы халыққа арнаған Жолдауында негізгі он міндетті белгілеп берді. Ендігі кезекте құнды құжатта айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты жоспар мен жүйелі жұмыс қажет. Стратегиялық құжатта төртінші өнеркәсіптік революцияның шеңберіндегі мемлекет дамуының бағытын айқындады. Әсіресе, цифрлық технология барлық саланың қарқынды легіне серпіліс береді. Яғни, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өндірісті өрістетіп, өнімділікті арттыруға сеп болады, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Жолдауда айтылған негізгі 10 басымдықты жүзеге асыру барысында ауданда атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Ең бірінші кезекте, аграрлы бейім аудан болғандықтан ауылшаруашылығы саласына тың технологияларды көп енгізіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойында логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру қажеттілігін айтты.
– Елбасының төртінші өнеркәсіптік жағдайда өркендеудің жаңа жолына бағыттаған құжаты – дамудың жаңа доктринасы. Онда салаларды цифрлық трансформациялау және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, цифрлық технологияларды дамыту міндеттелді. Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алуы тиіс, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Мұнан кейін мінберге көтерілген аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов «Адами капитал – жаңғыру негізі» тақырыбында хабарлама жасады. Жаһандық сын-қатерлерге қарсы адами капиталды сапалы дамыту қажеттігін айтқан сала басшысы білім – бәсекеге бастаудың басты кепілі екенін сөз етті.
Жолдаудағы маңызды сектордың бірі – аграрлы сала. Бұл біздің өңір үшін де маңызы зор. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша аудан үздік атанды. Міне, осындай табысты жетістіктің нәтижесін көрген «Миялы» кооперативінің төрағасы Абдулла Абсаттаров стратегиялық құжаттан түйген ойын ортаға салды.
– Мемлекет басшысы кешегі халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына серпін беретін пәрмен берді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы субьектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету керектігін атап өтті. Бұл бастаманы қолдап, қуаттаймын. Бүгінгі таңда егін егу, қайта өңдеу және мал шаруашылығы бағытында 50-ге жуық ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, кәсібін жүргізуде. Оның қатарында өзім басшылық ететін қожакенттік «Миялы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Мемлекеттік бағдарламаның қолдау шаралары бағытында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, мал бордақылау бағытында жұмыс жасаудамыз, – деді кооператив төрағасы.
Сондай-ақ, Жолдаудағы басым бағыт «Цифрлы Қазақстан» бағрламасын жүзеге асыру. Цифрландыру тұрғындардың қолжетімді құралдар мен кез-келген қызмет түрін еркін пайдалануы үшін қажет. Жалпы, әлемде 20-жуық мемлекет сандық технология бағдарламасын қабылдаған. Бұл сала бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Оңтүстік өңірлік техникалық дирекциясы Жаңақорған желілік техникалық цех басшысы Зейнулла Қалжігітұлы баяндады.
– Әлем қазір ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Кез-келген сәтте адам ойламаған нәрселер дүниеге келіп жатады. Бұның барлығы бізден аса қырағылықты, шапшаң қимылдауды, жедел бейімделуді талап етеді. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінің талабы да – осы. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осы талаптарға сай болуымызды көздейді. Қазақстанда ақпараттық технологияны мемлекеттік секторға енгізу жұмысы осыдан он жыл бұрын басталып кетті. Оған қоса, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында елімізде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға, ал, тұрғындардың 95 пайызын циррлы хабар таратумен қамтамасыз ету көзделуде. Бұл бағыттағы ілкімді істер ауданда да жемісін беруде. Мәселен, биылғы жылы Шалқия, Манап, Байкенже ауылына талшықты желі іске қосылмақ. Яғни, ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты ғаламтор пайдаланып, кабельді теледидарға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Зейнулла Қалжігітұлы.
Активті түйіндеген аудан әкімі Ғалым Әміреев орынбасарлары мен сала басшыларына стратегиялық құжатта көрсетілген міндеттерді жергілікті жерде жүзеге асыру барысында жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

Әбдісамат ӘБДІШ.
27 қаңтар 2018 ж. 1 804 0