» » АЙТЫС – ҰЛТТЫҚ КОДТЫҢ КІЛТІ

АЙТЫС – ҰЛТТЫҚ КОДТЫҢ КІЛТІ

  Айтыс – әрбір қазақты рухани кемелдендіріп, бойына қуат, көңіліне шуақ беретін ерекше өнер түрі. Оны Астана қаласының 20 жылдығына және Тәуелсіздік күніне арналған «Астанам, сенсің айбарым!» атты республикалық ақындар айтысын теледидардан тамашалап отырып, айқын сезіндім, ұғына түстім.
   Өнер бәйгесінде Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Дидар Қамиев және т.б. сөз таластырып, үздік ақынды анықтады. Әрбір ақындар өзара жұбына көрермендер ерекше қолдау көрсетіп, шабыттандырып отырды. Әсіресе, Мұхтар Ниязов пен Ринат Зайытовтың арасындағы сөз барымтасы аламан айтысты шарықтау шегіне жеткізіп, көрерменнің делебесін қоздырғанына куә болдым.
Осы қазақтың айтыс десе делебесі қозып, арқаланып тұратыны несі? Мұнын сыры неде? Құлан Алдабергенұлы мен Манап Көкеновті түлеткен топырақта айтыс өнері неге кенжелеп қалды? Біз осыны анықтауға тырыстық...

  Манап Көкенов шығармашылық өнер мектебінің директоры Уәли Ибрагимов айтыс өнерінің ірі өкілі Манап Көкенов болса, оның жолын жалғаған Әбілқайыр Сыздықов екенін тілге тиек етіп, одан кейін сөз зергерлері шықпай жатқанына қынжылды.
– Кезінде Манап ақын өзінің Есіркеп Қоңқабаевпен айтысын жазба айтыс мүшайрасы түрінде елдің хал-ақуалын, сол уақыттағы болып жатқан оқиғаларды газет беттерінде жариялады. Жазба айтыс жылдың соңында қорытындыланатын. Осы дәстүрді жалғастыру мақсатында Facebookте «Жаңақорған мәдениеті мен өнері» парақшасын ашып, айтысты жаңа форматта насихаттауды жолға қойдық. Оған Айман Үсенова, Азамат Қайратұлы, Мадияр Оспанов, Ардақты Қамақ, Нартай Қайырлапов, Ерсұлтан Мұстафаев, Сайлау­хан Жартыбаев, Дінмұхамед Абжаппаров сынды жазба ақындары қатысуға ниет білдірді. Алдағы уақытта ақындар арасынан төрт жұпқа бөліп, соңында айтыс ұйымдастыру жайы ойда бар. Бұл – аудан жастарының айтысқа қызығушылығын арттырып, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтің, адуыңды ақын Әбілқайыр Сыздықовтың жолын жалғар жастарды тәрбиелеуге септігін тигізетін жоба деп ойлаймын, – деді өнер мектебінің директоры.
  Белгілі айтыскер ақын Әбілқайыр Сыздықовты ауылдан таппадық. Ол Петропавл қаласындағы республикалық ақындар айтысына сынға түсу үшін жолға шығыпты. Телефон арқылы хабарласқанымызда:
  – Бала кезімнен Халық ақыны Манап Көкеновтың өлеңдерін жаттап, айтыстарын көріп өстім. Айтыстың ақтаңгерінен тәлім алмасам да, батасын алдым. Сондықтан рухани ұстазым тұтамын. Одан кейін Адырбек Сопыбеков сөз өнерінің қасиетіне баулып, ақындық шеберлігімді шыңдап, халықтың көкейіндегі ойларды тігісін жатқызып ұтқыр жеткізу жолдарын үйретті. Нұрберген Тастаев та ұлттық өнердің туын тік ұстауыма септігін тигізген еді. Өлең өлкесіне ХХ ғасырдың 80 жылдардың аяғында келдім. Шыңдалған уақытым 1995 жылы Ақтау қаласында өткен Республикалық ақындар айтысына алғаш қатысуым еді. Алдыма қойған мақсатым – өнердегі өрісімді онан әрі кеңейтіп, шығармашылығымды шыңдап, келер ұрпаққа рухани азық болар әдеби төл мұраларымды жинақ етіп жарыққа шығарсам және Оразхан Сейілханов, Серікхан Жүзеев сынды шәкірттерімді биіктен көрсем деген арманым бар, – деді ақын Әбілқайыр Әбілпаттаұлы.
Осы орайда, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Файзулла Сахиев айтыс өнерінің заман талабына сай жаңғыру жайындағы ойымен бөлісті.
  – Жүрсін Ерманның жанашырлығымен ұйымдастырылып жүрген бүгінгі айтысқа көңілім толады. «Еңістен шапса, төске озған» қаншама талантты ұл-қыздарымыз айтыс сахнасында жүр. Арасында айызыңды қандырып шындықты жеткізетіндер де бар. Төл өнерді «өз баласындай» көріп насихаттап жүрген жанашырлардың барында айтыс өнеріміз өшпек емес. Осыны ойлағанда айтыстың бизнес көзіне айналуы – заман талабы емес пе екен деп ойланамын кейде. Қазіргі жастар сөз өнерінің қадірін түсінбейтіндіктен, қызықтыру үшін шоуға айналдырған да дұрыс шығар. Ауданда республикалық айтыстарға қатысып жүрген Әбілқайырдан басқа айтыскеріміз жоқ. Бұл ащы да болса шындық. Манап Көкенов өнер мектебі ендігі кезекте айтыскерлерді дайындау үшін жұмысты тоқтатпау керек, сонда ғана Әбілхайырдың ізбасарларын көре аламыз, – деді қаламгер.
Бүгінде айтысты Жүрсін Ермансыз елестету мүмкін емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Айтақын Бұлғақов, Аманжол Әлтаев, Мұхаммеджан Тазабек, Оразалы Досбосынов, Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева және т.б. айтысы көз алдымызда. Сол кездері ұлттық өнерге қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Құсайын Омаров, Нұртай Сабильянов, Серік Үмбетов, Исламбек Салжанов және т.б. арқасында айтыс даму жолына түсіп, жаңғырды, жаңара түсті.
Алайда, ауданда ұлттық өнердің жанашыры аз ба, әлде басшылардың көзқарасынан ба, Шиелімен салыстырғанда айтыс көп өткізілді дей алмаймыз. 2018 жылы Жаңақорған ауданы мен Манап Көкеновтың 90 жылдығы аясында республикалық ретро айтыс және 2017 жылы Қожакент ауылдық округінің 50 жылдығына арналған аймақтық айтыс өтті. Ал, көрші Шиелі ауданында 2017-2018 жылы өткен бірнеше республикалық айтыстың көрермені болып қайттық. Тіпті, Жүрсін Ерман келіп, айтысты жүргізгеніне сүйсіндік. Әттең, Жаңақорғанда осындай деңгейдегі айтыс өтсе ғой деп тіледік. Бірақ...
  ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2019 жыл – жастар жылы» деп жариялады. Осы жылы жастардың шығармашылығын дамытуға көңіл бөлініп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастар арасында аудандық айтыс ұйымдастырылса құба-құп. Мұның қажеттілігін басшылар дұрыс таразылап, дәстүрлі түрде өткізіп жатса Манап Көкенов пен Әбілқайыр Сыздықовтың жолын жалғар ақындар шығатыны ақиқат. Әрине мұны танып, білу үшін сергек көңіл, асқақ рухпен қатар ұлттық өнерді дамытуға ниет қажет. Оған мән бермеу өз-өзін сыйламаумен тең. Себебі, айтыс – ұлттық кодтың кілті.

Лаура БИБАСАРОВА.


21 наурыз 2019 ж. 1 177 0