№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АҚЫНДАР АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

АҚЫНДАР АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

Қазір асығыс заман. Бір минут, тіпті бір секунд аса қымбат. Рас, адамзат үшін уақыт басты құндылыққа айналды. Осындай кезеңде сегіз сағат бір жерге қамап қойса қайтесіз?! Әрине құзырлы органға шағымданасыз. Әрбір секундыңызды даулап, қаржы талап етесіз. Солай ма?! Бірақ қазақ айтыс үшін ондаған сағатын құрбан етуге дайын. "Адамзаттың алыбы – Хакім Абай" атты Республикалық айтыста соған куә болдық.
Бұл жолғы айтыс өзгеше өрбіді. Яғни көрермендер залдан шығып жеребе тартып, ақындарды жұптады. Осылайша ақындар жаттап айтады деген бос сөз екенін түсіндік, зердеге тоқыдық. Шаппа-шап айтыста суырып салған сөз жүйріктері көрермендердің делебесін қоздырып, рухтандырды. Сонымен, Еркебұлан Қайназаров пен Ершат Қайболдин айтыстың шымылдығын түрді. Сөз барымтасында Аспанбек Шұғатаев, Рүстем Қайыртайұлы, Рауан Қайдаров, Әсем Ереже, Болатбек Оразбаев, Тілеген Әділов, Қалижан Білдәшев, Нұрлан Есенқұлов, Шалқарбай Ізбасаров, Ершат Қайболдин, Марат Ахметов, Нұрзат Қару сынды белгілі ақындар сөз маржанын теріп, Абайтану бағытында сөз құрады.
Ақындар көтерген негізі мәселелер – короновирустың тарауы, Қордайдағы қазақты басынған оқиға, Ассамблия, сыбайлас жемқорлық мәселесі, баспанасыз жүрген қазақтардың хал-ақуалы, сансыз, сапасыз семинар-тренингтерді талдады. Ұлық Абайдың өміршең өнегесі мен аманатын басшылыққа алу, рухани мұрасын дәріптеу турасында ой тастады. Абайдың 175 жылдығы аясында бір қалаға атын беру идеясын ортаға салды.
Көрермендер сегіз сағатқа созылған сөз аламанында ақындардың шабыты мен шабысына өздерінше баға беріп, қиыннан қиыстырып тапқан ойларын саралап отырды. Ақынның тек шындықты айтып шырылдағанына емес, көркем сөзді кестелей білген шеберлігіне сүйсініп отырды. Бір байқағанымыз, ақындар бір-бірінің мінін сөз еткеннен, елдік мұрат, мемлекеттік мүддені жырға қосты. Елорданың мінберінен сөз алған ақындар елдің көкейіндегі сөзді тауып айтып, қазақ аспаның Үркер жұлдызы Абайды ұлықтады.
Алғашқы айналымда-ақ Мейірбек Сұлтанхан мен Еркебұлан Қайназаров бабында екенін көрсетті. Мұхтар Ниязов суырып салма айтыста алдына жан салмайтынын байқатты.
Әділ қазы алқасының шешімімен ақтық сынға Мұхтар Ниязов пен Серік Қуанған, Еркебұлан Қайназаров пен Мейірбек Сұлтанхан жұптасып, сөз өнерінің көркін қыздырды.
Сөз аламанын ойы қуатымен дараланған Мұхтар Ниязовқа бас жүлде бұйырды. Бірінші орыннан Мейірбек Сұлтанхан көрінсе, екінші орынды Еркебұлан Қайназар мен Серік Қуанған алды. Өзге ақындар да құр қайтпады.
Ақтық сынға шыққан Мұхтар да, Мейірбек те, Еркебұлан да бас жүлдеге әбден лайықты болды. Дегенмен біздің Мұхтар шаппа-шап айтыстың шың шебері екені көзге көрініп тұрды. Әділ қазылар алқасы осыны есепке алса керек-ті.
P.S.: Сегіз сағатқа созылған ақындардың сөз сайысынан, ой жарысынан көрермендер қайтқысы келмей, сөз зергерлерін құттықтап, суретке түсуге асықты. Бізде бойға қуат алып, ерекше әсерлендік, әрі ұзақ есте сақталатыны хақ.
09 ақпан 2020 ж. 683 0