№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖӘРМЕҢКЕ ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫН АЗАЙТА МА?

ЖӘРМЕҢКЕ ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫН АЗАЙТА МА?

Жұмыссыздық қай уақытта да қоғамдағы өзекті мәселе. Соған сәйкес, елімізде жолданатын, қабылданатын, талқыланатын құнды құжаттардың түп-төркіні тұрғындардың қолына күрек ұстатудың қамын күйттейді. Яғни, қарны ашқанға балық емес, қармақ берудің қамын қарастырады.


Міне, сондай екі қолға бір күрек тауып берудің тағы бір көрінісі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Өткен аптаның жұма күні «Ордакент» үйіне еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеуші тұрғындар көп келді. Бұрындары көбіне, әйел кісілердің үлесі басым болатын. Бұл жолы егде тартқан ер кісілердің қатары аз болмады. Кейіннен белгілі болғандай, ерлердің көпшілігі «Вахталық әдіспен Аты­рауға жоғары жалақымен жұмысқа қабылдайды екен» деген хабарды естіп келіпті. Қандай жоғары еңбек­ақы екенін кейін айтамыз. Әуелі еңбек жәрмеңкесін тарқата айтсақ.
Бұл жолғы шараға 15 мамандық түрі бойынша 58 бос жұмыс орны анықталып, 27 жұмыс беруші қатысты. Қарапайым жұмысшыдан бастап, шаштаразшы, дизайнер, жиһаз жасаушы ұста, жүргізуші, тігінші тағысын тағы. Бірінші кезекте, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда об­лысы бойынша департаменті мен аудан әкімдігі ұйытқы болған жұмыс жәрмеңкесін аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков ашып берді.
– Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыссыздықты азайту халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Бүгінгі таңда, ауданда тұрғындарды «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жемісті жұмыс бар. Мұндай еңбек жәрмеңкелерінің халыққа берері көп. Мәселен, 2018 жылы осындай бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі 14 рет өткізіліп, 188 жұмыс беруші 309 бос жұмыс орнын ұсынған болатын. Сәйкесінше, сол орындарға 309 азаматқа жолдама бердік. Ал, бүгінгі шараға 27 жұмыс беруші 58 бос жұмыс орнын ұсынып отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков.
Бұл жәрмеңке бұрынғыдан өзге­рек. Олай деуге себеп бар. Өйткені, жаңақорғандықтарға өзге облыстан жұмыс ұсынушы компаниялар келді. Атырау облысына «ССС араб» компаниясы 31 мамандық бойынша 55 жасқа дейінгі азаматтарды 200-500 мың теңге, «МСС Қарабатан» компаниясы вахталық жұмысқа 45 жасқа дейінгі азаматтарды 75-250 мың теңге аралығында, 28 күндік жұмысқа 400-600 мың теңге аралығындағы жалақыға жұмыс орнын ұсынды. Мұндай жоғары еңбекақыға түйіндеме тастаушылар қатары көп болды.
– Бос жұмыс орындары жәрмең­кесіне 160 адам келді. Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі, яғни 89 адам Атырау облысына «ССС араб», «МСС Карабатан» компаниясына вахталық жұмысқа баруға түйінде­месін өткізді. Ал, 52 адам басқа да ұсынылған бос жұмыс орындарға орналасуға өтініш білдірді. Жалпы, жәрмеңке нәтижесінде 13 мекемеге 20 адам тұрақты жұмысқа жолданды, – деді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков.
«Ордакенттен» олжалы оралған жанның бірі – Гүлжанат Байтас. Ол – кенттегі «Би-Бек» балабақшасына тәрбиеші болып орналасты. Жәр­меңкені ұйымдастырушы тарапқа алғысын жеткізген Гүлжанат бала тәрбиесінде талмай еңбектенетінін жасырмады.
Иә, бүгінгідей нарықтық қоғамда жұмыссыз жүру кім-кімге болмасын оңайға тимесі белгілі. Жұмыс жоқ болса, табыстың келуі де неғайбыл. Бір сөзбен айтқанда, мұндай еңбек жәрмеңкелерінің елге берері көп.


26 ақпан 2019 ж. 1 118 0