№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сыныпта шыңдалған шеберлік

Сыныпта шыңдалған шеберлік


Әлемнің озық елдері біліммен қаруланып, инновацияға иек артып, ғылымды дамыту жолына түсті. Яғни адами капиталдың сапасын арттырып жатыр. Біздің елде де кейінгі жылдары адами капиталды дамыту күн тәртібіне қойылды. Ал оны қалай дамытады? Әрине мектеп жүйесі арқылы. Орта білім беру жүйесінде талапкердің білімін таразылап отыруда пәндік олимпиадалардың орны зор. Жақында Республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңі аяқталды. Одан жаңақорғандық білімпаздар табысты оралды.

Жалпы Республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңіне ауылдық жердегі мектептер ішінде №53, №54, №162, №195, №213 және аудан орталығындағы №3, №51, №56, №110, №163, № 169 мектептің оқушылары қатысып, математика, қазақ және ағылшын тілі, Қазақстан тарихы, құқық, биология, география, информатика пәні бойынша дараланды. Ұстаздар арасында Баян Бимурзаева, Гүлнар Тұрсынбаева, Меруерт Саркулова, Бектұрған Даубалаев, Ержан Алтыбаев, Күнсұлу Жүнісова, Сабира Зейдалиева, Гүлнар Пернебекованың еңбегі жанды.
Сыр өңіріндегі үздік мектептері тәлімгерлерінің ілімін сынаған олимпиадаға 21 жаңақорғандық қатысты. Олардың 9-ы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ауыл мектептері ішінде №195 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Аружан Талғатқызы жүлде алды. Қазақстан тарихы пәнінің білгір шәкірті жайлы төл газетке осыған дейін жазылды. Сондықтан егжей-тегжей толмай-ақ қойсақ.
№3 мектеп-интернаттың 9 сынып оқушысы Марал Мырзахан мен 10 сынып оқушысы Шалқар Әбдімұрсалұлы ауданның абыройын асырды. №51 мектепте 10 сынып оқитын Гүлжазира Оңал екінші орын алды. Құқық пәнінен қатысқан оқушы гимназия мен лицейде білім алатын білімпаздармен бір деңгейде қатысты. Тіпті бірінші орын алуға да мүмкіндігі болды. №56 мектептің 10 сынып оқушысы Акерке Жұмаділлә мен бітіруші түлек Бекжан Әшірбай үшінші орынға лайықты білімін көрсетті. №163 мектепте Қасиет Жаманқұловадан тәлім алатын Шұғыла Сәндібек ағылшын тілін жетік меңгергенін көрсетіп, үштікпен түйіндеді. №169 мектептің биылғы түлектері қазақ және орыс тілі бойынша үздік шықты. Яғни Нұрай Зейнадулла мен Индира Нұрланқызы сапалы білім алғанын дәлелдеді. №169 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Гүлнар Тұрсынбаеваның сөзінше, облыстық олимпиадада екінші орын алу үлкен жетістік. Кей жағдайда республикалық олимпиадаға қатысуы да мүмкін.
– Облыстық деңгейдегі білімділер бәсекесіне төрт оқушымыз қатысып, оның екеуі орын алды. Қуаныштымыз. Оқушының білім деңгейін саралау арқылы орта мектептерде пәндердің оқытылу деңгейін анықтау, талапкер­дің пәндерге деген қызығушылығын арттыру және олимпиадалық резервті қалыптастыру мақсатында өткізілетін олимпиададағы жетістіктер мектеп ұстаздары еңбегінің нәтижесі, – деді №3 мектеп-интернаттың директоры Ләззат Нәлібаева.
Олимпиада десе төрт жылда бір рет өткізілетін спорттық олимпиадалар еске түседі. Атағы мен даңқы, айбыны мен ауқымы деңгейімен шектесе алмаса да, пәндік олимпиаданың маңызы жоғары. Экономиканың негізгі өндіргіш күші ғылымда десек, ғылымның алғашқы қадамы осы пәндік олимпиадалардан бастау алады. Яғни оқушының санасына ізденіс дағдыларын қалыптастырып, ғылымға еркін бойлайтын жастар қосынын қалыптастыратын бағдарламалық бәсеке.
– Ақпараттық ағын интернет арқылы тарауда. Оны басқару мен таратуда комьютер шешуші рөл атқарады. Сондықтан IT мамандарға сұраныс артты. Менің информатика пәнін таңдап, ізденуіме осындай себептер әсер етті. Олимпиадада алған білімімді дәлелдеуге тырыстым. Бірақ бұйырғаны екінші орын. Мақсатыма жету жолында ізденісімді тоқтатпай, кәсіби маман болуға күш саламын, – дейді компьютерді жетік меңгерген Шалқар Әбдімұрсалұлы.
Оқушы жетістігінде ұстаздың еңбегі ерен. Ал олимпиада оқытушының еңбегін саралап, нақты бағалайтын бағдарлама. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Ардақ Рыспанбетованың сөзінен осыны ұқтық.
– Германия мен Францияда «ғылым бәсекесі, Жапония мен Қытайда «зейін бәсекесі» деген атаумен таныс пәндік олимпиадалар оқушының белгілі бір пәнге қызығушылығын арттырып, сол саланы жетік білуінде стимул береді. Қызылорда қаласындағы үздік білім ордасының үздік оқушыларымен бәсекелесіп, өзінің үздік екенін дәлелдейтін жастар бізде көп. Биыл соған көзім жетті, – деді бөлімнің бас маманы.

Нұрлат АЙТЖАН
21 қаңтар 2020 ж. 698 0