Жәрмеңке жәрдемге жарап тұр ма?
Ел тұрғындарын жұмыспен қамтуда «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің» тиімділігі артты. Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен жаңа жылдың алғашқы жәрмеңкесіне жиналған халықтың қарасы көп болды. Бұл екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік екені анық.
Жаңақорған ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қызметіне жаңадан кіріскен Жарасхан Мырзалиев игі шараға сәттілік тілеп, өткен жылға шолу жасауды да ұмытпады.
– 2019 жылы 12 рет жәрмеңке өткізілген. 216 жұмыс беруші 481 бос жұмыс орындарын ұсынып, 137 азаматқа жолдама берілді. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 1933 адам қатысты. Оның ішінде 653-іне 279,3 млн теңге қайтарымсыз грант берілді. Бұл жылы 10 рет жәрмеңке өткізу жоспарда бар. Бүгінгі шараға 20 жұмыс беруші қатысып, 134 бос жұмыс орындарын ұсынып отыр, – деді.
Еңбек жәрмеңкесіне ауданымыздан 20 жұмыс беруші 64 мамандық бойынша 134 бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың ішінде «Жаңақорған Жібек Жолы» ЖШС, «Сарман-Тастақ-Жаңақорған» ЖШС, «Қызылорда Электростейшн» сияқты ірі серіктестіктер түрлі сала бойынша 30-ға тарта жұмыс орнын ұсынды. Осы қарқын төмендемесе жыл аяғына дейін 10 жәрмеңкеде бес жүзден астам жұмыс орындары иесін табады деген сөз. Ол жағын уақыт көрсетер.
Жәрмеңкеге қатысушылар жұмыс беруші мекеме мамандарымен сұхбат құрып, түйіндемелерін тапсырды. Байқағанымыз, жұмыс іздеушілердің басым бөлігі орта жастағылар, арнайы дипломы жоқ, бала-шаға қамымен жүрген жандар. Солардың бірі, кент тұрғыны Талғат деген жігіт ағасы қандай жұмыстан да бас тартпайтынын жеткізді. Алайда ағамыздың жасына лайықты жұмыс таппағанын кейін білдік. Әйтсе де ол жігерін жасытпай бүгін болмаса келесі жәрмеңкеден жұмыс тауып аларына сенімді.
Сертификатын қолына алып мемлекеттен берілер қайтарымсыз оқу грантын күтіп жүрген Әсел есімді қызымыздың өтініш һәм реніші былай арна тапты: «Өткен жылы 3 айлық курс оқыдым. Кондитер өнімдерін өндіретін кішігірім цех ашсам деген ниетім бар еді. Алайда қазір екінің бірі тәтті пісірумен айналысуда. Қандай да бір істі бастағанда қиындықтар туындайтыны белгілі. Қайтарымсыз грантты алу үшін жұмыс істемеу керектігі міндеттелген. Менің кәсібім дөңгеленіп кеткенше отбасын кім бағады? Осы мені қынжылтатыны». Иә, жерлесіміздің айтқаны жөн-ақ. Кәсіптің алға басып кетуіне кемі 2-3 ай уақыт қажет. Осы жағын ескеру қажет секілді.
Жұмыс ұсынғандар арасында кафе, мейрамхана иелері көп болды. Біздегі бұл салада өзбек бауырлар икемділігі жоғары. Бірақ оларды жалдау құнынан гөрі үй-жайы өзімізден тұрғылықты адамдарымызды алған тиімді. Бірақ, бір әттеген-айы, кәсіптің көзін біле тұра қазекемдердің жүйелі тәртіпке қаперсіздігі көп кедергі. Сөйтіп қолдан келер тіршілікті тұралатып, лаж жоқ жатын жай, ас-ауқатын қамтамасыз етіп, көрші елдердің жұмыс қолына күндері түсетінін қынжыла айтады ірі кәсіпкерлер.
Жәрмеңкеге оралсақ. «Жаңақорған Шипажайы» АҚ мекемесіне бірнеше жұмысшы мамандарына қажеттілік бар екен.
– Айлығы уақытылы, тұрақты. Ішкі талаптарымызға сай тұрақты 20-30 жыл жұмыс жасап жүрген жұмысшыларымыз бар. Жазғы демалыстарда студент жастар көбіне жұмысқа келетін. Бүгін даяшы, ыдыс жуушы, аспазшы мамандарын қабылдауға 10-нан аса жан жазылды. Ертеңнен бастап саралау бастаймыз, – дейді шипажай мамандары.
Таңғы 7-ден кешкі 9-ға дейін созылатын алты күндік жұмысқа жастардан гөрі ересек тартқандардың тәуекелі басым түсті.
Жәрмеңке қорытындысында аудандық жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік мекемесінің директоры Жаңабек Тұрлыбеков қазірге дейін 152 адам тіркелгенін айтып өтті.
Қорыта айтқанда, халыққа тегін кеңес беріп, жұмыссыздықтың азаюына жәрмеңкенің тигізер үлесі мол. Әсіресе дипломы жоқ тұрғындарға, жұмысшы мамандарына сұраныстың көптігі қуантты.
Майра ҒАНИЕВА